ЖаңалықтарМәдениетТОП

ШҚО-да Шемонаиха өнерпаздарының гала-концерті өтті

Өскеменде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Туған ел – алтын бесігім» жобасын Шемонаиха ауданы жалғастырды. Ауданның мәдени күндеріне орай «Ертіс концерт»  орталығында гала-концерт өтіп, көрме ұйымдастырылды.

Шемонаиха ауданының мәдениеті мен өнерін паш ететін көрмелер галереясы мен концертін облыс әкімі де жұртпен бірге тамашалады. Көпшіліктің назарына суреттер, мүсіндер, қуыршақтар және кітаптар көрмесі ұсынылды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Бүгін ауданымыздың мәдени күндеріне орай қуыршақтар көрмесін алып келдік. Бұл жердегі қуыршақтар әр түрлі ұлт өкілдерінің бейнесінде жасалған. Осылай көп ұлтты ауданымыздың бірлігін көрсеткіміз келді, – дейді Меруерт Иманбаева.

Сонымен қатар көрмеге ағаштан жасалған QR-кітап та қойылыпты. Кітаптың әр бетіне аудан тарихынан сыр шертетін суреттер салынып, ақпараты QR-код арқылы берілген. Осындай ой салар көрмені тамашалған жұрттың қарасы көп болды.

– Биыл әр ауданның мәдениеті мен өнерін тамашалауға мүмкіндік туды. Күзден бері “Туған жер – алтын бесігім” жобасы аясында өтіп келе жатқан гала коцерттерді көріп, жәрмеңкелерге барып келеміз. Бүгінгі көрмелерді көріп, Шемонаиха ауданының тарихымен, өнерімен таныс болып жатырмыз. Концертте қазақтың халық әндер шырқалып, биі биленіп, ақ шашуы шашылғаны көңілге қуаныш сыйлады, – дейді қала тұрғыны Қарлығаш Оразбекқызы.

Ертіс концерт орталығында өткен концертте қазақтың халық әндері шырқалып, ақ шашуы шашылды. Әні мен сәні жарасқан әдемі кешке қала тұрғындары куә болып, тамашалап қайтты.

Айта кетейік, ертең Өскеменде Шемонаиха ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді.

Автор: Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button