Қоғам

Жеңіс күні – халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі

Ұлы Жеңіс күні халқымыз үшін өте мағыналы мереке. Бұл Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсететін және Жеңістің қандай қиындықпен келгенін жас ұрпақтың есіне салатын қастерлі дата.

Жеңіс күні жұртшылық Отан қорғау жолында өз өмірін құрбан еткен жауынгерлердің батылдығы мен ержүректігіне бас иеді. Айтулы мереке Отан үшін отқа түсіп, ортақ жаумен иық тіресе күрескен әртүрлі халық өкілдерін біріктіреді. Соғыс әр отбасына қайғы әкеліп, жақындарының өмірін қиды, қаншама боздақ хабар-ошарсыз кетті.

Екі мемлекеттің соғысы Ұлы Отан соғысы ретінде тарихта қалды. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болатын.

Қазақстан аумағында соғыс қимылдары жүргізілмеді, дегенмен, республика жұмылдыру орталықтарының біріне айналып, эвакуацияланған тұрғындар орналастырылды.

Соғыс жылдарында Қазақстанда 50 полк, 7 бригада, 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, оның ішінде генерал Иван Панфиловтың басшылығымен әйгілі атқыштар дивизиясы құрылды.

Профессор, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Абуев пен тарих ғылымдарының кандидаты Абай Айтмұхамбетов қазақстандықтардың шамамен 20%-ы майданға жұмылдырылғанын жазады. Бұл республиканың 6,5 млн халқының 1,2 млн-нан астамы. Соғыс 600 мыңнан астам қазақстандықтың өмірін қиды.

Майданда қазақстандықтар өздерінің жауынгер халық екендіктерін көрсетіп, көзсіз ерліктері үшін ордендермен, медальдармен және құрметті атақтармен марапатталды. Атап айтқанда, 520 адам «Кеңес Одағының Батыры» атанса, 110 мың адам «Даңқ» орденіне ие болды. Ал қазақстандық ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте «Кеңес Одағының Батыры» атанды.

Қазақстандықтар барлық майдандарда соғысып қана қоймай, Еуропа аумағындағы партизандық қозғалыстарға да белсене қатысқандығын атап өткен жөн.

Елімізде жыл сайын 9 мамыр мерекесі мәдени іс-шаралар, музей кешендеріндегі әскери техника көрмелері, ардагерлермен кездесу және ескерткіштерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімдерімен атап өтіледі.

Жеңіс күні жауға қарсы шыққан халықтың бірлігі мен ынтымағының символына айналды. Бұл атаулы күн бейбітшілік пен бостандық деген қастерлі ұғымдарды бағалау қажеттігін еске салады.

 

                                                                                        А.Куашпаева,

Өскемен қаласы  мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің бас маманы

Осы айдарда

Back to top button