ҚоғамТОП

Қыркүйектен кешіктірмеу керек

Жалпыға ортақ декларациялаудың үшінші кезеңі жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілгендер, ірі банктік, сақтандыру және құнды қағаздар нарықтарының қатысушылары тапсырса, былтыр мемлектетік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор жұмысшылары мен олардың жұбайлары тапсырды. Облыс тұрғындары биыл декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек.

Биыл декларация тапсыратындардың қатарына кімдер енгізіліп отыр? Үш кезеңді қоса алғанда, есеп өткізетіндердің саны едәуір өсті, бұл департамент жұмысына, жүктемесіне қаншалықты салмақ салып отыр? Облыста декларация тапсырудың қарқыны қалай? Декларация  тапсырушылар нені ескеруге тиіс? Тұрғындар көкейіндегі  сауалдардың жауабын облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының мамандарынан сұрап, білдік.

Үшінші кезең басталды

Биыл облыс бойынша жалпыға бірдей декларациялауға жататын тұлғалар: – 1-2 кезең аясында: жауапты мемлекеттік лауазымды қызметтегі тұлғалар; мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар; депутаттар; судьялар; мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері; квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары.

Облыс бойынша 270.00 салық есептілігі нысанын ұсынуға міндетті тұлғалар саны 118 401 адам. Оның ішінде 12 сәуірге дейін 64 285 адам декларация тапсырған.

– 3 кезең шеңберінде 250.00 нысанындағы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынады, 12 сәуірге дейін декларациялауға жататын 56182 (ерлі-зайыптыларсыз) жеке тұлғаның 7383-і декларация тапсырған.

Еске салайық, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі міндеті:

әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру;

жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру;

сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

Үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады.

Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынады. Мұнда 6,4 млн-нан астам жеке тұлғаны қамту көзделіп отыр.  Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн-ға жуық адам кіруге тиіс.

Үшінші кезең аясында 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны кім тапсыруы керек?

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс. Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан тұлғаларға да қолданылады.

Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып есептелмейтіндіктен, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды (АК 43-бабының 3-тармағы).

Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет?

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны (250.00-нысан) тапсыруынан тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық мынадай шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі:

* шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;

* шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК) ақша;

* шетелдік компаниядағы қатысу үлесі;

* бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоиндер және т. б.);

* үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі);

* инвестициялық алтын (құйма алтын);

* зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері;

* 34,5 млн теңге (10 000 АЕК ) шегінде қолма-қол ақша;

* басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары.

* құны 3,5 млн теңгеден асатын басқа да мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.б.) – бағалауды 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін (2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей) жасау қажет.

Кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) ұсынылады, онда күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда және шетелде мүлікті сатып алу не иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды иемденуге жұмсалған шығыстарды жабудың көздері көрсетіледі.

Уақытында тапсырмаса қандай шара қолданылады?

Декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электронды үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға құқылы.

Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз етуге тиіс. Салық төлеуден жалтарған адамдарды анықтау көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып саналады.

Азаматтар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қалауы бойынша құны бірлігіне 3,5 млн теңгеден (1 000 АЕК) асатын бағалы мүлікті көрсете алады.

Мұндай мүлікке Қазақстанда және шетелде бар кез келген қымбат мүлік, мысалы, мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және басқа да бағалы мүлік, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектілері жатады.

Көрсетілген мүлік 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша бағалау құны болған кезде декларацияланады. Бұл ретте бағалауды декларация табыс етілген сәтке дейін (2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей) жасау қажет.

Бағалы сыйлықтар төмендегідей түрде алынса, декларацияланады: шетелде тіркелген жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік компаниядағы үлестер. Бұл ретте Қазақстанда тіркелген пәтер, көлік, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін көрсетудің қажеті жоқ;

34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша сомасы;

тұрғын үй құрылысындағы үлес, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын;

басқа да мүлік – егер мұндай сыйлықтың бірлігі үшін құны 3,5 млн теңгеден (1000 АЕК) асатын болса, қалауы бойынша көрсетіледі. Мұндай бағалауды тәуелсіз бағалаушы 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жүргізуі тиіс.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар құны бірлігіне 3,5 млн теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс. Өз қажеттіліктерінде өсіретін немесе пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады.

Азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоюға құқылы.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді.

Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) қарастырылған.

Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет болса – төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайталап бұзғаны үшін 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) қарастырылған.

Егер жеке тұлға декларацияны тапсырғысы келмесе және жыл сайын әкімшілік айыппұл төлеуге дайын болса бұл жағдай қалай реттеледі?

2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы жеке тұлғаның:

дербес салық салуға жататын кірістері;

мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі (СК 633-бабы) болмауының растамасы болып есептеледі.

Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады (СК 72-бабы).

Сонымен қатар, салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300% айыппұл қарастырылған.

Осы айдарда

Back to top button