ӘскерҚоғамМәдениетТОП

Үздік шекарашылар марапатталды

«Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» республикалық байқауы мәресіне жетті. Аталмыш шарада шығыс өңірінің шекарашылары үздіктердің қатарынан табылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты халыққа жолдауы аясында «Bilim-Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» республикалық байқауының нәтижесі белгілі болды.

Тәуелсіздік жылдарында өз кәсібінің шебері болған және елдің дамуына үлес қосып, жастарға үлгі көрсеткен азаматтарды қоғамда танымал ету мақсатымен қолға алынған шарада білім және ғылым саласындағы мамандар, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, бухгалтерлер, спортшылар, заң саласының қызметкерлері, әскерилер және мемлекеттік қызметшілер бақ сынады.

Байқау нәтижесінде ҰҚК Шекара қызметі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің Күршім ауданы бойынша Шекара басқармасының әскери қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» номинациясы бойынша тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмысы бөлімінің аға офицері капитан Нұрдаулет Анапияев пен арнайы мақсаттағы топтың офицері капитан Аслан Нұрсейітов биіктен көрінсе, «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» номинациясы бойынша» арнайы мақсаттағы топтың аға барлаушысы кіші сержант Қайырхан Алдырбаев марапатталды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 желтоқсанда Астана қаласының Министрліктер үйінде өтті. Үздің деп танылған мамандарға «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» және «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» энциклопедиялары, төсбелгілер, куәліктер және Құрмет грамоталары табысталды.

Өңірдің абыройын асқақтатқан Күршім ауданы бойынша Шекара басқармасының әскери қызметкерлері мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетуде жауапты әрі күрделі міндеттерді орындайтынын тағы да дәлелдеді. Олар жас буынға ел мүддесіне адал қызмет етудің үлгісін көрсетті.

 

Осы айдарда

Back to top button