ҚоғамТОП

Қыстан қысылмай шықты

Бірнеше жыл қатарынан жұмысы тоқтап, жиі-жиі апатты жағдай болып тұратын Риддер ЖЭО бүгінде ауқымды қайта құрудан өткізілді. Жылу көзін қалпына келтіур үшін бүкіл елден мамандар мен ресурстар тартылды. Бұл жұмыстың нәтижесі көп күттірмеді.

Риддер ЖЭО-да бір жылдан аз уақыт ішінде технологиялық тізбек қайта құрылды. Энергетиктер үш ауысыммен қауырт режимде аянбай еңбек етті, соның арқасында суық түскенге дейін негізгі жұмыстар аяқталып қойған болатын.

Жылу орталығы жылыту маусымы басталған кезден және оның аяқталуына дейін Риддер қаласын жылумен қамтып, толық көлемде жұмыс істеп тұрды.

Бүгінгі таңда өткен жылыту маусымдарын есепке ала отырып, Риддер ЖЭО-ның барлық проблемалық учаскелерінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, оның ішінде қазандықты қайта құру жұмыстары жалғасын тапты, сондай-ақ қаланың 55 учаскесіндегі 18,9 шақырым жылу желілері ауыстырылмақ.

– Бірінші қазандықта экранды құбырлар ауыстырылып жатыр. Екінші қазандықта – буқыздырғыш құбырлар ауыстырылды. Үшінші қазандықта – экономайзерге демонтаж жасалды. Монтаж жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. №4 қазандық агрегатында қосалқы механизмдер жөнделіп, экрандық құбырлар демонтаждалады. №5 қазандықта қосалқы жабдықтар жөнделуде. Сондай-ақ экран құбырларын демонтаждау да басталды. №6 қазандық агрегатын алып кетті, яғни қосалқы жабдық. Демонтаж жасалып қойды. Оны қалпына келтіру үшін бас мердігердің базасына алып кетті, – деп түсіндірді қазандық цехының басшысы Дмитрий Дягель.

Риддер ЖЭО-да барлық жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын айта кету керек.

– Былтыр біз барлық алты қазанды ауыстыру бойынша үлкен жұмыс атқардық, 500-ден астам адам тартылып, 24 сағат бойы жұмыс істеді. Нысанды мерзімінде пайдалануға беру және қаланы жылумен қамту міндеті қойылған болатын. Кесте 100% орындалды. Үйлердің жылы болғанын қала тұрғындарының өздері де растады, – деді Риддер ЖЭО станциясының кезекші инженері Марат Әбубаев.

Осының барлығы қысқа дайындық кезінде өз пәтерлерінде жылу оқшаулау жұмыстарын жүргізген қала тұрғындарына суық кезеңді жылы және жайлы өткізуге мүмкіндік берді.

Әрине, ешқандай мәселе туындаған жоқ деуге келмес. Тұрғындар тарапынан ішінара пәтердегі температураның төмендеп кеткені туралы шағымдар болды. Оның себебін анықтау үшін Риддер әкімдігі барлық көппәтерлі үйлерді тепловизордың көмегімен тексеріп шықты. Нәтижесінде мамандар өлшеу, баптау және сынау қызметінің өкілдерімен бірлесіп екі үйді тексеру кезінде жылу қорғаудың бұзылғанын анықтады. Бұл үйлерде жылу терезе блоктары мен қоршау құрылымдары арасынан, сондай-ақ шатыр жабындарының қабаттасқан тұстарынан сыртқа кетіп жатқан. Инженерлер қорытынды шығарып, қажетті температуралық режимді қамтамасыз ету үшін ғимараттардың контурын оқшаулауды ұсынды.

Одан бөлек, пәтерлердің суық болуының тағы бір басты себебі –тұрғындардың көбі өз үйлеріне электрлі насосты заңсыз орнатып алған. Соның салдарынан гидравликалық режим бұзылып, электрмен жабдықтау жиі үзілген. Жыл көлемінде арнайы комиссия барлық көппәтерлі үйлерді тексеріп, бұзушылақтарды анықтады, қолдан орнатылған мұндай құрылғылар түгел жойылды.

Сонымен қатар температуралық режимнің ауытқуы тікқұбырлар мен жылу батареялары бітеліп қалған үйлерде де болған. Бұл факторлардың барлығы ЖЭО-ның жұмысын қиындатты. Дегенмен риддерліктердің өзі бұл жылыту маусымы бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жақсы өткенін айтып отыр.

Өткен жылыту маусымы басталған кезде  Риддердің жылу желілерінің тозуы 82,5% болған. Биыл республикалық бюджеттен қалалық ЖЭО мен жылу желілерін жөндеуге 5 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Жуырда облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Риддер ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысын кезекті рет тексерді.

– Биыл қазандық цехын жөндеуге 5,5 миллиард теңге бөлінді. Жұмыс 10 мамырда басталды. Демонтаждау жұмыстары барлық қазандықтарда, сондай-ақ барлық қосалқы жабдықтарда жүргізіледі. Еңбеккерлердің, мердігерлік ұйым өкілдерінің саны – 200 адам. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізілуде, кестеден кешігу жоқ, – деді кәсіпорын басшысы Константин Хан.

Сондай-ақ биыл республика бюджетінен 19 шақырым жылу желілерін жөндеуге 2 миллиард 700 мың теңге бөлінген.

Нұрымбет Сақтағанов жылу беру маусымына уақтылы және сапалы дайындалудың, сондай-ақ ЖЭО мен қаланың барлық жылу жүйесін жаңартудың риддерліктер үшін аса маңызды екенін атап өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алдағы қыста жылу берудегі ақауларды болдырмау үшін жөндеу жұмыстарының мерзімін қатаң бақылау және сақтау қажеттігін айтты.

Жұмысшылармен және инженерлермен әңгімелесу барысында жаңғырту жұмыс кезінде туындайтын мәселелер сөз болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыскерлерге сәттілік тілеп, еңбектері үшін алғыс білдірді. Нұрымбет Сақтағанов мамандар тобының үйлесімді жұмысы барлық істі белгіленген мерзімде аяқтауға және қаланы жылумен сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кәсіпорынға қажетті көмек көрсетілетіні айтылды. Риддер ЖЭО-ны жаңарту – тек қала емес, бүкіл облыс үшін маңызды жоба.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратынша, бүгінде Риддер ЖЭО-да барлық алты қазандықты, қосалқы жабдықтарды, сондай-ақ экономайзерлер мен су жылытқыштарды жаңартуды қосқанда барлық проблемалық учаскелер күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жұмыстардың жалпы құны – 8,5 млрд теңге, аяқталу мерзімі – 1 қыркүйекке дейін.

Осы айдарда

Back to top button