Білім

Дидар Мұратұлы: ІТ саласын меңгерген жастар далада қалмайды

Бүгінгі таңда жастарды дамытуға атсалысып жүрген азаматтар баршылық. Соның бірі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Ақпараттық  жүйелер саласындағы Технологиялар құзіреті және трансфер орталығы бас инженері, Ақпараттық технологиялар және зияткерлік жүйелер мектебінің аға оқытушысы, техника және технологиялар магистрі Дидар Мұратұлы.

Ол 2020 жылдан бері  ақпараттық жүйелер  мамандығы бойынша  докторантурада білім  алуда. Дидар Мұратұлы әріптестерімен бірге VR технологиямен байланысты жобаларды жүзеге асыруда.

Дидар Мұратұлы 1989 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. 2007-2011 жылдары Қазақстан-Америка еркін университетінде ақпараттық жүйелер мамандығын оқыды, сол кезде алғашқы бағдарламалау тілдерін үйреніп, IT-ға деген қызығушылығы оянды. 2012-2014 жылдары білімін сол университеттің магистратурасында жалғастырды. Кейін екі жыл Шығыс Қазақстан техникалық университетінде машина жасау негіздерін үйренді. 2023 жылы ШҚТУ-да мамандығы бойынша PhD доктарантураны бітіріп, биыл докторлық дисертацияны қорғауға дайындалып жүр.

– Осы саладағы қандай мәселелер сізді алаңдатады?

– Қазіргі IT-технологиялар дамыған заманда қала мен ауыл жастары арасында үлкен алшақтық болып қалуы мүмкін. Өйткені, жаңа технологиялар – қажеттілік. Қалада тұратын жастардың көбі интернетке, компьютерлерге қол жеткізе алады, өздерін дамытып жатыр. Қалада көптеген  оқу орындары, IT-мектептер бар. Мысалы, жақында ғана құрылған «Oskemen IT-hub» орталығы бар. Бұл жерде балалар мықты оқытушылардан білім алады. Өкінішке қарай, ауыл жастарының мұндай мүмкіндіктері жоқ. Көптеген ауылдарға әлі интернет тартылмаған. Қуантарлығы сол, соңғы жылдары біраз ауыл «Starlink» жүйесі арқылы интернетке қосылып жатыр.

– Жастардың ІТ саласындағы белсенділігі жайлы айтсаңыз.

– Қазір жастардың қызығушылығы өте жоғары. Өйткені көптеген кәсіпорындарға тек IT-маман емес, компьютерлік техниканы жетік меңгерген қызметкер қажет. Осыған байланысты жастардың көбі IT-білім алып жатыр. Мысалы, Өскеменде көптеген IT-курстар, түрлі IT-саласын оқытатын мектептер бар. «Astana Hub», Шығыс Қазақстан әкімдігі, Д. Серікбаев  атындағы ШҚТУ бірігіп ашқан орталығымызда балаларға тегін курстар өткіземіз. Өйткені қазір IT-технологиялардың дамыған заманы және жастар оны жақсы түсінеді. Білікті мамандар озық кәсіпорындарда жоғары лауазым иелене алады.

Қазір көптеген  бағдарламалық  жасақтамалар  бар. Солардың бірі – 3D модельдеу.

Сонымен қатар қазір көптеген жастарымыз виртуалды көзілдірікке арналған бағдарламалар жасап жатыр. Біз «Oskemen Hab-та» жаңа бір бағытты қолға алып отырмыз. Ол – geindev. Жастарымыз ойындар құрастырып үйреніп, сол арқылы басқа жоғарғы деңгейдегі жобаларға көшіп жатса, қуанамыз.

– IT саласын үйретудегі мақсатыңыз қандай?

– Мақсат – IT-hub базасында Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған IT-мәдениетін алып келу, жастарға  IT білімдерін шыңдауға бар мүмкіндікті жасау. Барлық университеттерден мықты оқытушыларды шақыру, Шығыстағы стартаптарды біздің көмек арқылы жүзеге асыру. Тек облыс деңгейінде емес, республика деңгейінде  мәселелерді шешетін жобаларды дүниеге алып келу.

– Өскемендегі IT-hub-ты ашу ұсынысы қай тараптан туындады?

– Цифрлық даму министрлігінің бастауымен ашылып отыр, бізге ең алғашқы ұсыныс Astana Hub-тан  түсті. Astana Hub – халықаралық стартаптарды дамыту технопаркі, олар былтыр бүкіл Қазақстан бойынша 13 аймақтық Hab-ты ашты. Сонымен қатар  жобаны облыстың цифрландыру және архивтар  басқармасы, Д. Серікбаев ШҚТУ қолдады. Яғни, үш жақты мемарандумға қол қойғандықтан біз 2023 жылғы 25 мамырда ашылып, жастарды IT-технологияға тартып жатырмыз.

– Алғашқы нәтижелеріңіз қандай?

– Басты нәтижеміз жыл көлемінде Шығыс бойынша 18 стартапты  Astana Hub-тың  инкубациялық  бағдарламасына енгіздік, барлығы Астананың мықты трэкерлерінің, менторларының көмегімен жүзеге асады. Әр жобаға инвестор табылып, оларды республикалық, әлемдік деңгейде дамытуға мүмкіндік туады. Біз Hub-тың өзінде мықты IT-мамандарын даярлап жатырмыз.

Бүгінгі таңда осылай жастарды дамытуға күш салып, жан-жақты білім беріп жүрген осындай азаматтардың болғаны бізді қуантады. Яғни, жастар қазірден бастап жаңа технологияларды меңгеріп, дамыта білсе елімізге үлкен үлесі тиеді.

Мақпал Орынбаева

Осы айдарда

Back to top button