Жолың болсын, жас түлек!

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. Жас түлектерді қимас сезімге бөлеп, барлық мектепте соңғы қоңырау соғылды. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Ұлан ауданы Таврия ауылындағы орта мектепте болып, жиналған қауымға жылы лебізін білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында Әсем Нүсіпова әр ұлттың болашағы оның білімді азаматтарына байланысты екенін, сондықтан мемлекет тарапынан білім саласына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары мектеп бітіруші түлектерді құттықтап, ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтауына тілектес екенін білдірді.
– Бүгін сендер үшін өте маңызды күн. Өмірдің бір белесіне қадам бастыңдар. Алдағы өмірлеріңе тек сәттілік тілеймін. Мәртебелі оқу орындарына түсіп, еліміздің дамуына үлес қосатын мықты маман болыңдар. Білім қуып ешқайда кетудің қажеті жоқ. Ол үшін облыста барлық жағдай жасалған. Осы мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 400 грант бөлінген. Бұдан бөлек техникалық және кәсіптік білім жүйесі бойынша оқуын жалғастырғысы келетін түлектерге 7200-ден астам орын қарастырылған, – деді Әсем Нүсіпова.
Соңғы қоңырауды 11-сынып оқушысы Кирилл Павлюк пен 1-сынып оқушысы Балнұр Агимбаева соқты. Жез қоңыраудың сыңғырлаған үні жас түлектердің жүрегіне мәңгі ұялап қалатыны анық.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аталған мектептегі «Рухани жаңғыру» кабинетінің жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Бұдан соң Әсем Нүсіпова мектептің кітапханасын, IT-сыныптары мен кабинеттерін аралап көрді, жекелеген ұстаздармен сөйлесті. Мәселен, ол IT-сыныпта аталмыш саланы жетік меңгерген мұғалімдермен пікірлесті. Бұл сыныпта 3-11 сынып оқушылары түрлі тәжірибе жұмыстарын жүргізе алады. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары кітапханадағы электронды нұсқада жасалған кітаптар мен киелі жерлердің картасын көріп, жоғары бағасын берді.
Айта кетейік, өңірімізде 655 мектеп жұмыс істейді. Онда 184 671 бала білім алуда. Биыл соның 8490-ы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды.
– Екінші қызым 11-сыныпты бітіріп жатыр. Осы мектепке қабылданғаны кеше ғана сияқты еді. Уақыт дегеніңіз көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шығыпты. Біртүрлі толқып та тұрмыз. Қызымнан үлкен үміт күтемін. Бұл мектептен көп нәрсені үйреніп, үлкен өмірге қанат қағып бара жатыр. Енді болашақта қызымның жолы ақ болып, аңсаған арманына жетуін тілеймін, – деді соңғы қоңырау салтанатына қатысқан Таврия ауылының тұрғыны Динара Оспанова.
Мектеп бітіруші түлектерді енді алда үлкен сын күтіп тұр. Жалпы биыл облыс бойынша мектеп бітіргелі отырған 8490 түлектің 658-і «Алтын белгіден», ал 383-і ерекше үлгідегі аттестаттан үміткер екенін атап өткен орынды.
Тавриядағы орта мектептің директоры Мұxамедсапа Мұxитовтың айтуынша, биыл 17 түлек жаңа өмірге қанат қаққалы отыр. Оның ішінде 10-ы жұмысшы мамандықтарын таңдап, өңірдегі колледждерге оқуға тапсырмақ. Ал қалған жетеуі ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, облыстағы белді университеттерде білім алуды армандайды.
– Әрбір баланың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Сәт сапар жас түлектер! Болашақтарың жарқын болсын, – деді Мұхамедсапа Мұхитов.
Бұл күні ұстаздарына жүрекжарды жыры мен жылы сөзін арнаған түлектердің жанарынан қимастық сезімді байқадық.
– Мектептегі соңғы күндер сондай жылдам өте шықты. Уақыт жақындаған сайын сыныптастарыңа, ұстаздарыңа деген қимастық сезім үдей түседі екен. Қайда жүрсем де, олар менің жүрегімде қалады, – дейді осы мектептің түлегі Ботагөз Закирова.
Бойжеткеннің ендігі мақсаты – ақ халатты абзал жан атану. Ендеше үлкен өмірге қадам басқан барша түлекке ақ жол тілейміз.
Айта кетейік, бүгінде өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, мектеп бітіруші түлектердің басқа елге кетуін азайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Нәтижесінде шетелге, оның ішінде Ресейге кететін түлектер саны азайған (2016 жылы – 1800, 2017 жылы – 890, 2018 жылы – 600). Мәселен, биыл 520 бала шетелдегі жоғары оқу орындарына түсуді жоспарласа, бес мыңнан астам оқушы облыстағы колледждерге оқуға түседі деп күтілуде. Сонымен қатар ағымдағы оқу жылында 21 мың шығысқазақстандық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ.
– Гранттар саны өсті. Басты мақсат – өңір жастарының туып-өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, білікті мамандар ретінде қалыптастыру, – деді Сайрангүл Жұмаділова.
***
Осы күні Өскемендегі Амфитеатрда қала мектептерінің барлығына арналған салтанатты соңғы қоңырау рәсімі өтті. Оған 1603 жас түлек қатысты. Оның 128-і – «Алтын белгі», 87-сі үздік аттестатқа ұсынылғанын атап өткен орынды.
Салтанатты іс-шара барысында үздік оқыған мақтаулы түлектер сый-құрметке бөленді.
– Баршаңызды кезекті оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Әр оқушы бір жыл көлемінде сапалы білім мен саналы тәрбие алып шықты. Ал биыл мектепті қаламыздың 1603 оқушысы тәмамдады. Енді оларды алда үлкен сынақ күтіп тұр. Болашақта сіздер ел үмітін ақтайтын, білікті маман болатындарыңызға сенімім мол, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Мектеп бітіру кешіне танымал эстрада әншісі Айқын Төлепберген арнайы келіп, әннен шашу шашты.
Ажар Сағатбекова