Қатерлі ісікті ерте анықтау – сырқатты емдеудің ең тиімді жолы
Ләззат ҚАНАТҚЫЗЫ
Барша әлемде онкологиялық аурулармен күрес жүріп жатыр. Медицинаның дамуы мен ақ халаттылардың күн-түн демей жасап жатқан ем-шараларына қарамастан, бұл дерттің түрлері де, оған шалдыққан науқастар саны да артып келеді. Жаhанды жайлаған қауіпті індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Өткен жылы елімізде 200 мыңнан астам адам онкологиялық есепке алынған екен. Сондай-ақ жыл сайын 37 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығатын көрінеді. Осы орайда республикада қауіпті дерт бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн.
Облыста жыл сайын орта есеппен 2500 адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Десе де облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина 2018 жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуі байқалғанын айтып отыр.
Күрделі дертпен күреске Үкімет тарапынан да қосымша шаралар қабылданған. Өткен жылы онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға қол қойылған болатын. Облыста да түрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – облыстық онкология және хирургия орталығында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ашық есік» күні.
Бұл шара аты жаман аурудың алдын алып, ерте анықтауға бағытталған. «Ашық есік» күнінде кез келген өңір тұрғыны МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан және терапевтің жолдамасынсыз орталықтың мамандарына қаралып, тегін кеңес ала алады.
Колоректальды қатерлі ісік – Шығыс Қазақстандағы жетекші онкологиялық патологиялардың бірі. Анықталған жағдайлардың саны бойынша қатерлі ісік ауруларының барлық түрлерінің ішінде үшінші орында. Мәселен, 2023 жылы өңірде ішектің қатерлі ісіктерінің 245 жаңа жағдайы тіркелді.
Ақ халаттылардың айтуынша, аурудың алдын алу бойынша шаралардың маңызы зор. Себебі дерт ерте сатысында анықталса, емделуге де мүмкіндік жоғары болмақ.
– Бұл шаралар патологияны бастапқы кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Ем нәтижесі де осыған байланысты. Біздің онкологиялық орталықта колоректальды қатерлі ісікті диагностикалау және емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Седациямен фиброколоноскопия, сондай-ақ КТ бақылауындағы виртуалды колоноскопия қолданылады, – деді орталықтың жоғары санатты онкохирургі Ербол Құсайынов.
Қатерлі ісіктің неден пайда болатынын қазіргі уақытта ешкім нақты дөп басып айта алмай отыр. Десе де, бұл дертті ерте анықтайтын түрлі диагностиканың бар екенін естен шығармаған абзал. Оның бірі – скрининг.
– Еліміздің 50-70 жас аралығындағы барлық тұрғыны әр екі жыл сайын тегін скринингтен өтуі керек. Бұл жерде ең маңыздысы – жауапкершілік. Өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарайтын адам уақытылы тексеруден өтуге тиіс, – деп атап өтті Рауан Талғатұлы.
Әйелдер арасында ең кең тараған қатерлі ісіктердің бірі – жатыр мойны обыры. Негізінен бұл дертке адам ағзасындағы папиллома вирусы себепкер болатын көрінеді. Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде жасөспірім қыздар арасында кезең-кезеңімен адам папиллома вирусына қарсы екпе салу басталды.
– Бүгінде еліміз бойынша адам папиллома вирусына қарсы үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, биыл мектептерде 11 жастан бастап қыздарға вакцина салынады. Айта кету керек, әлем бойынша вакцинация арқылы аталмыш ауру түрінің төмендеуі байқалады, – дейді орталықтың онкогинекологы Әсел Қарабалаева.
Аталмыш вакцинация қазір әлемнің 140 елінде міндетті болып табылады. Қазақстанда жатыр мойны ісігі әйелдерде кездесетін онкологиялық аурулардың арасында екінші орында тұр. Сол себепті екпе жүргізу мәселесі 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарға енгізілген. Бірінші кезеңде 11 жастағы жүз мың қызға екпе салу көзделіп отыр. Аталған кешенді жоспардың бес негізгі бағыты бар. «Қауіп факторларының алдын алу және басқару» бірінші бағыты бойынша онкологиялық сақтық және қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау және емдеуді уақтылы бастау үшін скринингтен өту қажеттілігі бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілетін болады.
– Қатерлі ісіктің алдын алып, ерте анықтау үшін тұрғындармен белсенді жұмыс жүргізіп бастадық. Жасөспірім қыздарды ерте жастан вакцинациялау көп елдердің тәжірибесінде қолданылып, нәтиже беріп отыр. Сондықтан да вакцинаны ұлттық күнтізбеге енгізіп отырмыз. Екпе алған қыздардың денсаулығы біздің бақылауымызда болады, – деді облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина.