МәдениетТОП

Жеңіс тұғырындағы жетеу

Ынтымақ Толқын

Облыс орталығында әр салада жетістікке жеткен үздік жастарға дәстүрлі «Алау-2022» жүлдесі табысталды. Барыс жылын қорытындылаған салтанатты шараға Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қатысып, шығармашыл жастарды құттықтады.

Ел болашағы талапты жастар мен саналы ұрпақтың қолында. Сол себептен олардың жігерін шыңдап, жаңашылдыққа деген құлшынысын арттыру мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі жыл сайын дәстүрге айналған «Алау» жастар сыйлығы. Қатарынан төрт жыл бойы өткізіліп келе жатқан байқауға биыл 76 үміткерден өтініш түскен. Олардың арасынан ең үздік дегендері таңдап алынып, жеті номинация бойынша марапатталды. Ал жүлделі орынға іліге алмағандар қала әкімінің қолынан арнайы алғыс хат алды.

– Біздің қаланың жастары – менің ойымша, еліміздегі ең талантты, ең қабілетті жастар. Бұл жай айтылған сөз емес, мұны жастарымыз спортта, мәдениет пен өнерде, білім-ғылымда нақты дәлелдеп келеді. Алдағы уақытта жастармен етене жұмыс істесек, біз бағындырмайтын белес жоқ. Жас буынның күш-жігері ел болашағы үшін өте маңызды. Өз тарапымыздан талапты жастарға қолдау көрсету біздің міндет. Жүлдеге ие бола алмаған жастарымыз келер жылғы сайысқа жоғары деңгейдегі дайындықпен келеді деп сенемін, – деді Жақсылық Омар.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш сайыста жылдың ең үздік жас ұстазы да анықталды. Бұл номинацияға Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейінің оқытушысы Ақерке Тоқтарбекқызы ие болды. Жас маман байқауға осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін ұсынған.

–  «Үздік жас ұстаз» сыйлығын алғаныма қуанып тұрмын. Байқау әділ өтті. Қаланың жас ұстаздарын келер жылғы жарыста бақ сынап көруге шақырамын. Атқарған еңбегімді бағалап, үздік деп танығаны үшін алғысым шексіз, – деді Ақерке Тоқтарбекқызы.

«Алау – 2022» байқауында соңғы жылдары жастар арасында кең тараған блогерлік пен мобилография саласы да назардан тыс қалмаған. Қаламыздың жас мобилографтары шара барысын телефонға түсіріп, өз жұмыстарының нәтижесін көрсетсе, ең үздік блогер әлеуметтік желілердегі қаралым саны бойынша анықталды.

– Карантин басталғанда блогерлік жолым басталды. Бұл салаға келуімнің басты себебі, біздің қалада да блогерлердің бар екенін дәлелдеу еді. Аталмыш сайысқа қатысуыма ұстаздарым себеп болды. Маған қатысып көрсеңші деп ұсыныс тастағаннан кейін бірден келістім. Тынбай еңбек етсең жемісін көресің ғой. Құрдастарымның барлығы бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, жетістікке жетсе деп тілеймеін, – деді қаламыздың үздік жас блогері Арман Аянұлы.

Айта кетелік, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Алау» жастар сыйлығында атаулы жеті номинациядан бөлек үздік асаба, қаладағы үздік локация, үздік шаурма және жыл жаңалығы атты арнайы жүлделер де жүйріктерге табысталды.

 

Осы айдарда

Back to top button