Жаңалықтар

Зардап шеккен өңірлердің балалары Шығыста демалады

Ержан ӘБІШ

Еліміздің су тасқынынан зардап шеккен өңірлеріндегі алпысқа жуық оқушы осы жазда Шығыс Қазақстандағы  лагерьлерде тегін демалатын болады. Оларға өлкеміздің көрікті деген жерлері көрсетілмек. Табиғат апатынан баспанасыз қалған отбасылардың балалары уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізіп, жағымды әсер алуға тиіс.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мәлімдеді.

Алдағы жазда сапалы демалыспен және сауықтырумен облыстағы 93482 (99,9%) оқушыны қамту жоспарланып отыр, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан барлық 4850 бала бар.

Биыл облыста 420 жазғы лагерь жұмыс істейтін болады, оның 15-і – қала сыртындағы лагерь, 270-і – мектеп жанындағы лагерь, 135-і – бейіндік алаң.

– Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға облыстағы 819 тәлімгер, 670 қосымша білім педагогы, 250 медицина қызметкері, сондай-ақ колледждер мен университеттердің студенттері жұмылдырылмақ. Каникул кезінде 8100 оқушы қала сыртындағы лагерьлерде, 18672 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалады. 36 қосымша білім беру ұйымында 37900 балаға арналған күндізгі лагерьлер, дебат алаңдары, шығармашылық студиялар, спорт секциялары ұйымдастырылады, – деді Иннеса Чернышева.

Сонымен қатар Жас натуралистер стансаларында далалық экологиялық мектептер қызмет етеді, оларда 750 бала ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы мониторингке қатысады.

Бұдан бөлек, коворкинг орталықтары, 27 аулалық клуб пен 3500 оқушыға арналған үйірмелер жұмыс істейді.

24 мың оқушы өлкеміздің танымал жерлерін көреді

Осы жазда 24560 оқушы облыстағы ұлттық табиғи парктер мен тарихи-мәдени орындарға бармақ. Атап айтсақ, олар Катонқарағай ұлттық табиғи паркін, Риддердегі Батыс Алтай табиғи қорығын, Қиын-Керіш шатқалын, Ақбауыр археологиялық кешенін, Берел қорғанын, Аблайкит кешенін, Шемонаихадағы Марья жартасын, Бұқтырма су қоймасын тамашалап, экологиялық туризм жобаларына, археологиялық мектептерге тартылады.

Сондай-ақ жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған 200 бала мен туристік жарыстардың жеңімпаздары үшін Бұқтырма су қоймасына кемемен біркүндік серуендер ұйымдастырылады.

Ал «Жаздық жолдама» республикалық жобасы аясында 689 бала «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен «Дарын» лагерінде демалатын болады. Олар – ауыл мектептерінің оқу озаттары және олимпиадалар мен байқауларда жүлде алған оқушылары.

Осы ретте өңірдегі мектеп оқушыларының Алматы облысындағы «Бөбек» және «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында жыл бойы тегін демалуға мүмкіндіктері бар екенін атап өткен жөн. Биыл ол орталықтарда Шығыстың 156 баласы демалған, жыл соңына дейін тағы 277 оқушы барады.

«Қонақжай отбасы» жобасының аумағы кеңейеді

Биыл облысымыздың бірегей жобасы – «Қонақжай отбасының» ауқымы кеңеймек. Енді оқушылар қазақ тілін үйрену мақсатында Катонқарағай ауданынан бөлек, Глубокое ауданы мен Риддер қаласына да жіберіледі.

– Былтыр жазда «Қонақжай отбасы» жобасы алғашқы рет жүзеге асқан болатын. Биыл жобаның жағрафиясы ұлғайып отыр. Қатарға Глубокое ауданы мен Риддер қаласы қосылды. Осы жолы 120 бала мен 50 отбасы қатысады. Былтыр 65 оқушы қамтылған болатын, – деді басқарма басшысы.

Жоба балаларды қазақ тілін әдеттен тыс, бірақ тиімді әдіспен оқытуды көздейді, яғни оқушылар қазақшаны тілдік ортада жүріп меңгереді. Сонымен қатар балалар өлкеміздің өткенімен, ұлтымыздың салт-дәстүрімен танысып, киелі саналатын жерлерге, тарихи-мәдени орындарға барады.

Тағы бір жаңалық, алдағы жазда Самар ауданындағы «Балауса» лагерінің негізінде 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-патриоттық лагерь ашылмақ. Онда оқушылар әдеттегі іс-шаралармен қатар әскери-тактикалық ойындар мен жорықтарға қатысып, жауынгерлермен кездеседі.

Жалпы, балалардың жазғы демалысы барынша қауіпсіз болуы үшін облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов төрағалық ететін ішкі істер, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары, төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінен құралған жұмыс тобы жасақталып отыр.

Барлық қала сыртындағы лагерлерде сумен қамту нысандарын дезинфекциялау, кенеге қарсы іс-шаралар жүргізу жұмыстары басталып кетті. Су қоймаларына жақын орналасқан және жүзу аумақтары бар жеті лагерьде төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шомылу орындарын белгілеп, су түбін тазалайтын болады.

Жазғы лагерьлерде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мониторинг топтары, білім басқармасында және барлық білім бөлімдерінде сенім телефондары жұмыс істемек.

 

Осы айдарда

Back to top button