Мәдениет

Көкдауыл

Көкдауыл


Таңғалғаным, әлгінің тамақ ішкенінен бастап, жүріс-тұрысы мен жатқан-тұрғаны, қыл аяғы, үргені мен еркелегеніне дейін әкесінен аумай қалған. Мына қызықты қарасаңшы, ит екеш ит те баласына қасқыр аулауды үйретеді екен.

ИТТІҢ ДЕ ЖЫЛАЙТЫНЫ БОЛАДЫ ЕКЕН…

Келер жылы қысқа қарай Көктұйғын тағы күшіктеп, бұл жолы екі еркек, бір ұрғашы – үш күшік әкелді. Бұл кезде Көкдауылды қойып, Көкжалдың да аты атырапқа жайыла бастаған. Мұны естіген Арқаның итқұмарлары сонау Ерейментау, Көкшетаудан, тіпті Торғай жағынан арнайы іздеп келіп, кәдімгідей құда түсетін болды. Барлығы да бәйгеге ат қосып, ит ұстап жүрген, ежелден таныс азаматтар болатын. Әлгілердің біреуі бір құлынды биесін жетектей келіп, Көкжалыма қолқа салды. «Көкдауылымның алғашқы күшігі ғой» деп бергім келмеген, қоймады. Сенесің бе, бақандай үш күн жатып алды ғой, табандап. Ақыры жанымды қоймаған соң, қимасам да бердім. Сондағы Көкдауылдың қиналғанын көрсең ғой…

Осы жерде Төкең бір сәт маған тесіле қарап отырды да:

– Бауырым, сен иттің жылағанын көрдің бе? – деді.

– Жоға, Төке, ондайды көрмеппін – деймін, аң-таң боп.

– Көрмеген болсаң, тыңдай отыр. Көкдауыл бейтаныс салт атты адам әкеткен күшігінің соңынан бір күндік жерге дейін еріп отырыпты. Оны кейінірек сол күшікті әкеткен досым айтады. Ауылға қас қарайғанда оралды. Екі-үш күндей нәр татпай, қыңсылап, әбден мазасы кетті.

Қасына барып басынан, мойнынан сипалап біраз отырдым. Әншейінде маған еркелегенінде, мейірленіп тұратын ойнақы жанары оты сөнгендей боп өлеусіреп, кәдімгідей жасы сорғалап жатыр… О заманда, бұ заман иттің жылағанын кім көрген. Қайран қалдым ғой. Көкдауылдың бір қасиеті, жаны қанша қиналса да, қайсыбір иттерге ұқсап ұлымайтын.

Әңгімесінің осы тұсына келгенде Төкең сүйікті итінің суретін қолына алып, тағы да біразға дейін үнсіз отырып қалды. Төрт аяқты хайуанға осыншама көңілі кеткен сері ағаның ойын мен де бөлмедім.

Әлден уақытта барып:

– Көкдауылдың өзге иттерде бола бермейтін, қалай десем екен, общым, бір жаман әдеті болды, – деді әлдене есіне түскендей.

– Ол нендей әдет? – деп мен де елең ете қалдым.

– Қанында бар ма, кім білсін. Ол өзі жүріп-жүріп көктем мезгілінде қызылсырайтыны бар. Күндердің бір күнінде, өрісте жүрсе де, үйдің маңында болсын, аяқ астынан жын қаққандай қойға шабады.

– Қойға шапқаны несі? Сонда қалай, өзі бағып жүрген малына өзі шаба ма? – деймін қайран қалып.

– Иә, шапқанда кәдімгі қасқырлар секілді, қас пен көздің арасында бірінен соң бірін, төрт-бес қойды тамақтап тастайтын. Бірақ, жемейтін. Жарықтықтың осы мінезін осы күнге дейін өзім де түсінбей-ақ қойдым. Бұл Көкдауыл үшін жылына бір мәрте, тек көктем кезінде міндетті түрде қайталанып тұратын, жазылмаған заң секілді болатын. Мен де оған үйреніп алғам. Қойларым арам өліп қалмай тұрғандарында, шапшаңдатып бауыздап, сойып ала қоятынмын.
Бір өкінетінім, әкесіне тартпай қалғыр әлгі Көкжал да дәл осылай қойға шаппай ма бір күндері. Бұрын-соңды ондай сұмдықты көрмеген қожайыны сасқалақтап қалғаны соншалық, мылтығын жұлып ап, сол жерде атып тастапты, ақымақ… Артынан қатты өкінген көрінеді.

– Мен оны құтырып кеткен шығар! – деп ойладым, – дейді өзі.

Негізі, кінә менен болды. Мен досыма ескертіп айтуым керек еді. Бірақ ол кезде Көкжал бар болғаны бір жарым жасар күшік болатын да, сосын, бұрын-соңды ондай оғаш мінезін көрсетпеген. «Әкесінің жағымсыз әдеттерін айнымай қайталар» деп кім ойлаған. Кейін күшік алғандардың барлығына бұл жағдайды ескертіп айтатын болдым.

АҚТЫҚ АЙҚАС

Байқағаным, Төкең аты аңызға айналған Көкдауылы жайында таңды-таңға ұрып әңгімелей беруге бар екен. Әңгімесі сондай нанымды, тыңдап отырып Төкеңмен бірге аң аулап, тау-тас кезіп, қасқыр соғып жүргендей әсер аласың.

Дәрігерлер: «Жағдайыңыз жақсы боп қапты, ертең, бұйыртса шығарамыз» деген күні кешкілік Төкеңнен Көкдауылдың қалай өлгені жайында сұрадым.
Бірден «елп» ете қалмады. Біразға дейін «тырс» етпей, әлдебір ойдың жетегінде отырып-отырып, сосын тумбочкасынан керек-жарағын алып, шылым шегуге шығып кетті. Әншейінде шылым шеккенге көп айналмайтын ағамыз бұл жолы біраз күттірді…

– Сол жылы біздің өңірдің қары өрескел қалың болды, – деп бастады Төкең әңгімесін. – Ұсақ-түйек түлкі-қоянды айтпағанда, еліктердің өзі қалың қарға малтығып, қарға адым жер жүре алмай қалатын. Қар түспей тұрып, қазан айының орта тұсында-ау деймін, Көкдауыл екі күндей жоғалып кетті.

«Е, қайда кетер дейсің, келер?» деп қойғам. Үшінші күн дегенде таңертең далаға шықсам, шөптің қуысына кеп жатыпты. Шақырғаныма келе қоймағасын, барсам, қатты жараланып келген екен. Бет-ауыздан сау тамтық жоқ. Көзі-басы күмпиіп ісіп кеткен. Оң жамбасынан тиген үш тырнақтың ізіне қарап, «аюға жолығып қалған-ау, шамасы» деп топшыладым. Жарасы ырсиып тұр екен. Содан біразға дейін сол жерден шықпай, өз жарасын өзі жалап жатып алды. Үйге де кіргізбек болып едім, құлқы болмады. Екі аптадан асқанда барып ақырын-ақырын жүре бастаған. Жараланған жамбасы қатты зақымданған болса керек, қарақотырланып жазыла бастаса да, көпке дейін ауырсынып, ақсап жүрді. Күшігінен асыраған итімнің мұндай күйге душар болғаны менің де жүрегімді ауыртты, әрине.

Осылайша, күндегі күйбең тірлікпен күндер зымырап өтіп жатты. Желтоқсан туғаннан қар басып тастады. Бұл Көкдауылдың тоғызыншы қар басуы болатын…

…Бірде түс әлетінде қорадағы ірі қара малдың астын тазалап жүр едім, есік алдындағы қашарда жүрген мал дүр етіп үрікті. Селк ете қалдым. Сөйткенше болған жоқ, Көкдауылдың үрген дауысы естілді. Далаға шыға бере байқағаным, қораның желке тұсындағы тік қабақтан төрт бөрі төніп тұр екен.
Пәтшағарлардың қайдан келгенін кім білсін, бұрын-соңды кездестірмегем, өздері тіпті ірі. Қолымдағы бар қаруымның күрек қана екенін көріп-байқап тұр ғой, қорқатын емес атаңа нәлеттер.

Менің қателігім – үйден мылтығымды алып, атымды ерттеп алмай тұрып, итті айтақтап жіберуім болды. Көкдауылдың аты аталғанда, әлгі төртеуі тым-тырақай қашпаса да, жондарын күжірейтіп, алыстан болса да айбат шегіп, қабақтың ар жағына кетуге ыңғайлана бастаған. Қасында былтыр қыста туған бір күшігі бар Көкдауыл бірден соңдарына түсті…

…Мылтығымды алып, атыма міне шапқанымша, үш-төрт бел асып кеткен екен. Астымдағы бәйге жирен қалың қарға малтығып, жүрісі мандымай-ақ қойғаны. Осы кезде алдымдағы кезеңнен әуелі Көкдауылдың күшігі, соңынан азуларын ақситып ап өкшелей қуып келе жатқан екі бөрі көрінді. Жыртқыштар мені көрген бойда жалт бұрылып, қайта кезең асты. Кезеңнің ар жағы еңкейіп барып көсіліп кететін жазықтау қазаншұңқыр болатын. Еңіс бітіп, жазық басталар тұсқа таяп келгенде байқағаным, көз көрер жерде ұмар-жұмар айқас боп жатыр екен…

Кеш қалғанымды бірден түсіндім. Мен жеткенше, бес арлан жабылып, итімнің ішек-қарнын ақтарып тастаған екен. Манағы төрт бөріге тағы да үшеуі қосылыпты. Шамасы, Көкдауыл әдетінше қасқырларға таяп барғанда, алғашқы төртеуі жалт бұрылып, тап берсе керек. Осы кезде кейін шегіне қашпақ болған итімді оң қапталдан шыға келген үш көкжал тарпа бас салғанға ұқсайды. Талай тартыс пен айқасты көрген Көкдауылым олардан да бірдеңе қып сытылып, құтылып кетер ме еді. «Соңғы алған ауыр жарақаты мен қардың шамадан тыс қалыңдығы өз дегенін істеп баққан-ау!» деп ойлаймын. Оның үстіне, тоғыз жас дегеніңіз ит баласына әжептәуір жас боп саналады. Жыртқыштар әуелі итімнің шабын жарып жіберіп барып, құлағынан бастап, бас терісін жалбырата жыртып, аяқтарына дейін шайнап тастапты.

Осылайша, бір айлық күшік күнінде сонау Ұлытаудан келіп, көп жылдар өзін осы төңіректің қожасы санап келген Көкдауылдың дәуірі аяқталды, – деп қолына тағы да итінің суретін алаған Төкеңнің жүзіне қарасам, жанары жасаурап кеткен екен…

P.S. Иә, ит болса да өмірінің соңына дейін иесіне деген адалдығынан танбай кеткен Көкдауыл жайында әңгімені естігеніме де биыл он алты жыл болған екен.

Ит жылы кеп жатқанда, осы бір естелік-әңгіме еріксіз ойға оралған…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Мәдениет

Көкдауыл

Көкдауыл


Мұны естіген нағашым: – Бұған да айтып үлгергенбісің? – дегендей, мен жаққа ожырайып бір қарап қойды. Ақыры, жиенінің көңілін қалдырғысы келмеді ме, әлде бірер жүз грамның құдіреті ме, сәлден кейін көңілі шалқып отырып: «Жарайды жиенжан, сенен аяғанды ит жесін, ертең жол жүреріңде төрт күшіктің бірін таңдап ал, «деп рұқсатын берді.» Анау қасқасын аласың-ау деймін деп, өз ойын және қосып қойды.

КӨКЕМ БЕРГЕН КӨК КҮШІК

Ой, сондағы қуанғанымды көрсең ғой, бауырым. Орнымнан ұшып түрегеп нағашымды да, жеңгемді де бас салып құшақтап, беттерінен сүйіп-сүйіп алдым.
Сөйтіп жүріп таңдап алған Көкдауылым тура тоғыз жыл жансерігім болды. Жанымнан екі елі қалмайтын. Сөйлейтін тілі болмады демесең, кәдімгідей айтқаныңның бәрін ұғатын. Мен ішкен асты ішті, құрметті меймандарыммен бірге төрімде отырды. Балам секілді қасымда жатты, жарықтық. Белгілі бір себептерге байланысты болмаса, не қыста, не жаз айында бір күн далаға түнеткен емеспін. Талай-талай қауіп-қатерден де құтқарған кездері болды ғой… – деп есіліп отырған сері көкем, әңгімесінің осы тұсына келгенде дауысы дірілдеп, көңілі босап кетті…

Әңгіменің қызығымен отырып, кешкі астың уақыты боп қалғанын да байқамай қаппыз. Кешігіп шығып, ерте батып кететін қыстың қысқа күні әлдеқашан ұясына қонып, далада ымырт та үйіріле бастапты…

Кешкі астан кейін үзілген әңгімесін жалғамас бұрын Төкең құжаттарының арасынан целлофанға салып мұқият орап қойған бір суретті көрсетті. Әлгі суретті көрдім де, қайран қалдым…

– Ойпырм-ай, ә! – деймін іштей. Әлдебір жақсы көретін адамының суретін жанқалтасына салып жүретін жандарды талай көрген едім. Ал енді, итінің суретін осыншама әспеттеп, қойнына сап алған адамды көруім бірінші рет. Кім түсірсе де, өте бір сәтті шыққан сурет екен. Оң қолтығына бөстек салып, шынтағына жамбастай қисайған қожайынының ар жағында көлденеңінен көсіліп тайыншадай көк ит жатыр. Керегеде бір-екі қасқыр-түлкінің терісі мен Төкеңнің әйгілі, алтын шүріппелі мылтығы ілулі тұр.

Қалай де, олай де, бұл өзі санасы бар адамға ой салатын-ақ дүние екен. Құдды бір адамдар арасында жыл өткен сайын қадірі қашып, құны жоғалып, сенім атаулыдан жұрдай боп бара жатқан достық атты қасиетті ұғымның «Ит пен адам арасындағы символы» іспетті. Әбден байыптап көріп алсын деді ме, Төкең біразға дейін үнсіз қалды. Сосын суретті қолына алып жатып:

– Менің Көкдауылым осы! – деді әлдебір мақтанышпен. Үнінде мақтаныш қана емес, өкініш те бар секілді.

– Ой, көке, Көкдауылыңыз ел айтса, айтқандай – иттің төресі екен! – дедім мен де таңданысымды жасырмай, суретті қайта алып қарап отырып.

– Өзі де талай қандыауыздың түбіне жетіп еді, ақыры ажалы солардан болды, – деп әңгімесін жалғаған ағамыз, көзінің тірісінде сенімді серігі болған Көкдауылдың суретін тумбочканың үстіндегі радиоқабылдағышқа сүйеп қойды. Ендігі әңгімені ара-арасында сол суретке қарап отырып айтпақ секілді.

– Жарықтық, көз ұшынан көрінген бір үйір қасқырды қуып кеп бергенде, ұшқаннан ұшып отырып барып, соңғы қасқырдың құйрығын тістеуге шақ қалатын. Ондайда атың қанша жүйрік болса да, кейде бір-екі бел артта қалып қоясың. Соңдарынан екі елі қалмай қойған «мына бір қызылкөз пәледен қайткенде құтыламыз?» – деп айласы құрып келе жатқан бөрілер, енді бір мезетте тоқтай қап, иттің өзіне тап бермей ме. Міне, осы кезде Көкдауыл да жалт бұрылып, кері қашқан сыңай танытады. Бірақ ұзап кетпей, шамалы ғана, белгілі бір қашықтықты ұстай қашатын. Ондағысы қандауыздардың «әне-міне ұстап, жарып тастаймын» деген үмітін үзбеу. Осы тәсілмен енді әлгіндегі келген бағытқа кері қарай бет түзейді…

…Бұл өзі сырттай бақылаған адамға қызық көрініс. Бір сәт – жалғыз ит бір үйір қасқырды қуып бара жатса, енді бір кезде – әлгі үйір қасқыр тістерін ақситып, көздері қанталап итті қуып келе жатады. Бірақ қызықтың көкесі әлі алда, бауырым, – дейді әңгіменің қызығына әбден еніп алған ағамыз.

БІР ҚЫСТА ЕЛУ ЕКІ ҚАСҚЫР СОҚҚАН…

Жалпы, Төкеңнің әңгіме айтқаны да қызық. Бейне бір айтып отырған әңгімесі дәл осы қазір болып жатқандай, бір алақанының сыртымен екінші алақанын сарт еткізіп ұрып қап, біресе орнынан тұрып кетіп, тіпті қызбаланып алғанда онсыз да баяу дауысы даурығыңқырай шығып, айналасын ұмытып кетеді екен. Ара-арасында орысша-қазақша боқтық сөздермен тұздықтап қоятыны да бар. Онысы өзіне жарасып та тұратын секілді.

– Содан, өйтіп-бүйткенше қыр астынан мен де шыға келмеймін бе. Өздеріне қарсы шауып келе жатқан атты адамды байқап қалған бөрілер, енді амалсыздан жалт бұрылмақ болады. Міне, осы сәтте Көкдауыл да жалма-жан, көз ілеспес шапшаң қимылдап, соңғы бөрінің тамағынан немесе шабынан ала түседі. Олар ұмар-жұмар боп жатқанда мен жетемін, баяғы… Ар жағы белгілі, шоқпар бар, одан қалса мылтық бар дегендей…

Мен жеткенше талай көкжалдың ішек-қарнын ақтарып тастағанын өз көзіммен көрдім. Осылайша бір күнде төрт-бес бөріні қанжығамызға бөктерген күндеріміз де болған. Бір жолы бөлтірік-арланы аралас он екі бөріден тұратын үйірдің соңына түсіп, қас қарайғанға дейін бесеуін соғып алғанымыз бар… Басқа аймақтарды білмеймін, сол жылы Арқа өңірінде қасқыр сұмдық көп болды. Қайдан келетіні тағы белгісіз. Жаз айларында жым-жылас жоғалып кетеді де, қар түсе салысымен үйір-үйірімен малға шауып, елді қан қақсатады, атаңа нәлеттер. Сол жылы сонау қара күзден бастап қар кеткенге дейін, саған өтірік, маған шын бас-аяғы 52 қасқыр соқтық.

Міне, бауырым, ел айтып жүрген Көкдауылдың түз тағыларын аулау әдісі осындай болатын, – деп тізгінін тартқан ағам, қалған әңгімені ертең айтып беруге уәде етті…

…Аурухананың ішкі тәртібі бойынша уақытында жата қалғанымызбен бірден ұйықтап кете алмадым. Көпке дейін көз алдыма ақ қар, көк мұзда бір үйір қасқырмен жалғыз өзі айқасып, шайқасып жүрген тайыншадай көк ит елестеп тұрып алды…

Иә, өмір қай кезде де – айқас, қай кезде де – күрес…

Аурухана кестесіндегі ала таңнан басталатын ине салу процедурасы, жуынып-шайыну, таңғы ас, түске дейінгі дәрігерлердің сырқаттарды тексеруі, ем-дом қабылдау тағы басқа тынымсыз тіршілік әңгіме айтып отыруға мүмкіндік бере бермейтіні белгілі емес пе. Түс ауа өзге жұрттың мазасын алмай бірер сағат тынығуың керек. Одан соң келімді-кетімді кісілер бар дегендей. Негізгі әңгіме кешкі уақыттың еншісінде.

– Мен Көкдауылдан алты жылдай күшік алдым, – деп бастады Төкең кезекті әңгімесін.

– Солай ма, олар қайда? – деппін, таңданысымды жасыра алмай.

– Ер адамның әйел затын іздейтіні секілді табиғат заңдылықтары бүкіл тіршілік атаулыға ортақ емес пе. Бірде, екі жасқа қараған шағында, қасымнан екі елі қалмайтын итім жоғалып кетсін. Тау-тасты кезіп тентіреп, іздемеген жерім жоқ. Уайымдап, үмтім де үзіле бастаған…

Ақыры, үшінші күн дегенде төменгі ауылдың бір малшысы жолығып қап: – Ауылда бір көк ит пайда болыпты. Ерденбектің қаншығына келген ит біткеннің түгін қоймай талап, ауылды қан сасытып жіберді. Тіпті бірін тамақтап, енді біріннің шабын жарып өлтіріп те тастапты. Ауылдың жігіттері «Бүйте берсе, ол немені ату керек» – деп, желпініп отырған көрінеді, – деген әңгіме айтты. Есім шыққаны соншалық, атыма жайдақ міне сап ауылға бардым. Барсам, Көкдауылым жүр, әлгі қаншықтың соңында, салпаңдап. Бет-ауызы жара-жара, саталақ-саталақ, жүні үрпиіп, көзі шүңірейіп жүдеп кеткен. Абырой болғанда, әлгі ит атқыштар мылтықтарын қолдарына ала қоймапты.

Содан, «Қой, бүйте берсе, бір күні итімнен айырылып қалады екенмін», дедім де, Екібастұздың базарынан қарақұлақтанып қалған бір дүрегейдің ұрғашы күшігін сатып әкеп, атын Көктұйғын деп атадым. Ертеңгі күні күшіктері де ала-құла боп кетпесін деген оймен түсінің де көкшілдеуін таңдағам…
Тағатсыздана күтіп жүрдім. Ақыры, араға бір жарым жыл салғанда барып, Көктұйғыным күшіктеді. «Төрт-бес күшік таба ма» – деп жүр едім. Мен күткендей көп болмады. Бар болғаны екі-ақ күшік тапты. Екеуі де еркек күшік еді. Не болғанын түсінбедім, әлде ауырды ма, болмаса өзі әлсіз болды ма, бір күшігі көп ұзамай өліп қалды. Жалқы күшік енесін бір өзі емін-еркін еміп, әкесімен алысып-жұлысып жүріп дәу боп өсті. Көкжал деп атаған едім, айтса-айтқандай нағыз көкжалдың өзі болды.

Серік Құсанбаев
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Мәдениет

Көкдауыл

Көкдауыл


(Жалғасы. Басы газеттің өткен санында)
Содан да болар, ол мылтық күндіз-түні тіпті жыл он екі ай Төкеңнің иығынан түспейді десе болады. Оны алып қоюға да ешкімнің қақысы жоқ.
Қақысы жоқ емес-ау, дәті бармайды. Сондықтан да болар, жергілікті сақшылар да Төкеңнің төбесі көрінген жерден қашқақтап, қашықтау жүреді. Пәлесінен аулақ дейтін болулары керек…

АЛТЫНШЫ ПАЛАТАДАҒЫ АЛТЫ КҮН

Әлі есімде, 2002-нің қаңтары. Дәрігерлердің кеңесімен аяғымның қан тамырларына операция жасату үшін Павлодардың облыстық ауруханасына түстім. Операция сәтті өтті. Енді, тағы бір аптадай дәрігерлердің бақылауында болуым керек. Екі кісілік палатада неше күннен бері әңгімелесетін адам болмай, ішім пысып, жалғызсырап жатқам. Күн дүйсенбі болатын. Сәскенің кезінде палатаға еңгезердей бір жігіт ағасын ертіп әкелген медбике қыз, бос кереуетті нұсқап: «Ағасы, мына төсекке жайғаса беріңіз. Соңыра таман дәрігер өзі келіп қарайды», – деп шығып кетті.

Бейтаныс адам екеуіміз амандасып, жөн сұрасып дегендей, танысып жатырмыз.

– Төленді деген ағаң болам! – деп қолын ұсынды. Күректей алақаны қарулы екен. Өн бойында артық еті жоқ, бірыңғай сіңірлі, қайыстай қатқан қараның нақ өзі.

Өз сөзін өзіне қайталап: – Серік деген ініңіз болам! – деп есімімді айтып едім, бетіме сәл тесіле қарап тұрып:

– Әй, тоқтай тұр, тоқтай тұр. Сен осы.., ақын жігіт емеспісің..? Кәдімгі өзіміздің, әлгі, солақай ақын..?

– Оу, ағасы жазбай таныдыңыз, дәл сол, солақай ініңізбін, – дедім әзілге бұрып.

– Ой, Алла-ай, ә! Мұндай да кездесу болады екен-ау.!?- деп таңданысын жасыра алмаған ағамыз, қолымды қайтадан алып, бас салып бауырына басты.
Төкең – көздері отты, дауысы зор, әңгімешіл адам екен. Әңгімесінің дені ит-құс пен жан-жануарға, жүйрік атқа жақын боп шықты. Осы кезде барып маған, «Баяғыда Баршынбай досым жыр ғып айтатын Төленді осы кісі емес пе екен?» – деген ой келе бастады. Жорамалым алдамапты. Дәп соның өзі, жерлестері «Тау тағысы» атап кеткен, сол Төленді екен.

Ауруханада бірге жатқан алты күнде бұрын-соңды естімеген, ешқайдан оқымаған небір әңгімелер айтылды. Төкең жайында менің білетінім, медальдің бір жағы ғана екен. Осы күнге дейін басынан кешкен қайсыбір шым-шытырық оқиғаларын тыңдай отырып, «-Апыр-ай, осы кісі аздап өтірік айтып отырған жоқ па?» – деген дүдәмал ойға да келгенім рас. Бірақ аса бір мақтангершілікті жаны сүймейтін ағамыздың сөздері де нық, айтқан әңгімелері де сондай нанымды. Баяғыдан ел аузында жүретін алтын шүріппелі мылтық та, Махмұт молла мен бағананың басындағы электрик-монтердің әңгімесі де ешқандай алып-қоспасыз, болған жайттар екен.

Сөздің бір реті келгенде: – Төке, сіздің Көкдауыл деген итіңіз болыпты ғой, сол рас па, қазір бар ма, өзі? – деп сұрағам.

Өткен күндердің қызығы мен шыжығы ойына оралды ма болмаса басқа ма, ағамыз көңіл күнделігіне көз жүгірткендей біраз ойланып, отырып қалды.
Едәуір уақыттан кейін барып: – Көкдауылдың аты хайуан демесең, ақылы адамнан кем емес еді, – деді терезеден сыртқа көз тастап.

Дәл осы кезде далада қапалақтап қар жауып тұрған. Соны қызықтағандай боп бір сәтке «тырс» етпей, үнсіз қалған ағам, сәлден соң барып:

– Мен Көкдауылды Ұлытау өңірінде ұзақ жылдар мал баққан нағашымнан аттай қалап алып едім. Алдында, ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салатын жігіттерден «Ұлытау жағында қасқырдан-қасқыр қоймайтын бір қырғын иттің тұқымы бар екен» дегенді естігем. Бірақ арнайы баруға жолым түспей жүретін. Содан бір жылы, дәл осындай қыс мезгілінде Балқашқа баратын боп, қайтар жолда бірер күн қонақтап нағашыма соқтым, – деп әңгімесінің тиегін ағытты.

ҰЛЫТАУДАН БҰЙЫРҒАН ОЛЖА

– Орталықтан шалғай, тау қойнауындағы малшы қыстағында тірлік кешіп жатқан нағашым мен жеңгем көптен көрмеген жиендерін сағынып қалса керек, әйтеуір мәре-сәре боп, «көрші отырған малшыларды шақырамыз, мал соямыз» десіп естері қалмай қуанып жүр. Дастарқан басында да қайта-қайта амандық-саулықты сұрасып, қыстың жайы мен мал-жанды, әне-мінені әңгімелеп отырдық. Біраздан соң сөзден-сөз шығып, әңгіме ит тақырыбына ойысты. Сөйтсем, ерлігін елден естіп, сырттандығына сырттай тамсанып жүретін иттің тұқымы өзімнің нағашымдікі боп шықсын. «Қорыққан мен қуанған бір» демей ме, сенер-сенбесімді білмеймін. Ендігі жердегі бар ойым, әлгі иттерді бір көру болды да отырды. Соны сезді ме, тамақтан соң сыртқа шықтық.

Бойында ащы су мен қуырдақтың қызуы бар, маңдайынан буы бұрқырап тұрған нағашым езуіндегі шылымын тұтатып жатып: «Ұялас, Ұялас!» – деп айғай салды. Сол ақ екен, осы қазір тыныштықтың құшағында маужырап тұрған қыстау жау шапқандай ию-қию, азан-қазан болды да кетті. Қыстақтың әр жер, әр жерінен бірі шөптің үстінен, енді бірі арбаның астынан арсылдай өре-өре түрегелген тайыншадай-тайыншадай төрт төбет арсалаңдаған бойда қожайындарына жүгіре жетті. Дауыстары да тау көшіргендей зор-ақ екен. Жайшылықта әне-мінеден сескене бермейтін басым, кәдімгідей тіксініп қалдым. Қожайыны «Айтақ!» – десе болғаны, кімді болсын жарып тастағалы тұр.

Мана келген бетте көп мән бермеппін. Аттары аңызға айналған сырттандарға енді зер салып қарай бастадым. Бірден байқағаным, біреу өздерін әдейілеп бояп қойғандай, төртеуінің түсі де бір-бірінен аумай қалған, көкшулан екен. Аса жүндес те, тақыр да емес. Тұқымын нақ басып айту қиын. Бірыңғай қазақы төбетке келіңкіремейді. Мойны мен аяқтары ұзын әрі жуан. Дене бітімдері кесек. Кеуделері кең, апайтөс. Осыған қарап, шамасы тазы мен дүрегейдің шатасы ма деп топшыладым. Негізі, дүрегей иттер жеме-жем төбелеске оңайшылықпен алдыра қоймайтын, төзімді әрі қайтпас мықты келеді ғой. Ал мыналарда тазының да белгілері байқалады. Яғни, қашса құтылып, қуса ешнәрсені жібермейтін жүйріктігі де бар деген сөз.

– Мен иттеріме қайсыбіреулер құсап пәлен-түген деп ат қоймаймын. Қандай жағдайда болмасын, аң қуып, мал қайырсаң да, тамақ берсең де, бәріне ортақ «Ұялас!» – десем жетіп жатыр, – дейді нағашым, алдыңғы аяқтарын кеудесіне қойып, қожасына еркелеп тұрған дәу көк иттің мойын жүндерін уқалап тұрып. Осы сәтте менің көзіме жал жүндері толық жетіле қоймаған, кәдімгі арыстанның екі-үш жасар күшігі елестеп кетті.

– Мынау әкелері, бұйыртса, биыл жетіге шығады. Шешелері анау қорада, күшіктерімен жатыр. Осыдан бір ай бұрын күшіктеген. Ал мына үшеуі осылардың былтырғы күшіктері, биыл екінші қар басулары. Жылына бір-ақ рет күшіктейді. Онда да көп емес, ары кетсе үш, төрт күшік ғана. Соның өзін алыс-жақындағы малшылар мен басқа да итқұмарлар маза бермей, кезек-кезек тапсырыс беріп жүріп, малға айырбастап әкетеді. Мыналардың да ен салған иелері бар, осы көктемде әкетеді…

Осы кезде мен жұлып алғандай: – Биыл қанша күшік тапты, мен де бірін алсам..? – дедім, қорадағы күшіктерді қазір кеп біреулер алып кететіндей, тықыршып.

– Ойбу-у, Төленжан! Сен кеш қалдың. Биылғы төрт күшіктің төртеуіне де ен салынып, қожайындары белгіленіп қойған. «Уәде – Құдай сөзі» – деген. Ұят болады. Келер жылғысынан болмаса, – деді нағашым, амалы құрығандай қынжылыс танытып.

– Қап, әттеген-ай, ә! – деп, сәл ойланып қалған мен, «Не де болса, бір тәуекелге бел байлауым керек!» – деп сол жерде, бірден шұғыл шешім қабылдадым да:

– Ой, айналып қана кетейін алтын анашымның інісі, менің жер-дүниеде теңдесі жоқ көкетайым! Мен осы жолы бір күшікті ұрласам да, Баянға алып кетуім керек. Келер жылға дейін кім бар, кім жоқ..? Тапсырыс берген жандарға «Төрт күшік тапты» деп хабарлап қоймасаңыз болды емес пе? «Биыл үш-ақ күшік тапты» деңіз болды, – деп бірақ кестім, нағашымды әрі өзімсініп, бір жағы жалынғандай.

Қанша дегенмен, туған әпекесінің ұлы емеспін бе, нағашым бұл қолқама «қолқ» ете қалмаса да, сәл де болса ойланып қалғандай көрінді маған. Бірақ тіс жарып ештеңе деместен қора жаққа бет алды. Шамасы мал жайғамақ.

Бұл кезде мен үйге кіріп, нағашыммен арадағы әңгімені жеңгемнің де құлағына қыстыра қойдым. Кешкілік дастарқанға үйме табақ етті қойып, шалының қолына бір көкмойынды ұстатып жатқан жеңешем:

– Отағасы, Төленжан Ұлытауға жылда келіп жатқан жоқ. Оның үстіне, сұрап отырғаны да ат емес, атан емес, қайдағы бір иттің күшігі… Жиеніңнің көңілін қалдырмассың, – деді жайлап қана.

Серік Құсанбаев
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Мәдениет

Көкдауыл

Көкдауыл


Арқа өңіріндегі аңқұмар, саятшыл азаматтар арасында қолдарындағы жүйрік жылқы, ұшқыр тазы тұқымдарының «буынын алмастырып, жаңалап отыру» деген жазылмаған дәстүр қалыптасқан.

«ТАУ ТАҒЫСЫ» АТАНҒАН ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ

Айталық, «Қарқаралы немесе Баянауылдағы пәленшекеңнің қасқыр алатын асыл тұқымды иті бар екен» дегенді естіген Ереймен өлкесінің атқұмар, итқұмар серісі, орайы келген күні жер шалғайлығына қарамастан, ерінбей-жалықпай әлгі иттің тұқымын алуға барады. Әрине, құр қол бармасы белгілі. Бұл жердегі назар аудартатын бір дүние – ақшаға сатып алу деген ұғым жоқ. Тек қана айырбас. Не күшікке-күшік немесе құлынға-құлын, т.с.с.

Сосын, кім көрінгеннің итіне, болмаса атағы шықпаған атына құда түсе беретін айырбасшылар да ақымақ емес. Олар алатын итінің де, жылқысының да, былайша айтқанда, жеті атасына дейін зерттеп, зерделеп барып алады. Ондай ит-құс айырбастайтын әдетіміз болмаса да, соған жақын жүретін азаматтардың ауызекі әңгімелерінен атақ-даңқы арқа өңіріне кеңінен тараған нағыз бөрібасардың бірі – Төлендінің Көкдауылы дегенді естіп қап жүретінбіз.
Бұл аңыз дегенді қойсайшы. Рас-өтірігін кім білсін, әлгі Көкдауыл жайында әңгімелердің дені «ойбай-ау, ол дегенің бір қыста елуге дейін қасқырды ойнап жүріп алады екен», «тіпті сол өңірдегі қасқыр атаулы Көкдауылды күндік жерден сезіп, ол жүрген жерге мүлдем жоламайтын көрінеді», «оның қасқыр алуда өзіндік айла-тәсілдері бар екен» деп келетін. Адам баласы емеспіз бе, «иті мұндай болғанда, иесі қандай екен?» деген қызығушылықтың болғаны да жасырын емес.

Сондай аңыз әңгімелердің бірін баянауылдық досым, жарықтық Баршынбайдың аузынан естігенім бар-ды. Бірде ауданда тұратын Махмұт деген молда жігіт әлдебір шаруаларымен Төкеңнің ауылына бара қалмай ма. Ауыл дегенде, Төлен ағамыз ел қатарлы, бәріміз көріп-біліп жүрген кәдімгі ауылда тұрмайтын көрінеді. Оның жыл он екі айғы мекені адам аяғы баса бермейтін тау мен тастың, қалың қарағайлы жыныстың арасына орналасқан, қора-қопсысы мен моншасы, іргесінде сыңғырлай ағып жатқан күміс бұлағы бар қыстақ екен. Таза қарағайдан салынған төрт бөлмелі еңселі үйде тұратын, түр-тұрпаты да елден ерекше жаратылған, алпамсадай азамат ұзақ жылдан бері сол жерде орманшы ма тегі, әйтеуір, елден жырақта атын баптап, мылтығын оқтап дегендей, жалғыздан-жалғыз күн кешетін көрінеді. Қысқаша айтсақ, сол жердің орманы мен тоғайының, тұмса табиғаты мен сондағы жан-жануарлардың қожайыны. Жастайынан жапанда, жабайылау боп өскендікі ме, кейіпкеріміздің мінезі де қалыпқа сия бермейтін шатақтау болса керек. Оның мінезін білетіндер ол жерге бейсауат баруға жүрексінетін көрінеді.

Содан қойшы, көптен бері сөйлесерге кісі таппай, іші пысып жүрген Төкең екі кештің арасында құдай айдап кеп қалған құтты қонағын құшақ жая қарсы алып, «асығыс едім» дегеніне қарамастан, дереу қазақы жолмен қазан көтеріпті. Күндегі әдеті сол ма, болмаса әлдене себеп болған ба, өзі біраз қызыңқырап алса керек. Ас қамымен үйге кіріп-шыға жүріп, мейманына салдырлай сөйлеп, ара-арасында ыңылдап, әлдебір ескі әннің әуенін айтып қояды дейді…

Арқардың еті мен семіз соғымның сүрісін араластыра асқан, буы бұрқыраған дәу табақты төрдегі жер үстелдің дастарқанына тартқан үй иесі мұнымен де тоқтамай, дереу бір жартылықтың мойнын бұрап жіберіп, екі қырлы стақанға толтыра-толтыра арақ құя бастапты.

«БҮГІНГІ ТҮН ТАМАША, АСЫҚПА СЕН ҮЙГЕ…»

Мұны көрген молда жігіт:

– Астапыралла, Төке! Мен дін жолында жүрген адаммын ғой, – деп азар да-безер болады.

Оны тыңдайтын Төкең бе: – Әй, жігітім! «Жаман үйдің қонағы билейді» деген. Сен не, мені билеп-төстегің кеп отыр ма? Болмаса менің адал көңілмен ұсынған дәмім арам ба? Давай, сөзді қой, осыдан менімен ішпесең, Көкдауыл ренжиді, – депті әзіл-шыны белгісіз.

Осы кезде, қай уақытта кеп жайғасып алғаны белгісіз, Махмұттың ту сыртындағы текеметте көлденеңдей жатқан таудай көк ит қожайынының сөзін қоштағандай, тісін ақситып, жуан дауысымен гүр-р етіп ырылдап қойыпты. Иен даладағы иен үйде тұтқынға түскендей дәрменсіз әрі пүшәйман күй кешкен молда жігіт, амал жоқ, Алла тағаладан кешірім сұрай-сұрай, әлгі «бұйырған несібесін» жартылай болса да ішеді…

Бірақ мұнымен тоқтай қалатын Төкең бе, біраздан соң қырлы стақанды тағы да толтыра құйып:

– Әй, бауырым! – дейді гүжілдеген зор дауысымен. – Мынау өзі бір тамаша күн болды ғой. Әйтеуір дәм айдап кеп қалған екенсің. Сен енді асықпай, жаман ағаңның төрінде аунап-қунап бірер күн жат. Кел, осы тосты менің досым, қазақ халқының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулығы үшін (тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болса керек) көтеріп қояйық, ә? – депті қонағына ұсыныс жасап.

Негізі, бір қараған адамға Төкеңнің түсі суық, тіке қараған көздері кімнің болсын өңменінен өткендей өткір болса керек. Әбден сасқан молда:

– Үйбай-ау, Төке! Сіз мені әбден күнәға батырдыңыз ғой. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалайсәллам мұсылман баласына… – деп арақтың харамдығын айта бастаған екен. Төлеген артына қарап:

– Әй, Көкдауыл! Мына қонақ өзі бір қызық адам екен. Елбасының денсаулығы үшін ішпеймін деп отыр, – деп гүж ете қалса, көк ит тағы да гүр-р етіп ырылдапты.

Бұл жолы тіпті төбесіне төніп алғандай ма, молда жігіт тап көк желкесінен көк иттің демін сезгендей, төбе құйқасы шымырлап кетеді. Содан, амал жоқ, көнбейін десе «Бұйрық қатты, жан тәтті» деген, Махмұт молда үй иелерінің айтқанынан аса алмай, бұл отырыс таң атқанға дейін жалғасады. Бұл уақытта қаншама жан тебірентер тілектер айтылып, сырлар шертіледі, небір әңгіменің тиегі ағытылып, нелер сыршыл әндер айтылады…

…Ертесінде сәскеге таяу жоқ іздей келгендер молда жігітті ұйықтап жатқан жерінен әзер оятып, түс ауа мәшинеге сап алып қайтқан көрінеді. Абырой болғанда, (итін ертіп ап, жер шолып кетсе керек) үйде Төлен де, Көкдауыл да жоқ екен дейді.

Қайсыбір жылдары елдің жағдайы нашарлап, ауылдағы жұрт электр энергиясының қарызын төлей алмайтын күйге жетеді. Ауданнан келген тексерушілер «электр желісін ажыратамыз!» деп, ауылдықтар «ажыратпайсыңдар!» деп, жұрт ию-қию, айғай-шу болып жатқанда, сол жерге Төлен де кеп қалады.
Бұл кезде дау әбден қозып, шыр-пыр болған елдің сөзін елең қылмаған дөкейлер электрик-монтерге баған басына шығып, токты ажыратып тастауға бұйрық беріп қойыпты. Содан, басшылары шаш ал десе, бас алып үйренген орындаушы столбының басына өрмелеп бара жатпай ма. Осы кезде гүрс еткен мылтықтың үні ұлардай шулаған елді сілтідей тындырады. Басынан екі қарыстай ғана биіктіктен өтіп столбының ағашын талқан қылған оқтан зәресі ұшқан монтер сол жерде есінен танып, құдай сақтағанда, беліндегі қауіпсіздік белбеуіне салбырап, біраз уақытқа дейін баған басында қалса керек. Әлгінде ғана жалбарынып, жалынған жұртты кісі ғұрлы көрмей, кеуделеріне нан пісіп тұрған шолақ белсенділер сол арада көліктеріне отыра сала безіп кетіпті. Бұл оқиғаның соңы немен аяқталғаны белгісіз. Бірақ «сол бұзықтығы үшін Төлен түрмеге отырыпты», – дегенді естімедік…

Әсілі, Төкең үшін мұндай ұсақ-түйектер түкке тұрмайтын көрінеді. Жай, әншейін бір ауыл баласының болмашы тентектігі секілді дүние ғана. Естуімізше, «Оның мылтығының шүріппесі алтын жалатылған және кім көрінгеннің қолына түсе бермейтін аса сирек кездесетін қымбат мылтық» дейді.

«Оны қайдан, кімнен алған?» деп сұрайтындарға, білетіндер сұқ саусағымен жоғары жақты көрсетіп, «үлкен кісі беріпті» дейтін көрінеді.

Ұзынқұлақтың айтуынша, сол «үлкен кісі» бір жылдары Баянауыл өңіріне қыдырыстай келгенінде Төкеңнің үйіне түсіп, бірер күн аң-құс атқан дей ме… Сол жолы Төкең де бар өнерін салып, тікесінен тік тұрып әлгі мәртебелі мейманына қызмет көрсетсе керек. Тау тағысындай атпал азаматтың ептілігі мен ерлігіне, арсалаңдаған аңғал-саңғал пейіліне разы болған мәртебелі мейман аттанарында: «Естелігім болсын!» – деп алтын шүріппелі қосауыз мылтығын сыйға беріп кеткен көрінеді. Мұны аудан мен облыс басшыларын айтпағанда, сонау Қорғаныс министрінің өзі де білетін секілді. Солай.

Серік Құсанбаев
Жалғасы бар

Осы айдарда

Back to top button