ҚоғамТОП

Өскемендегі көпқабатты үйлерге жөндеу жүргізіледі


Шығыстың бас шаһарындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін бояп, жаңалау биыл да жалғасып жатыр. Сұрқы қашып, мүжіліп бара жатқан «брежневка», «хрущевка», «сталинкалар» Өскеменнің сәнін кетіріп тұрғанымен, мәнін кетірген жоқ. Себебі оларды қаладағы баспанасы, шаңырағы етіп қарақұрым халық тұрып жатыр. Тұрғындар тозған үйде тұруға төзгенімен, баспаналар төзе ме? Өскемендегі 1788 көпқабатты тұрғын үйдің 70 пайыздан астамы салынғанына 60 жылдан көп уақыт өткен ескі үйлер, апаттық жағдайда тұрғандары да аз емес. 

Апатты үйлерде тұрып жатыр

Өскемендегі тұрғын үй қорының қазіргі жағдайы осындай. Сылап-сипап, жамап-жасқап қойғанымен, қайта-қайта алқам-салқам болып қала беретін көне үйлерден бөлек облыс орталығында мүлдем тұруға келмейді деген 37 апатты жағдайдағы үй бар. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі мамандарының айтуынша, 37 апатты жағдайдағы үйде 337 отбасы тұрып жатыр. Бұл баспаналар қаланың Аблакетка, Промбаза, Согра, «Пром площадка» ықшам аудандарында, Гагарин бульвары бойындағы Л.Чайкина көшесінде орналасқан. Мұндай үйлер өңіріміздің аудан орталықтарында жетеді.

Іргетасы құлағалы тұрған үйлердің тұрғындары жаңа қонысқа қашан көшіріледі, тозған үйлер қашан сүріледі?

Өскемен қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі, тұрғын үй инспекциясының өкілдері апатты үйлерді паналап келе жатқандардың көшірілетінін айтты. Алайда нақты қашан екені белгісіз. Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Өскемен қаласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған жол картасы аясында «Өскемен қаласындағы апатты жағдайдағы үйлерді жаңалау» бағдарламасы жасалған. Аталған бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын іс-шараларға сәйкес апатты жағдайда тұрған 37 үйдің тұрғындары 2025-2029 жылдар аралығында басқа үйлерге көшірілмек.

Несиеге жөнделеді

Қымбат Абышева, Өскемен қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі, тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

– 2023 жылы еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдар енді Өскемендегі, қалалар мен аудан орталықтарындағы тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйлерге жеңілдетілген несие бөлу арқылы жөндеу жүргізеді. Қазір тұрғын үй қатынастары бөлімі тарапынан көппәтерлі үйлерді күтіп ұстауға түбегейлі жөндеу жүргізуге арналған бағдарлама дайындалып жатыр. Бағдарлама бойынша мемлекеттен бөлінген несие қаражатына тұрғындар өз үйлерін жөндейді, қаржы бірнеше жылға бөлініп беріліп, қайтарылады. Бағдарлама алдағы бір-екі ай көлемінде бекітіліп, жүзеге асырылады. Жөндеу жұмыстары республикалық бюджеттен қаражаттың бөлінуіне байланысты басталады. Несие қаражаты 4 пайыздан басталады. Ең басында бірнеше үйді жөндеуге белгілі бір мөлшерде қаражат беріледі. Баспаналарды жөндеу жұмыстары одан әрі тұрғындардан қайтарылып отыратын несие қаржысы есебінен жүргізіледі, қайтарылған қаржы келесі үйлерді жөндеуге бөлінеді. Көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелері өз үйлерін күтіп ұстауы керек. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 35-тармағына сәйкес ортақ мүлікті күтіп ұстау пәтер иелерінің міндеті. Күрделі, ауқымды жөндеуді ПИК-термен (КСК), мүлік иелері бірлестігімен (ОСИ) бірлесе отырып тұрғындар өздері жүргізеді.

2011 жылдан бастап 2016 жылға дейін Өскеменде, облыстағы бірқатар қалада және аудан орталығында Қазақстандағы тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша бірнеше жүздеген үйге терможаңғырту жүргізілген болатын.

Бірақ «жөнделді» деген сол көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің қасбеті қайта құлап қалып, екіншісінің шала жабылған төбесінен су кетіп, үшіншісінің шатыры оңбай ұшып, талайдың жүйкесін тоздырғаны елдің есінде. Жобадағы қалың қаңылтыр шатырдың орнына жұқасын салып, оны жобадағыдай етіп көрсеткен мердігерлердің түрлі-түрлі көзбояушылыққа барғаны белгілі.

Сол кезде аймақта терможаңғырту жұмыстарын жүргізумен айналысу үшін «Шығыс Қазақстан облысы тұрғын үй пайдалану басқармасы» ЖШС құрылып, іске кіріскен. Кейін жөндеу жұмыстары сапасыз атқарылғандығы анықталып, оның соңы тұрғындар мен мердігерлер арасындағы айға, жылға созылған сотқа ұласқан еді. Бұл жағдайдан осы салаға жауапты орындар да, халық та сабақ алуға тиіс.

ПИК және МИБ: қайсысы қолайлы?

Тұрғын үй қорын тиімді басқаруға, күтіп ұстауға орай, бүгінгі таңда бүкіл еліміздегідей Өскемендегі көппәтерлі тұрғын үйлер де басқарудың жаңа жүйесіне көшіп жатыр. Көпқабатты үйлердің проблемасын шешуде ПИК-тердің (пәтер иелері кооперативтері) өзін-өзі ақтамағандығы туралы әңгіме жиі айтылады. Бірнеше үйді ПИК-ке қосып алған төрағалар ақшаны жинап алғанымен мақсатты жұмсай алмай, қаншама үйдің су құбыры шіріп, қараусыз күйге түсті. Өскемендегі есті шығарған ескі үйлерге ПИК-тердің жүйесіз жұмысының да тигізген зардабы аз емес.  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, 2020 жылдан бері бұрынғы ПИК-тердің орнына мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ-ОСИ)  құрылып, қазір үйлердің көпшілігі өзін-өзі басқаруда. Мамандар тұрғындардан жиналған ақша қаражатын дұрыс, әділ бөлуге бағытталған МИБ жұмысы ПИК-терге қарағанда анағұрлым тиімді, қолайлы екендігін айтады. МИБ құрған әр үйдің жеке есепшоты, ағымдағы шоты бар. Бір МИБ-ке тек бір үй кіретіндіктен әр үйдің ақшасы өзіне ғана беріледі. Яғни тұрғындардың эксплуатациялық шығындарға бөлінген ақшасы өз үйлеріне ғана жұмсалады. Мысалы, бұрын ПИК-те бір тоғыз қабатты үй және бір бес қабатты үй болса екеуінде тұрып жатқан тұрғындар санының, олардан түскен ақшаның айырмашылығына қарамастан қаражат ПИК-ке кіретін үйлердің  бәріне бірдей бөлінетін. Бір үй бір үй арқылы өмір сүрді. Тұрғын үй қатынастары заңына сай МИБ-тің басшысы өз үйінен сайланады, егер мұндай тұлға табылмаса, үй иелері басқару компаниялары арқылы келісімшартпен жұмыс істейді. Үйден бір жауапты тұлға тағайындалып, өздерінің МИБ құзіретін сол басқару компанияларының өкіліне тапсырады. Басқару компанияларының тізімін жергілікті жердегі қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінен алуға немесе интернет ресурстар арқылы табуға болады. МИБ пен ПИК-ті салыстырып отырған сарапшылар да МИБ жұмысы тиімділігін көрсете бастағанын айтуда. Заң бойынша, егер көпқабатты үйде 30 пәтерге дейін ғана болса онда ол үйдің иелері жай серіктестік (ЖС/ПТ) құрады. Тек 30 пәтерден артық болса МИБ құра алады. ЖС заңды тұлға болып саналмайды. Тұрғын үй қатынастары туралы заң бойынша тұрғындар ПИК-те қала берсе де болады. Қазір Өскеменде 314 ЖС, 309 МИБ бар. Қалғаны ПИК-тер мен басқару компанияларының қарамағында.

МИБ-ке өтіп жатқандардың көбі жаңадан салынған үйлер, соның ішінде дені КШТ ықшам ауданындағы үйлер.

Өскеменде ешқайда кірмей өздерімен-өздері қалған көппәтерлі тұрғын үйлер де бар. Олардың бірсыпырасы былтыр ПИК-ке кіргізілсе, қазір ешқайда енбеген төрт үй қалыпты.  Мәселен, Тәуелсіздік даңғылы 3,  Әл Фараби даңғылы, 2/1 мекенжайындағы үйлер не ПИК-ке, не МИБ-ке кірмеген. Мұндай үйлерді жылыту маусымына даярлаудың қиындығы көп. Ал алда-жалда апатты жағдай болып жарықсыз қалса, мәселені шұғыл шешуге мүмкіндік аз. Қыл аяғы лифт бұзылып қалса да зардабын тұрғындардың өзі тартады. «Ешкімге ешқандай ақша төлемейміз, өз күнімізді өзіміз көреміз» деп қаржысын үнемдеуге тырысқанымен, ертеңгі күні қысылтаяң сәт туса тығырықтан шығу мұң болады. Сондықтан қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі, тұрғын үй инспекциясы мамандары иесіз үйлердің тұрғындарын ПИК-тер мен МИБ-ке қосуға күш салып отыр.

Лифт демекші, облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерде барлығы 812 лифт тіркелген. Олардың 118-і жөндеуді қажет етеді.

Қалаға бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін Өскеменнің орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырлары жөнделіп жатыр. Былтыр  Тәуелсіздік даңғылы, С.Нұрмағамбетов, Чехов көшелерінің бойындағы 35 үйдің қасбеті боялып, жаңаланған. Биыл бірінші кезеңде Шәкәрім және Тәуелсіздік даңғылдары, сондай-ақ Қазақстан көшесі бойындағы жиыны 34 үйдің қасбетіне жөндеу жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары сәуірдің ортасынан басталды.

– Қазір Өскеменде тұрғындар эксплуатациялық шығын үшін әр шаршы метрге 35 теңге 35 тиын төлейді, бұл негізінен жаңа үйлерге белгіленген баға. Егер бес қабатты үйдің салынғанына 60 жылдан асса, оның коэффициенті 1,6 болады. Ескі үйлердің эксплуатациялық шығыны көп. Үй ескі болған сайын оның коэффициенті жоғарылай береді. Мысалы, ескі үйлерде коэффициент 1,6-1,7 болуы мүмкін. Осы коэффициентті 35 теңге 35 тиынға көбейтеміз, сонда ескі үйлердегілер пәтердің бір шаршы метріне 50 теңгеден астам ақша төлейді. Ол шығынды тұрғындар жалпы жиналыста қабылданған шешім бойынша төлейді. ПИК немесе МИБ эксплуатациялық шығын үшін шаршы метріне ең төменгі, яғни, 35 теңге 35 тиыннан асатын сомаға тариф қабылдайтын болса, ол міндетті түрде пәтер иелерінің жиналысы арқылы бекітіледі.

Тұрғындар тұрғын үй қатынастарына қатысты мәселелермен бізге, Тургенев көшесі, 30 мекенжайына, тұрғын үй қатынастары бөліміне келуіне немесе 60-98-66 телефон нөмірімен хабарласуына болады, -дейді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі, тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Қымбат Абышева.

Көріп, көніп келеді

– Тәуелсіздік даңғылы бойындағы «хрущевкада» тұрып жатырмыз. Осыдан он жыл бұрын ауылдан көшіп келіп, осы үйден үш бөлмелі пәтер алғанбыз. Сондағысы бар-жоғы 49 шаршы метр. Пәтеріміздің ішінде жөндеу болғанымен, ішкі жылу, су желілері жөнделмеген. Жертөлесінен, подъезден жағымсыз иіс шығып тұрады үнемі, тарақан, тышқан көп. Бұрын мысық көп болатын. Қабырғалары дымқыл сыздан көгеріп кеткен, бірақ жыл сайын жамап, сырлап қояды. Осы үйдің шаршы метріне ай сайын 50 теңге көлемінде төлейміз ПИК-ке. Былтыр ақша жинап, төбесін жөндеткен болды. Әйтеуір, ауласын сыпырып тұрады. Оның үстіне Спорт сарайынан бастап Защита ықшам ауданына дейінгі аумақ ауасы өте лас аудан болып саналатынын білесіз. Біздің үй ипотекаға жатпайды екен. «Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық», кезінде бала-шағамызбен қолдағы ақшамызға қарайлап, осы үйді алғанбыз. Ол кезде аса тозған жоқ еді. Біздікіндей пәтерін көршім қазір 17 миллион теңгеге, тек қолма-қол ақшаға сатып жатыр. Әзірге алушы табылмады. Банк кепілдікке 1964 жылдан кейін салынған үйлерді ғана алады екен. КШТ-дағы жаңа үйлердің бәрі «коробка» дейді, ескі үйлерді «әбден тозған» дейміз. Сонда қалада  тұруға келетін үй қалмаған сияқты ғой, сірә. Соған қарамастан Өскеменде үй қымбат, – дейді қала тұрғыны Зибагүл Мәлікова.

Өскеменнің  қаусап тұрған ескі үйлерінің ахуалы осындай, шығар-шықпас жаны бар. Ескі үйлерге жаңа бағдарламамен дұрыстап сапалы жөндеу жүргізілсе, тағы бірнеше ондаған жылға шыдас берер. Тозған үйдің барлық әуресін көріп, көніп келе жатқан халықтың да көңілі жайланар.

Осы айдарда

Back to top button