2023 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 705 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар, олардың 100 мыңнан астамы – балалар. Аталған көрсеткіш көз бен көңіл қуантпасы анық. Десе де, мамандар жыл санап саны артып келе жатқанын айтады. Бұған ашық дереккөздердегі мәліметтер де дәлел бола алады. Мәселен, 2007 жылы елімізде 45 мыңға таяу мүгедек бала болса, 2013 жылға қарай бұл көрсеткіш 70 мыңға жетіп жығылған. Бесіктен белі шықпай жатып, тағдырдың қатал сынына ұшыраған сәбилер саны көп. Бауыр еті баласының мүмкіндігі шектелгеніне көндігіп, денсаулығын түзету үшін барын салып жүрген ата-аналар да жетерлік.
Өмірге деген көзқарасы, ой-тұжырымы мен түйсігі бөлек жандарға да, олардың қамқоршыларына да мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ қазіргі заманда тек үкіметке қол жайып отыра беруге болмайды. Осыған орай елімізде «Mama Pro» деп аталатын қор ашылған. Бұл қор аналарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
2018 жылы алғаш рет Астана қаласында есігін айқара ашқан қор бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі бес қалада, яғни Алматы, Шымкент, Қостанай және Өскеменде жұмыс істеп тұр.
Әу баста бұл игі істі ерекше бала тәрбиелеп отырған үш ана – Айжан Әлжанова, Әсия Тикеева және Гүлсім Семенова қолға алыпты. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әр ата-ананың ең басты арманы да, мақсаты да – ұрпағын қайткен күнде аяққа тұрғызып, қоғамға, өмірге бейімдеу. Ондай жандар, әрине, қашанда шексіз құрметке лайықты. Үздіксіз күресіп, жеңіске жеткендер топ ішінде кедергілерден сүрінбей, мәре сызығын алғаш болып кескен жеңімпаздай бақытты күй кешері хақ. Алайда мақсатына жете алмай тауы шағылған, шарасыздық шыңырауға құлатып, жігері үгіліп жататындар да жоқ емес.
–Біздің негізгі мақсатымыз – мүгедек баласы бар ата-аналарды ғана емес, олардың туыс-туғандарын ақпараттандыру, білім деңгейін көтеріп, тәжірибе алмасу. Көптеген ата-аналар баласының диагнозын естігеннен кейін бірден күйзеліске түсіп, өздерін тастап жібереді. Перзентін аяққа тұрғызу үшін түрлі жол іздейді. Алайда баланың психологиясына ата-анасының мінез-құлқы, қазіргі жағдайы әсер ететінін ұмытпаған жөн. Сондықтан тағдырлас, ойы да, мұңы да бір аналардың басын қосып, оларға қолдау көрсетіп жүрміз, – деп атап өтті «Mama Pro» қоғамдық қорының Өскемендегі бөлімшесінің жетекшісі Еркежан Ағажаева.
Қор 2018 жылы Астанада, 2019 жылы Алматыда ашылса, Шығыстың бас шаһарында 2022 жылдың басында өз жұмысын бастаған. Тізгінін ұстаған Еркежан Ерболатқызының өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Оның айтуынша, ерекше балалардың ата-анасы ғана бір-бірін жақсы түсінеді. Ал баланы қоғамға бейімдеу үшін алдымен анасын сауықтыру керек.
–Баланы оңалту ананы сауықтырудан басталады. Бұл – біздің қордың ұраны. Кіп-кішкентай сәбиімнің диагнозын қабылдау маған да қиынға соққанын жасырмаймын. Астана қаласындағы қордың психологиялық тренингіне қатыспай тұрып, айналамдағы жандардың ешқайсысы мені түсінбейтіндей болып көрінетін. Алайда бір ғана сабақ менің өмірімді өзгертіп, ерекше баланың бақытты анасы болуды үйретті. Өзімнің тағдырластарыма қолдау көрсету мақсатында Шығыста да қордың филиалын ашуды мақсат еттім, – дейді ол.
Кедергісіз кәсіп ашуға көмектеседі
Қор жетекшілерінің айтуынша, «Mama Pro» орталығындағы мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналар кәсіп ашу бойынша түрлі курс оқыған. Қазіргі күнге дейін республика бойынша үш мыңға жуық әйел білім алып, 300-ден астамы өз ісін бастап отыр. Өскемен қаласы бойынша 100-ге жуық анаға қолдау көрсетіліп, түрлі тақырыпта курс оқытылған. Оның ішінде 35-і өз ісін бастап, кәсіпкер атанған екен.
- Бизнеске қатысты курстар оқып, білім алғаннан кейін өзінің бизнес жобасын қорғайды. Бизнес-жоспар жасау жолдарын да үйренеді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, қайтарымсыз гранттар туралы ақпарат беріп отырамыз. Мүмкін емес нәрсе жоқ, адам адамға көмектесуі қажет. Кей кездері ерекше балалары бар аналар өз перзентінің жағдайы үшін жұмысынан шығуға мәжбүр болады. Ал баланың ем-домына, дәрі-дәрмегіне қаражат керек. Сондықтан баласының жанында өз ісін дөңгелетіп отыруы үшін жағдай жасалады, – дейді қор мүшесі.
Мұнда қазіргі заман талабына сай қажетті мамандықтар, атап айтқанда, SMM, жеке брендті қалыптастыру, Қытаймен сауда, цифрлық сауаттылық, кондитерлік және тағы басқа кәсіпті игеріп, кәдеге жаратуға болады. Бір жағында аналар курсы бойынша білім алса, келесі жабдықталған бөлмеде балалар ойнап отырады. Орталықтың ерекшелігі де осы. Аналар білімін жетілдіргенде, бала күтушілер мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді. Яғни кәсібін кедергісіз ашуға барлық жағдай жасалған.
–Осы қор ұйымдастырған «Мама про бизнес» курсына қатысып, массаж үйренген болатынмын. Қазіргі таңда жаныма жақын салада жұмыс істеп жатырмын. Балаларға массаж жасап, табыс табамын. «Mama Pro» қоры мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына шексіз мүмкіндік береді. Жаңа орта, жаңа таныстық, жаңа білім кез келген жанды жаңа деңгейге шығарары сөзсіз, – дейді жеке кәсіпкер Динара.
Психологиялық қолдау көрсетіледі
Ерекше балалардың ерекше аналарымен психологтар, логопедтер мен терапевтік топ тегін жұмыс істейді және түрлі трансформациялық ойындар өткізіліп отырады. Еліміздегі мүгедектігі бар жандардың құқығы туралы дәрістер де жүргізіледі.
–Менің үлкен ұлыма церебральды сал ауруы диагнозы қойылған. Менің өмірім тек оның денсаулығын қалыпқа келтіруге ғана арналып, өзіме де, жанұяма да, тіпті кіші ұлыма да көңіл бөлген жоқпын. Өмірім сонымен тоқтап қалғандай көрінетін. Алайда 2022 жылы мамыр айында «Mama Pro» қорының психологымен кездесуіне барғаннан кейін өмірге деген көзқарасым өзгерді. Түрлі курстар мен семинарларға қатыса бастадым. Қазір осы қорда ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау бағытында жұмыс істеп жатырмын, – дейді Айнұр Бижігітова.
Өміріндегі қиын кезеңдердің бірінде осы орталыққа келген Анар Нұрқасынова да қазір өз тағдырластарына ағылшын тілін үйретіп жүр. Ол білім алуға ешқашан кеш еместігін айтады.
Бүгінде Өскемендегі қорда ерекше балалардың бауырларына арналған «Сиблингтер» жобасы қолға алыныпты. Оның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленіп жатқан отбасын қолдау. Кей кездері туыстары, бауырлары баланың диагнозын жасырып жатады. Керісінше, оны қоғамға бейімдеу қажет. Жобаның осы бағыттағы маңызы зор.
Алайда «Mama Pro» қоры жетекшілерінің айтуынша, мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілмейтін көрінеді. Жоғарыда аталған жобаларға түрлі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар демеушілік етеді. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға да, олардың аналарына да мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау керек екені белгілі.
- Бұл мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың ойындағы жоспарының жүзеге асып, өмір сүруге деген құлшынысын арттырады. Егер білім алып, өз кәсібін ашып, оны жүргізуге көмек берсек, сол отбасындағы өмір сүру жағдайын сәл де болса жеңілдетуге өз үлесімізді қостық деп санаймыз, – дейді «Mama Pro» орталығының жетекшісі Гүлсім Семенова.
Қазіргі таңда қоғамдық қорға жүгінетін жандар жетерлік. Тіпті жемісті жұмысының арқасында көңілі қам аналардың өзіне деген сенімділігі артып, экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек» деп, ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырған болатын. Ал жайлы орта қалыптастыру үшін олардың ата-аналарының әртүрлі бастамаларына қолдау көрсетіп, арманына қанат бітіру маңызды.