Облыс орталығындағы көшелердің жарықтандырылуына қатысты тұрғындардан жиі шағым түседі. Мәселенің мән-жайын тілшіміз анықтап қайтты.
Естеріңізге сала кетсек, Өскемен қаласының жарықтандыру желісін жаңғырту жобасы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Жоба бойынша ескірген 16 мың шамды жарықдиодты электр үнемдегіш түріне ауыстырып, жарық ағынын бірқалыпты реттеуге қол жеткізу көзделген. Ол үшін көше шамдарын автоматты басқаратын бірыңғай диспетчерлік орталық іске қосылды. Жоспарлы жұмыстар толық аяқталғанда электр қуатын 60%-ға дейін үнемдеуге қол жеткізілмек.
Көшені жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ринат Бутажановтың айтуынша, жаңғырту аясында 11 583 көше шамы жаңартылған, 214 басқару шкафы мен 212 км электр желісі ауыстырылған. Алайда орнатылған жарық шамдар жылдам істен шығып қалады немесе мүлдем жанбайды. Жалпы қалада шамамен екі мыңға тарта жарық шам істен шыққан болса, соның 1400-і желілік, 600-дейі әр жерде орналасқан.
– Шамдардың істен шығуының өзіндік себептері бар. Атап айтсақ, көшені жарықтандыру жүйесінің тозуы, тұтынушылар санының өсуі, қолайсыз ауа райы сияқты түрлі жағдайлар әсер етеді. Мәселен, қалада қатты жаңбыр жауса немесе дауыл соқса кейбір учаскелерде жарық сөніп қалады. Сол сияқты жаңғырту кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасыз жүргізілуі де кері әсер етуде. Жоба әлі аяқталған жоқ. Егер Everlight Electronics Co компаниясы өз міндеттерін орындаса, олқылықтар қалпына келтіріледі. Қазір қосалқы мердігер Digital Security компаниясы қалпына келтіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Жалпы, Өскемен көшелерінің жарық шамдарын жаңғырту жобасын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді Ринат Бутажанов.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы бірнеше көшенің жарық шамдары қалпына келтірілген. Жұмыс маусым айының ортасына дейін толық аяқталмақ.
«Digital Security» ЖШС басшысы Данияр Әуеспаев Өскеменде 461 шам жаңартылғанын атап өтті.
– Қаланың орталық көшелері мен жеке сектордағы 461 жарық шам ауыстырылды. Компания мамандары тұрғындардың өтінімі бойынша көшелерді жарықтандыру жүйесін тәулік бойы бақылауда ұстап, қызмет көрсетуде. Сондай-ақ биіктегі және жер астындағы электр желілерін қалпына келтірумен айналысады. Осыған дейін бес шақырым өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған электр желісі ауыстырылып, сегіз басқару шкафының жұмысы реттелді, – деді Данияр Әуеспаев.
Бүгінде ескірген басқару шкафтарын қайта бөлшектеу, сондай-ақ көшелерді жарықтандыру желісіне қосылған бөгде көздерді ажырату мәселелері қарастырылып жатыр. Электр желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясындағы жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталмақ.