Жаңалықтар

Көршілердің көмегі

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ

Жаңадан құрылған Марқакөл ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, алты ай қыстан кейін ағайынның хал-жағдайын біліп қайту үшін іргелес жатқан Зайсан мен Тарбағатайдан керуен жетті. Қос ауданның әкімдері мен мәслихат төрағалары бастап келген керуен құр қол келмей тарту-таралғысын ала келіпті.

Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Төсқайың ауылдық округінің оқушыларына тәтті-дәмділер, киім-кешек, дәл қазіргідей жер батпақта киетін резеңке етіктер, ауыл тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмек және басқа да заттарды көлікке тиеп әкелді.

– Зайсан ауданы Марқакөл өңірін қолдауға әрқашан да дайын. Бүгін мінеки жаңадан құрылып жатқан ауданға келіп, жағдайымен танысып жатырмыз. Кішігірім көмегімізді көрсеттік. Болашақта Төсқайың ауылына балалар ойнайтын заманауи алаң салып берсек деген ойымыз бар. Сондай-ақ марқакөлдік кішкентай достарды Зайсан ауданына өңірдің тарихымен, әлеуметтік нысандарымен танысуға шақырдық. Табиғаты әсем, Марқа өңірінің болашағы зор екенін айтқым келеді, – деді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Ауыл тұрғындары әрқашан достық құшағы ашық Зайсанның бауырмал халқына алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді.

– Биыл бізде қыс қатты болды. Қар қалың жауды. Біраз отбасы жем-шөптен қиналып қалды. Сол кезде Зайсан халқы бізге қол ұшын беріп, 500 түк шөп жіберген еді. Міне, осы жолы да жаңа ауданға қолдан келген көмегін беріп жатыр. Алғыстан басқа айтар жоқ. Бірлігіміз арта берсін, – деді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Тұратауов.

Марқаның тыныс-тіршілігімен танысқан Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров ауылдастарының сәлемі мен аманатын жеткізді.

– Облыс әкімі Ермек Беделбайұлының жаңадан құрылған Марқакөл ауданының жағдайымен танысып қайту жөніндегі ұсынысын Зайсан және Тарбағатай аудандары құп алып, бүгін міне, шекаралық ауданның тұрғындарымен кездесіп, тілдестік. Жергілікті халық Марқаның жеке аудан болғанын қуана қабылдап, туған жерінің дамуына біркісідей атсалысуға дайын отыр екен. Мұндағы адамдардың құлшынысын көріп риза болдық.

Сонымен қоса Зайсан аудандық мәслихаты депутаттарының ыстық ықыласын жеткізіп, Төсқайыңдағы интернатта тұрып оқып жатқан балаларға спорттық киімдер табыс еттік. Енді еңсе тіктеп жатқан Марқакөлді демеп, қолдап жіберсек әлеуеті зор аудан тез-ақ дамып, гүлденіп кететініне сенім мол, – деді Еркебұлан Зағыпаров.

Көршілес аудандардың бұл ынтымақтастық байланысы болашақта әртүрлі бағытта дамып, нығая түспек.

Марқакөл өңіріне қолдау көрсетіп жатқан ауданның тағы бірі – Тарбағатай. Барқытбелдің баурайындағы бұл аудан шекара түбіндегі Төсқайың ауылына воркаут алаңын салып беретін болды.

Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев, мәслихат төрағасы Өмірхан Қанағатов бастаған делегаттардың Марқа өңіріне келген сапарында мәлім болды.

Тарбағатайлық қонақтар ауылдастарының ыстық сәлемімен бірге сый-сияпатын да ала келіпті. Оның ішінде балаларға арналған кітаптар, ойыншықтар, тәтті-дәмділер мен басқа да қажетті заттар бар. Көктемгі тасқын кезінде аса қажет дүниенің бірі мотопомпа тарту етті.

– Биылғы қыс тым қатал болды, Марқа өңірінің халқын біраз әуреге салды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жаңа ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, қолдан келгенше көмек көрсету үшін арнайы келдік. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, әлеуметтік нысандарды аралап көрдік. Біз әрқашан қол ұшын беруге дайынбыз. Төсқайың ауылындағы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көмектесе аламыз. Сондай-ақ білім ошағының алдына воркаут алаңын орнатып береміз, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев.

Бұл жағымды жаңалық Төсқайың ауылының тұрғындарын ерекше қуантты.  Марқакөлдік ағайын көрші ауданның көмегіне шексіз ризашылықтарын білдірді.

– Тарбағатай мен Зайсан аудандарының халқына көп рахмет. Қар қалың, жол алыс болса да арнайы келіп, қолдау көрсетіп жатыр. Тарбағатай ауданы ауылымызға воркаут алаңын салып береміз деді. Ал Зайсан ауданы балалар ойнайтын заманауи алаң салып беретін болды. Қуаныштымыз, – деп ағынан жарылды Төсқайың орта мектебінің оқушысы Айлин Ақылбекова.

 

 

Осы айдарда

Back to top button