Мәдениет

Көше музыканттары керек пе?

Көшпелі көше музыканттары қаланың әр жерінде ән салып тұратыны бәрімізге аян. Бұл әсілі бізге шетелден келген мәдениет болса керек-ті. Бәлкім, байырғы мәдениетімізде болған да шығар. Алайда біреу «қайыршылық деп», біреу «өнер» деп қарайтын бұл мәдениетті болмысымыз толықтай қабылдаған емес.

Бұл мәселе күні кеше мемлекеттік деңгейде көтерілді. Көшеде ән салып тұратын өнерпаздардың әрекетін журналистер жоғары билікке жеткізді, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев қала көшелерінде ән айтып отыратын музыканттарға қатысты пікір білдірді.

– Ал басқа жерлерде музыканттардың өнеріне кедергі келтіру дұрыс емес деп санаймын. Егер жақын жерде орналасқан үйдің тұрғындары шағымданса, онда полицейлер тиісті әрекет жасайтыны түсінікті. Жаяу жүргіншілер көпірінде ән айтып отырса, бұған ешқандай шектеу жоқ. Мен осы мәселені зерттеп шығып, осыған қатысты егжей-тегжейлі жауап берейін. Сондықтан қай жерде қандай оқиға болғаны жайында нақты фактіні қарастыру керек, – деді Әкімшілік полиция комитетінің басшысы.

Иә, өзгеге кедергі келтірмесе бұл мәдениетті де болмысымызға сіңіре білген дұрыс шығар. Өйткені бұл өнердің кең қанат жаюына өзіндік үлесін қоспақ.

 – Бізге көше әншілеріне қайыршы ретінде қараудың керегі жоқ деп ойлаймын. Олар да өзінше өнердің өкілі. Қаладағы алеяларда, мейлі, базарда болсын әнін айтып, гитарасын тартып тұра берсін. Көңіліне жаққан адам тыңдайды, өнертабысын да беріп кетеді. Бұны біз жат көргенімізбен әлемде бар үрдіс ғой. Тәп-тәуір ән айтып, көңілді көтеріп тастайтын өнерпаздарды көріп жүрміз. Мен өзім қарсы емеспін. Сондықтан оларды полициямен қуып, қақпай көрсетудің қажеті жоқ деп ойлаймын, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Аманкелді Қуанғанұлы.

Халықтың көше музыканттарына қарсы шығып жатқанын көп көрген жоқпыз. Сондықтан да оларды қудалаудың қажеті шамалы. Бәлкім өнердің дамуына өзіндік үлесін қосатын шығар, қоспаған күннің өзінде ешқандай зияны жоқ екені бесенеден белгілі.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button