Мәдениет

Ұлттық өнерді ұлықтаған ұжым

Мейрамтай Иманғали

 Өңіріміздегі ұлтымыздың  күмбірлеген күйі мен әуелеген әнін ұлықтап жүрген өнер ұжымының бірі «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі. Облыстық мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» мекемесіне қарайтын ансамбль сәрсенбі күні өзінің 20 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт берді.

Ғасырлар қойнауынан жеткен сиқырлы саз бен көне күйдің күмбірін сағынған жұрт сәрсенбі күні кешкісін  «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мерекелік концертіне ағылды. Бір жағынан бұл концертті өңіріміздегі айтулы өнер ұжымының есеп беру концерті десе де болғандай. Сонау  2003 жылы құрылған өнер ұжымы бүгін 20 жылдық белесті бағындырып отыр. 20 жыл… Әрине, аз уақыт емес. О баста құрылғанда-ақ бұл өнер ұжымы ұлт өнерін ұлықтауды     мұрат еткен болатын. Қазір де сол бағыттан айныған жоқ.

Концерттің ашылу салтанатында   Шығыс Қазақстан облысы бойынша мәдениет саласы  қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Т.Түсіпбеков сөз алып, өнер ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жалпы «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрылуына  дәл осы Түсіпхан Түсіпбеков ағамыз мұрындық болыпты. Ол   залда жиналған қауымға осыдан 20 жыл бұрын  «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қалай дүниеге келгенін әңгімелеп те берді.

Ол кезде Өскеменде Байжігіт атындағы  оркестрден басқа кіші музыкалық ұжым жоқ еді. Әрине, 50-60 адамдық оркестрді ары-бері сүйреп жүре алмайсың. Ал 12-13 адамдық шағын ұжым кез келген жерге барып, өнер көрсете алады. Ансамбль 2003 жылы құрылып,  2004 жылы қаладағы «Корона» деген мейрамханада Президенттің алдында өнер көрсетті.  Бұл ансамбльдің  алғашқы тырнақалды,  жауапты шараға қатысуы болатын. Содан бері «Алтай» ансамблі түркі тектес халықтың атажұрты, алтын бесігі – Алтайдың атын ешуақытта аласартқан жоқ. Қалың жұртты өнерімен тәнті етіп келе жатыр. Сондай-ақ  бүгінгі таңда өнер адамдарына өте үлкен қолдау көрсетіліп отыр.  Тек «Ертіс концерт» ұжымының өзі жетісіне жеті шара өткізеді.  Ал мәдени шара адамдарды рухани байытады. Ал рухани бай адам ешқашан ешуақытта ешкімнің алдында бас имейді, – деген Т.Түсіпбеков кәсіподақ атынан  ансамбль мүшелерін Алғыс хатпен марапаттады.

«Ертіс концерттің» директоры Данияр Мерғалидің айтуынша, қазіргі күні «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі  мәдениет басқармасы мен облыс әкімдігінің үлкен қолдауын сезініп отыр. Оны ансамбльдің музыкалық аспаптары, сахналық костюмдерінен-ақ байқауға болады. Алдағы жоспар  ауқымды.  Ансамбль шетелге шығып, қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытады деген үміт бар.

Менің де осы ансамбльде еңбек етіп келе жатқаныма 20 жыл толып отыр. 2002 жылы қыркүйек айында Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, елге, жерге қызмет етейін деп туған жерге оралған болатынмын. Жалпы өзім Зайсанның Қараталынан боламын. 2003 жылы  «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құрылды.   Ансамбльдің алғашқы жетекшісі Аягөз ауданы, Ақши ауылының тумасы Архат Сыдықов болды.  Консерваторияны бітірген мықты домбырашы еді. Қазір марқұм болып кетті. Ансамбльдің құрамында 12 адам болдық. Қазіргі күні де 12 адам бар. Бірақ құрам өзгерді.  Репертуарымызда тек қазақ әндері ғана емес, шетел композиторларының да әндері бар. Ансамбль облыстық, республикалық талай конкурста лауреат атанды.  Өнер ұжымының шығармашылық өмірі өте қызықты. Үнемі концерттік бағдарламаларға қатысып, гастрольге шығамыз, – дейді «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Анар Бөкеева.

Өнер ұжымын  40 жыл бойы қазақтың әні мен күйін, қазақтың ұлттық киімін, көнеден келе жатқан аспабын дәріптеп келе жатқан  Алматыдағы   «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі құттықтады.  «Сіздерге осы «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жолын берсін» деді әріптестері.

Мерекелік концертте «An.Sal.Dar»  тобы, «Алтай» халық би ансамблі, «Alem sazy» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті.  Осылайша көрермен қауым қазақтың құдіретті күйі мен көңіл шалқытар әндерін тыңдап, құлақ құрышын қандырды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button