«Казцинкте» мониторингтің автоматты жүйесі орнатылды
«Казцинк» компаниясына қарасты барлық өндіріс алаңында арнайы датчиктерді орнату жұмыстары аяқталды. Енді аталмыш датчиктердің деректері онлайн режимінде тікелей мемлекеттік органдарға түсетін болады. Осылайша, бақылаудың ашықтығына, жариялылығына қатысты мәселе біржолата шешімін табуға тиіс.
Жақында компания басшылығы облысымыздағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, бұл бағытта атқарылған жұмыстың нәтижелерімен таныстырды. Компанияның бас экологы Қазтай Тәкеевтің айтуынша, мәселен Өскемен металлургия кешеніндегі үздіксіз мониторинг жүйесі барлық негізгі көзді қамтиды екен. Олардың ішінде күкірт қышқылы зауыты қондырғыларының құбырлары («классикалық схема», «Хальдор Топсе», «Лавалин»), қорғасын зауытының шаң жинау бөлімшелері мен мыс зауытының аспирациялық газ көздері де бар. Сондай-ақ, бақылау датчиктері Үлбі өзеніне көпсатылы сүзу жүйесінен кейін ағызылатын жалғыз суағызғыға да орнатылған.
Осы ретте, «Казцинк» SICK, Krohne, Siemens сияқты әлемдегі жетекші өндірушілердің жабдықтарын пайдаланатынын айтқан абзал.
– Біз – өңірдегі мониторингтің автоматты жүйесі (МАЖ) жобасын іске асыра бастаған бірінші компаниямыз. Мұның өзі біздің ұстанымымызды айқындап тұрса керек. Бұл өте қарапайым да баршағы түсінікті ұстаным – табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарымыздың толық ашықтығын қамтамасыз ету. Жоғарыда айтқанымдай, «Казцинк» Шығыс Қазақстанда бірінші болып эмиссияларды бақылауды автоматтандыру жобасын жүзеге асыра бастады. Барлық өндіріс алаңындағы жабдықтарға жұмсалған шығындардың жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге жетті, – деген Қазтай Тәкеев қазір компания «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесе отырып, МАЖ деректерін мемлекеттік қадағалау органдарына беру жағын реттеп жатқанын да айтты.
Ағымдағы жылдың ортасына дейін жүйе соңғы сынақтардан өтіп, толықтай іске қосылады деп жоспарлануда.
Мониторинг жүйесін жетілдірумен қатар, «Казцинк» экологтары ауаға тарайтын шығарындылар көлемін азайту бойынша жұмыстарды да жалғастырып жатыр екен. Мәселен, 2023 жылы Өскемен металлургия кешенінде табиғатты қорғау іс-шараларына 704 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған-ды. Нәтижесінде шығарындылардың жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 932 тоннаға азайған. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. 2025 жылдың соңына дейін Металлургия зауыттарының құрамында күкірті бар газдарды кәдеге жарату қондырғыларын жіті тазалаумен жабдықтау жоспарлануда. Сарапшылар бұл күкірт диоксиді шығарындыларын тағы мың тоннаға азайтады деп болжап отыр. Сонымен қатар, былтыр Үлбі өзеніне төгілетін қалдық сулардың мөлшері 78 тоннаға азайғаны да белгілі болды.
– Ал ағымдағы жылы табиғатта қорғауға бағытталған 11 іс-шара жоспарлануда. Оларды жүзеге асыру мақсатына 185 миллион теңге көлеміндегі қаражат қарастырылып отыр, – деп мәлім етті компанияның бас экологы.