Қоғам

Сақшылар отбасы бақыт құпиясымен бөлісті

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні.  Бұл мерекенің мақсаты қоғамның іргетасы болып саналатын отбасын дәріптеу, адами құндылықтарды насихаттау екені даусыз. Қоғамдағы ең жауапты, күні-түні жұмыс істеуді қажет ететін  полиция органдарында қызмет істейтін ерлі-зайыпты Абзал Құрманов пен жұбайы Салтанат Кабимоллаева бала тәрбиесі мен жанұяда бақытты болудың қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Адамның жеке басының құндылықтары – бойындағы адамгершілік, әділеттілік, ізеттілік сияқты қасиеттер жанұяда қалыптасады. Отбасы – жанұядағы балалардың қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама беретін маңызды орта.

Шемонайха аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Абзал Құрманов пен  полиция бөлімінде инспектор болып істейтін  жұбайы Салтанат Кабимоллаева екеуі үш бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.

Абзал Абайдың кіндік қаны тамған жері – Қарауылдың тумасы. Әулетте атасының жолын қуып, құқық қорғау органында қызмет ететін жалғыз немересі. Ол кісі кезінде бас бостандығынан айырылғандардың мекемесін басқарған, өмірден ерте озыпты.

– Қазақта «қыз – үйдің қонағы» дейді. Сол себепті қыз баланы әкесі еркелетіп, ерекше көңіл бөліп отырған, онымен әңгімелесіп, ақылын берген. Қызметім қанша қиын болса да, отбасыммен өткізуге уақыт табуға тысамын. Өйткені әкенің  бала тәрбиесіндегі рөлі анасынан кем емес, – дейді Абзал Құрманов.

Інжу мен Аяла есімді қыздары,  Ислам деген ұлы бар. Қазіргі мақсаттары – балалардың ой-санасын, өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, не нәрсеге  асық, не нәрседен қашық болуға бағдар беру екенін айтады. Отағасының ойынша, ата-ана мен бала арасында сенім, түсіністік болу үшін олармен үнемі сөйлесіп, пікірлерін тыңдап, қажет болса, ақыл беріп отырған дұрыс. Балалары ата мен әже тәрбиесін де көріп, өсіп келеді. Сәбит аталары тарих туралы, шежіре, шығу тектері жайында қызықты әңгімелеп береді, апалары үй тапсырмасын орындауды қадағалап, көмектеседі.

Құрмановтар отбасындағы бақыттың басты құпиясы – барлық шешімді бірлесіп қабылдайды, анасы мен әкесі балалары алдында бір-бірінің беделін көтеріп отырады.

-Жұбайым Салтанат текті жердің қызы, өте ақылды. Менің қызметім көбінде түзде. Оның жұмыс уақыты шектеулі болғандықтан, негізінен тәрбиемен сол кісі айналысады. Бос уақытымызда  кітап оқығанды, серуендеуді,  көлікпен қыдырғанды ұнатамыз. Ұрпағымыздың бойына атамекенге, елге деген сүйіспеншілікті дарыту мақсатында туған өлкеміздің киелі жерлерін аралаймыз.  Ән айтуды ұнатамыз, бала кезімде өзім де ән айтқам. Қазір балаларым әсіресе көлікпен жүргенде ән айтқанда,  жол қысқарады. – деп қосты отағасы.

Абзалдың өзі бала кезінен бокспен айналысқан, спорт шеберлігіне үміткер, Астанадағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі. Содан болар, үш баласы да спортқа жақын. Қыздары көркем гимнастикадан қазірдің өзінде жүлделі орындардан көрініп жүрсе, Исламның бокспен айналысқанына көп болмапты.

-Соған қарамастан бойынан намысшылдықты, табандылықты байқаймын.  Болашақта спортта жақсы жетістіктерге жетеді деп сенемін,- дейді әкесі.

Абзал мен Салтанат балаларымен көп уақыт өткізуге тырысады.

– «Адам ұрпағымен бай» деген, сол себепті  бар байлығымыз – балаларымыз, бар ресурсымызды солардың тәрбиесі мен біліміне салуға тырысамыз. Болашақтары жарқын болу үшін қазірден еңбек пен спортқа баулуды дұрыс деп санаймыз, өмірлік мақсаттары туралы әңгімелесеміз, – деді ерлі-зайыптылар.

Осы айдарда

Back to top button