Жолдау жол нұсқайдыПікірлер

Бәріміз жұмыла кіріссек, еліміз өркендей береді – Бағдат Азаматов

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Бағдат Азаматов, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті смарт-инженеринг құзіретті орталығының жетекшісі:

– Президенттің Жолдауы маған қатты ұнады. Әртүрлі мәселелер қозғалды, оның ішінде ауыл шаруашылық секторына ерекше тоқталды. Қазіргі кезде ауыл шаруашылық техникасы паркінің тозуы 80 пайыздан асып кетті. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылық өнімділігін үш жылда 70 пайызға дейін көтеру керектігін айтты. Бұл сандар бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені машина-тракторлық парк тозып тұрса, өнімділікті көтере алмаймыз. Осы салаға өз үлесімізді қоса аламыз деп ойлаймын. Мысалы, біздің ШҚТУ-да үлкен жоба қолға алынған. Біздің университет, Қостанай агромеханикалық зауыты және «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» кәсіпорны бірлесіп, консорцум құрғанбыз. Ауыл шаруашылығына қатысты жобаға келетін болсақ, біз қазір сұйық тыңайтқыштарды тамырға енгізетін комплекс жасап жатырмыз. Бірінші кезеңде дөңгелектерді әзірлеп, екі данасын жасап, тәжірибелік шаруашылық кәсіпорнына жібердік. 800 гектар жерге қолданылып, сынақтан өтті. Алда тәжірибеде қолданылған дөңгелектердің қандай кемшін тұстары болғанын, қай жерін дамыта түсу керектігін талдаймыз. Келесі жылы екі емес, бүкіл комплекске жарамды 48 дөңгелек шығарсақ деп отырмыз. Қостанай агромехиникалық зауыты бізге тек дөңгелек қана емес, бүкіл комплексті өзіміздің қазақстандық өнім ретінде әзірлесек деген ұсыныс айтты. Біздің оған біліктілігіміз жетеді. Өзіміздің смарт-инженеринг орталығымыз бар, модельдеу, сканерлеу, сызбасын жасау қолымыздан келеді. Сонда қостанайлықтар біздің үлгімен комплексті шығарады, осындай үлкен жоспарымыз бар. Ауыл шаруашылығына қажетті бұдан басқа да техникалардың сызбаларын, модельдерін 3Д бейнесінде жасап, машина құрастыру саласына өз үлесімізді қоса аламыз. Президенттің тапсырмасы қағаз жүзінде қалып қоймас үшін бәріміз осылай жұмыла кіріссек, еліміз өркендей береді.

Осы айдарда

Back to top button