ҚоғамТОП

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Солжағалау кешенінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесті.

Сол бір сұрапыл соғыста елі мен жерін жаудан қорғаған қарт майдангерлер тарих қойнауында қалған өткен жылдар естелігін тірілте отырып бейбітшілік, достық, татулық туралы мазмұнды әңгіме айтты. Қариялардың бәрінің тілегі біреу ғана, ол – енді соғыс болмасын!

Соғыс ардагері, ғасыр жасаған ақсақал Құрмат Рахимов Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің ерлігі ел жадынан ешқашан өшпейтінін және ол жас ұрпаққа үлгі болатынын атап өтті.

– Майдан даласында бірге болған қаруластарымды көргеніме қуаныштымын. Соғыс ол – қасірет. Елімізде, әлемде тек бейбітшілік болсын. Келешек ұрпақ аман болсын! – деді Құрмат қария.

Қарт жауынгерлер дастархан басына отырып солдат ботқасынан дәм татты. Құрметті меймандардың қатарында Құрмат Рахимовпен бірге Анастасия Светочева, Павел Стрехо, Александра Саратовцева сынды ардагерлер және тыл еңбеккері Масара Нұрғазина бар. Жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан ардагерлерді көргенде көңілді ауыр мұң басады екен.

– Аталарымыз бен әжелеріміздің сол бір сұрапыл жылдардағы ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Отан қорғау жолында көрсеткен батырлығы мен ерен еңбегі үшін ардагерлерімізге алғысты Жеңіс күні мерекесінде ғана емес, күнде айтсақ та артық болмайды.

Бүгін бір мағыналы, ерекше кездесу болды. Қарияларымыз өткенді еске ала отырып жас ұрпаққа өнеге болар тағылымды әңгіме өрбітті. Біз соғыс және тыл ардагерлерін ешқашан бөле жармаймыз. Олардың бәрі де Жеңіс үшін өлшеусіз үлес қосты. Ардагерлеріміздің ерлігі мен еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге, – деп атап өткен өңір басшысы Ермек Көшербаев қазына кеуде қарияларымызға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хат табыс етті.

Сонымен қатар ардагерлерге «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» белгісі мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мектеп оқушылары ата-әжелеріне өздері жасаған бойтұмарларын сыйға тартты. Өнерпаздар соғыс жылдарының әндерін әуелетті, қарт майдангерлер сонау бір жалынды жастық шақтарын еске алып, қосыла шырқады.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 14 ардагері, соғыс кезінде марапатталған 81 тыл еңбеккері, кейінірек тыл еңбеккері мәртебесіне ие болған 4 940 тұрғын бар. Мерекелік жиынға қатыса алмаған  құрметті қарттарды облыс басшылығы үйіне барып құттықтады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ардагер Михаил Головатюкке арнайы барып құрмет көрсетіп, аймақ басшысының лебізін жеткізді. Қарт майдангердің үйінің алдында әуен ойнаған оркестр жеңісті әскердің рухты үнін жеткізгендей болды. Ардагер де бір сәт өткенге оралап, қиян-кескі шайқастарды еске ала отырып естеліктерін ақтарды.

Ол 1943 жылы, небары 16 жасында еңбек армиясына шақырылған. 1944 жылы қарашада белсенді Армия қатарына қосылып, 579-шы атқыштар полкінің құрамында Жапонияға қарсы шайқастарға қатысқан. 1952 жылдан бері облыс орталығында тұрып келе жатқан ардагер қорғасын-мырыш зауытында табан аудармай 30 жыл еңбек етіп, «Құрметті металлург» атанған.

– Елеп-ескеріп жатқан өздеріңе алғысым шексіз. Істерің ілгері болсын! Елімізде әрқашан тыныштық болсын! – деп тілек білдірді ардагердің өзі.

Сұрапыл соғыс жылдары майданға 90 мыңға жуық жерлесіміз аттанған. Соның тек жартысы елге оралды. Ал бүгінде санаулы ғана қартымыз жер басып жүр. Сондықтан қазыналы қауымның назардан тыс қалмағаны көңілге қуаныш ұялатады.

Осы айдарда

Back to top button