Пікірлер

Жан сұлулығына мән берейік

Қазіргі кезде қыз-келіншектердің біраз бөлігі сұлулық салондарына тұрақты барады. Себебі бет-әлпетіне жіті мән беретін нәзік жандылар қатары көбеюде. Бірақ бүгінде аталған салондардағы қызметтердің бағасы шарықтап тұр.

Мысалы, Өскемендегі көпшілік сұлулық салондарында маникюр, яғни жасанды тырнақ жасатудың өзі 7-8 мың теңгеден басталады. Әрі осы қызмет үлкен сұранысқа ие. Жасанды кірпік жалғау да тура сол бағада. Әлбетте, бұл процедураларды ұдайы жасатып отыру қажет.

Ал бет терісін тазартудың бағасы 10-15 мың теңгеге жетсе, ерінді үлкейту құны – 20-45 мың теңге. Бұл қызметтерге арулар, әрине, бір рет қана жүгінбейді және салонның кезегіне жазылмас бұрын алдын ала төлем жасайды. Шаш күтімі де арзан емес, мәселен бір қызмет құны 15-35 мың теңгеге дейін жетеді. Егер барлығының бағасын қоссақ, мөлшермен 100 мың теңгеден асады.

Иә, сұлулық осындай «құрбандықты» талап етеді. Қыз-келіншектер әдемі болып көріну үшін қомақты қаржыны да төлеуге әзір.

Сыртқы сұлулықтың алдамшы келетіні де осыдан. Өйткені келбетті косметиканың көмегімен әрлендіруге болады. Сондықтан ақшаңызды босқа ысырап етпей, табиғилық пен ішкі жан сұлулығына мән берген дұрыс секілді.

Айша Кеңесханова,

студент

Осы айдарда

Back to top button