Экология

Жаңасемейліктер ауыз суға қашан жариды?

Семейдің маңындағы Жаңасемей ауданы бүгінде қала құрылымына қарайды. Десек те, осы шағын ауылдардың ауыз су проблемалары жыл сайын нақты шешілмей келе жатыр. Ауылдардың өзге де түйткілді мәселелері жетерлік.

Жаңасемейліктер ауыз суға қашан жариды?Мәселен, Жарқын ауылында қала мен ауылды жалғайтын жол күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауыл тұрғыны Т.Хабдулхак мешіт салынса деп өтініш айтқалы да біраз жылдың жүзі болыпты. Ал Гранитное мен Мұздыбай ауылдарына ветеринарлық дәрігер қажет және «Агропромбанктің» бөлімі ашылса деген өтінішті тұрғындар әр жыл сайын өтетін қала, ауыл әкімдерінің есептері барысында айтып жатады. Сондай-ақ, Жиеналды ауылдық округіне қарасты Бөкенші және Маралды ауылдарының маңындағы жолдар тазалығы да кезек күттірмейтін мәселе.

Маралды ауылында да ауыз су проблемасы бар. Достық ауылдық округіне жататын Шақаман ауылында тұрғындардың айтуынша, мал басы азайып бара жатыр, ауыз су проблемасы да өзекті, бұл жерге медициналық және жедел жәрдем бөлімі керек. Знаменка ауылдық округіне қарасты Сынтас ауылында жарық сөніп қала береді. Знаменка ауылында ауыз су жоқ, мектептеріне асхана керек. Тұрғындар бүгінде телефон желісі, жолдарды жөндеу, мәдениет үйін жаңарту сияқты проблемаларын алға тартып отыр. Байқап қарасаңыз ауылдардың бәрінде дерлік ауыз су жоқ. «Сонда халық қалай күн көріп отыр?» деген заңды сұрақ туындайды. Оның үстіне ауылдардың бәрі де Ертістің бойында орналасқан. Ертіс Қазақстандағы тұщы су қоймасына жататындығын кез келген адам біледі.

Ауыз судың проблемасы Ертіс ауылдық округіне қарасты Кенжебай ауылында да бар. Семей қаласынан 20 шақырымда орналасқан, Ертісті жағалай қонған ауыл. Тұрғындар суды тікелей өзеннен алады. Олар көмек сұрап, қала әкімдігіне дейін бардық дейді. Бірақ талаптарына құлақ асар адам жоқ. Кеңседе отыратын басшылар «Бұл елді мекен мемлекеттік «Ауыз су» бағдарламасына енбеген» деп шарасыздық танытуда. Кезінде бұл ауылда 100 отбасы тұрыпты. Ауыз судың жоқтығынан бәрі көшіп кетіп, кілең зейнеткерлерден тұратын 11 отбасы ғана қалыпты. Бұлай жалғаса берсе, енді ауылда ешкім қалмасы анық.

– Ертістің жағасына барып, малымызды суарып, одан қалса, сол жерден су тасып, ішіп отырғанымызға он жыл болды, – деп налиды ауыл ақсақалы Қожахмет Изатханов, – таза ауыз су ішсін деген бір басшы жоқ.

– Өзеннен тікелей шелекпен алып су ішкен өте қиын, – дейді жас отбасы иелері Ержан Байтеміров және Ерлан Исаділов. – Кішкентай балаларымыздың іші ауырады. Ауылдан көшіп кеткенге жағдай да келмейді. Неге бізге жағдай жасамайды?

Жылда ауылға таза су келеді деп үміттеніп қалатындықтарын Ғалия Тұрсынханова да айтып отыр. Ал Сабыр Төлеуұлының айтуынша, сумен қамту тіпті, аса күрделі шаруа емес екен. Ауылдың шетінде 300 метр жерде таза ауыз су өтіп жатыр. Бұл жергілікті фабрикалардың бірінің су құбыры. Аса қашық емес. «Біраз қаражат табылса, бұл істі тез әрі оңай тындыруға болар еді» дейді Сабыр Төлеуұлы.

Жалпы, Жаңасемейдегі ауылдарды толықтай ауыз сумен қамту үшін қаражат бөліп, ауылдарды егжей-тегжейлі зерттеп, арнайы бағдарлама жасаудың кезі келген сияқты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button