Білім

– Дебаттың жастарға үйретері көп, – дейді өскемендік студент

Білсем, көрсем дейтін жастар қазір көп. Алайда, солардың ішінде қажырлы еңбек етіп, даму жолында жанталасып жүргендер аз. Сондай жастың бірі – Жігер Сәрсенбаев.

Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылында өскен ол мектептен кейін Өскемендегі политехникалық колледжді энергетик мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Аманжолов университетінде мемлекеттік басқару мамандығын меңгеріп жүр. Ол былтыр ТМД-ның, ал 2022 жылы еліміздің үздік студенті атанған, сондай-ақ өткен жылы Өскемен әкімінің жастарға арналған «Алау» сыйлығын иеленді.

Жігердің сүйікті ісі – дебат, пікірсайыс алаңында бақ сынауды ұнатады. Қазір Өскемендегі үздік деген пікірсайысшылардың қатарында. Бұған дейін қаладағы пікірсайыс қауымдастығының жұмысын үйлестіруге атсалысқан.

– Дебатқа қатысудағы басты мақсатым – жеңу емес, тәжірибе жинау, ойымды еркін әрі ұғынықты жеткізуге үйрену. Дебаттың адам үшін пайдасы зор, қоғаммен арадағы коммуникация жақсарады. Қазіргі кезде балалардың барлығы дерлік әлеуметтік желіге тәуелді, соның әсерінен бір-бірімен сөйлесуге қорқады, өз пікірін айтуға жасқанады. Ал, дебат осындай олқылықтарды түзетеді. Дебатта көптеген балалармен түрлі тақырыпта сөйлесесің, байланыс орнайды, қоғамға сіңісесің. Қоғамда орны бар, өз ойын ашық жеткізе алатын жастың ертең мемлекетке де пайдасы тиеді. Бұдан бөлек, жеткіншектердің сөздік қоры молаяды. Сондай-ақ жаңа достар табады, уақытын пайдалы өткізеді, – дейді ол.

Түрлі өңірлерде өтетін пікірсайыс жарыстарына қатысып, қала, облыс намысын қорғап жүрген ол қолы бос уақытын кітап оқып, кино көруге, футбол ойнауға арнайды.

– Білесіз бе, мен дипломының құны көк тиын болған, студенттері оқымайтын оқу орындарын жапқызғым келеді. Ол үшін жемқорлықты құрту қажет. Өкінішке қарай, онымен күрес жұмыстарынан нәтиже аз. Бұл мемлекетіміздің дамуына кедергі келтіріп отыр. Коррупция жойылса, еліміздегі барлық мәселе шешілер еді, – дейді Жігер.

Табиғатынан шыншыл Жігер түрлі жиындарда, пікірсайыс алаңында, тіпті достарының арасында осы іспеттес мәселелер көтерілсе, бірден пікірін білдіруге тырысады.

– Өмірлік ұстанымым – таза жүру, әділ, адал болу, ешкімге зиянымды тигізбеу. Өйткені жамандықтың да, жақсылықтың да қайтып келетініне сенемін, – дейді ол. – Өкінішке қарай, қазіргі біздің қоғамда әділет үстемдік етпей тұр. Дегенмен тек шындықты ту етсең, түптің түбінде әділдіктің салтанат құратынына сенемін.

Балауса Оразалықызы

Осы айдарда

Back to top button