Шмелев логты қандай өзгерістер күтіп тұр?
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қаланың Шмелев лог кентінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде шаһар басшысы қаланың ықшам аудандарын дамыту жөніндегі арнайы бағдарлама аясында биылдан бастап Шмелев лог кентінің инфрақұрылымдары жаңаланып, жетілдірілетінін мәлім етті.
Мектеп келер жылы салынады
Қазір Шмелев лог кентінде 3000-нан астам адам тұрып жатыр. Ондағы 228 бала қалаға барып, келіп, оқып жүр. Осыншама балаға бір мектептің қажет екенін жергілікті тұрғындар қаншама рет көтергенімен, мәселе әлі шешілмеген.
Қала әкімі Жақсылық Омар Шмелев логқа келер жылы балалардың ойын алаңы бар қос қабатты 300 орындық шағын мектеп салынатынын айтты. Алайда мектеп салатын жер учаскесі әлі анықталмаған, табылмаған. Өйткені ауыл ішінде мектеп, балалар ойыны алаңдарын салатын бос жер жоқ.
Үш көшенің жолына асфальт төселеді
Қала шетіндегі бұл ықшам ауданға баратын автобус қатынасы да жоқ. Кездесуге келгендер қала мен кент ортасына автобус жүрмейтіндіктен балаларының қала мектептеріне баруы қысы-жазы мұңға айналғанын айтты. Өскемен жолаушылар тасымалын басқару орталығының өкілі тас-талқаны шығып жатқан Шмелев лог көшелерінің жолымен ешқандай қоғамдық көліктің жүре алмайтынын, мәселе жол жөнделген кезде ғана шешімін табатынын жеткізді. Бұл жауапты естіп, әрі-сәрі күйде қалған тұрғындар қала әкіміне қарады…
Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
– Биыл Шмелев лог кентінде бірқатар жаңа өзгеріс болады. Үш көшенің асфальт жабындысы толық ауыстырылып орта жөндеуден өтеді. Алты шақырымдай жолға қиыршық тас төселеді. Жұмыс комиссиясының шешімімен кент көшелері кезең-кезеңмен жөнделеді. Жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасынан басталады.
Қазір елді мекенге жаңадан су құбырлары тартылып, үйлерге ауызсу кіргізіліп жатыр.
Қаңғыбас иттердің көзін құртады
Өскеменнің барлық ықшам аудандарындағыдай Шмелев логта да қаңғыбас иттер қаптап жүр. Мұны біреулер кент жанындағы қалалық қоқыс полигонынан көрсе, енді біреулер «Өскемен ветеринария» ит аулау мекемесінің жауапсыздығынан көреді. Тұрғындардың айтуынша, аталған мекеме полигон іргесіндегі кентте бұралқы иттердің шектен тыс көбейгеніне қарамастан осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған. Бір көшенің бойында 10-15 иттен өріп жүреді.
Жергілікті тұрғындар әсіресе, таңертең үлкендер жұмысқа, оқушылар мектепке бара алмайды десті.
– Тұрғындардың арызын алдым. Дүйсенбі күні кентке ит аулаушыларды жібереміз. Өскемен қаласы бойынша иесіз иттер өте көп. Олардың саны 5 мыңға дейін барады. Күшіктері де көп. 9 сәуірде бір жылға тендер ұтып алдық. Екі машина шығу керек еді, біреуі сынып тұр, жөндейміз. Қажетті қаржы бөлінді. Жұмысқа кірісеміз енді, – деп жауап берді кент тұрғындарымен жарыса: «иттердің көзін қашан құртасыздар» деген сұрағымызға «Өскемен-Вет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері Жұмабек Рахимов.
Түнде кенттің тас қараңғы көшелерімен жүру тіпті қиын. Қала әкімінің тұрғындар алдында айтқанындай, биыл ықшам ауданның бірнеше көшесі жарықтандырылып, тротуарлар салынады.
– Кентке бір автобус керек-ақ. Оқушылар екі жарым шақырым жол жүріп, қалаға баратын тас жолдағы автобус тоқтайтын аялдамаға жаяу- жалпы әрең жетеді. Бұл, әсіресе, балалардың өмірі үшін аса қауіпті. Қыстыгүні аязда кетіп бара жатып жолдан кішкентай балаларды көрсем алып кетемін, обал ғой балаларға. Арнайы автобус шығармай-ақ, Ушанов ауылына баратын 352-ші автобустың жолдан Шмелев логқа кіруіне мүмкіндік жасаңыздаршы деп былтыр да өтінгенбіз, бірақ әлі күнге дейін ол өтінішіміз де орындалмай келе жатыр, – дейді Шмелев лог кентінің тұрғыны Бақытбек Ақтанов.
Бұған Өскемен қалалық жолаушылар тасымалын басқару орталығының өкілі кент жолының үлкен автобустарды жүргізуге келмейтіні, жолдың жөнделмегені, ені тарлығы ешқандай мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
Қоқыс полигоны зардабын тигізіп жатыр
Қала әкіміне Шмелев логтың халқы қалалық тұрмыстық қалдықтар полигонының зардабын әбден тартып келе жатқанын да ашына айтты. Олар қоршалмай, жан-жақта қобырап жатқан қоқыстар, желмен ұшып жатқан қағаздар күре жолдың бойына дейін шашылып жатқандығын айтты. Сасыған иісі төңіректегі елді мекендерге жетіп жататыны өз алдына, айналаның бәрі аяқ алып жүргісіз.
Алайда дәл қазір полигонды жауып, басқа жерден жаңасын салатындай Өскеменнің маңайында бос жатқан жер жоқ. Бәрі жекеменшіктің қолындағы ауыл шаруашылығы жерлері көрінеді. Қазіргі күні Ұлан, Глубокое аудандарынан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ашу жоспарланып отыр. Бірақ, нақты қай ауданда, қай жерде ашылатыны әзірге белгісіз.
Шмелев лог тұрғындары кездесуге келген қала әкіміне, қалалық бөлімдер мен мекемелердің басшыларына біз де игілігін көрсек, біздің кентте де қолға алынып, іске асырылса деген тілекпен басқа да өтініш, ұсыныстарын жеткізді.