Жаңалықтар

Көмек керуені тағы да аттанды

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ

Көшпенді жұртқа табиғаттың тосын мінез танытуы таңсық емес. Талай-талай табиғаттың апатын бірге еңсеріп, қиын-қыстау шақта елдігімізді таныта білген жұртпыз. Десе де биылғы көктемде күрегіміз қолдан түскен жоқ. Етігімен су кешкен елге жұрт болып көмек көрсетуде. Шығыс жұрты да тасқын судың зардабын шеккен елге лек-легімен көмек керуенін аттандырды. Соңғы аптаның өзінде 40 тонна шамасында гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Жалпақ жұрттан жиналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін тасқын судан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысына аттандырған болатынбыз. Ел басына күн туғанда Достық үйі мен өңірлік волонтерлер фронт-офисі шаһардан екі бекет ашып, бір апта ішінде 20 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинаған болатын. Көмек көрсетуге жастар және волонтерлік ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары мен облыс тұрғындары белсенді қатысқан еді.

Ал күні кеше Ұлан ауданы 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді. Ұлан ауданы су басқан өңірлерге 3  тоннаға жуық азық-түлік пен қажетті заттар, 26 тонна ауызсу жөнелтті. Жиналған гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік,  киім-кешек, аяқ киімдер, гигиеналық құралдар мен дәрі-дәрмектер бар.

– Еліміздің өзге өңірлерінде су апатынан зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсетілуде. Осынау қиын шақта Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының тұрғындары береке-бірлік танытып, гуманитарлық көмек жіберуге атсалысты. Ауданымыздың атынан 3  тоннаға жуық гуманитарлық көмек жібердік. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, аяқ киімдер, гигиеналық құралдар мен дәрі-дәрмектер бар, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаева.

Сондай-ақ су басқан аймақтарда ауызсу жарамсыздығы бар екенін ескеріп, 26 тонна ауызсу жіберген. Иә, жіберілген таза су түгел жұрттың шөлін баспаса да, шаршаған елдің таңдай жібітуіне септігі тиері анық.

Ал өткен жексенбі күні облыс орталығында жиналған гуманитарлық көмектің тағы бір легі Атырау облысына аттанды. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен Құлсары қаласына 10 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ол Шығыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен жиналған гуманитарлық көмек болатын. Шығыс Қазақстан облысы волонтерлерінің фронт-офисі, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жұмысшы жастар күш біріктіріп, гуманитарлық көмекті аттандырып салды.

– Бұл гуманитарлық көмек облыстағы қала-аудандардың тұрғындарынан ерікті түрде жиналған. Он тоннадан астам қажетті заттар, яғни, азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар жіберілді. Жүк «Қазақстан темір жолы» АҚ көмегімен жөнелтіледі, – дейді  облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбеков.

Сонымен қатар облыстық Халифа Алтай атындағы мешітте ел басына күн туса етігімен су кешпесе де жұрт болып қиындықты жұмыла көтеруге үнемі атсалысады. Бұл жолы да Халифа Алтай атындағы мешіт жанынан фронт-офис ашылып, су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жіберілді. Облыстық мешіт көмекті беріп қана қоймай, гуманитарлық заттарды жеткізу үшін арнайы көлік те шығарған болатын.

– Еліміздің кейбір аймақтары тасқын судың астында қалғанда бірден қол ұшын беруге кірістік. Жалпы ел басына күн туған шақта Халифа Алтай атындағы мешіт ұжымы  тартынып қалған жері жоқ. Көктемгі су тасқынының бірінші толқынында 19 тонна гуманитарлық көмек пен 1,5 млн теңге қаржылай көмекті Қызылжарға жөнелткен болатынбыз. Соңғы рет 10 тонна гуманитарлық көмек пен 700 мың теңге қаржылай көмекті Атырауға жіберуге атсалыстық. Енді гуманитарлық көмек жинауды әзірге тоқтаттық. Қажет болған жағдайда тағы жәрдем беруге дайынбыз, – дейді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының  облыстағы өкілі Берік Кәдірұлы.

Жалпы халық қолда барын бір-бірінен аяп қалып жатқан жоқ. Қайырымдылық жасауды қанына сіңірген жұрт қиындықты жұмыла көтеруде. Егер су басқан өңірлердегі қиындықтың беті қайтпайтын болса, барып көмектесуге де дайын жандар бар.

– Адамның күні адаммен ғой, сондықтан да кімге болсын көмектескім келіп тұрады. Су тасқынының зардабын тартып жатқан жұртқа әлі де оңай бола қоймас. Жалпақ жұрт көмегін аямаса екен деймін. Үйсіз-күйсіз қалу кім-кімге де оңай емес қой. Барлығымыз көмектесейік, мүмкіндігімізше қолда барымызды берейік. Тіпті, жағдай қиындай түссе барып көмектесуге де болады ғой. Елің аман, жұртың тыныш болмаса, өзім тыныш өмір сүріп жатырмын деген жарамайды ғой. Әзірге гуманитарлық көмекке үлесімізді қостық, тағы да жинап жатса мүмкідігінше көмегімізді береміз,  – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сәбит Тілеуханов.

Шығыс Қазақстан облысының орталығында төрт жерде көмек қабылдау кеңсесі ашылған болатын. Ендігі кезекте гуманитарлық көмек жинау тоқтатылмақ.

– Гуманитарлық көмек жинауға Тарбағатай, Глубокое, Шемонайха, Ұлан, Күршім аудандары белсене атсалысты. Осы аудандар мен қалалардан жиналған көмекті реттеп, қажеттілігіне қарай су басқан өңірлерге аттандырдық. Ал қаржылай көмек беремін дегендерге республикалық деңгейде жинап жатқандардың реквизиттерін ұсындық. Қазір гуманитарлық көмек жинауды тоқтаттық, – деді облыстық волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбеков.

Осылайша жұрт елдегі қиындықты бірге еңсеруге атсалысып жатыр. Шығыстан аттанған көмек керуендері зардап шеккен жұрттың қажетіне жараса болғаны.

 

Осы айдарда

Back to top button