Журналистік зерттеу

Қысқы демалыстың қызығын көріп жүрміз бе?

Дәл қазір қысқы туризмнің қызып тұрған кезі. Қаптаған демалыс базаларының тамырына қан жүгіріп, қимылдайтын сәті де осы кез. Алайда алты ай қыста ақша тауып қалуға тырысатын базалардың бағасы сапаға сай ма? Олардың қызметі демалушылардың көңілінен шығып жүр ме? Жалпы туризмнің бұл түрін дамыту қарекеті қалай қолға алынып жатыр? Міне, бұл сауалдарға жауап алу үшін осы саланың жүгін арқалаған облыстағы демалыс орындарына шолу жасаған едік.

Қысқы демалыстың қызығын көріп жүрміз бе?Құдайға шүкір біздің Шығыста шаңғы теуіп, шанамен сырғанаймын деушілерге төбе де, төмпешік те табылады. Ол аз болса, қара күзден жазғытұрымға дейін жонын қар басып жататын заңғар таулар да жыртылып айырылады өңірімізде. Осындай «шұрайлы» жерлерге орнығып алған жекеменшік демалыс базалары да жеткілікті. Бірақ бұлардың ешқайсысы тегін қызмет көрсетпейтіні бесенеден белгілі және алатын ақысы ат үркітпесе де әркім қалтасына жеңіл түспейтіні шындық.

– Біздер, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын немесе сонда туып-өскен адамдар демалу дегенді жазбен ғана байланыстырамыз. Табиғат аясында, көлдің жағасында жатып тынығу деп қабылдаймыз. Ал қысқы мезгілде «мына суықта қайда барамыз?» деп үйде отырғанды құп көреміз. Бірақ мұнымыз қате пікір. Қысқы демалыстың бір артықшылығы адам өзін тынықтырып, көңіл көтерумен қатар сауығады. Шаңғы, сноуборд тебу, шанамен сырғанау денсаулыққа өте пайдалы, – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бейбіт Әміренов.

Ауылдағы ағайынға тауға шығу таңсық емес

Иә, расында қалалықтар болмаса, ауыл жұрты іргесінде тиіп тұрған демалыс орнына бара бермейді. Мысалы, Глубокое ауданы, Бобровка ауылының дәл қасында «Нұр тау» тау шаңғысы базасы жұмыс істейді. Сол Бобровкада 10-15 жылдан астам уақыт тұрып жатқан көптеген қазақтарды білем, бүйіріндегі «Нұр тауға» аттап басып көрмеген. Неге? Себебі, біріншіден, ауылдағы ағайындар үшін демалудың бағасы қымбат, екіншіден, тамаша табиғатты күнде көзімен көріп жүрген оларға тауға шығып сырғанау таңсық емес. Бұған қоса күнделікті күйбең тірліктің қамы, бала-шағаның наны деген сияқты себептер және бар. Қысқасы, қысқы демалыс базаларының құтты қонақтары әзірге қала тұрғындары болып тұр. Бәлкім, бұл үрдіс келешекте өзгеретін шығар деп үміттенейік…

Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы туризмді дамыту бөлімінің бастығы Айзат Аухадиеваның сөзіне қарағанда, биылғы қыста аймағымызда көпшілікке жақсы таныс алты бірдей тау шаңғысы базасы жұмыс істеп тұр. Атап көрсетсек, «Алтай альпісі», «Алтай барысы», «Изумрудный», «Орел», «Нұр тау», «Синегорье» тау шаңғысы курорттары. Бұдан бөлек қарт Алтайдың ең биік нүктесі Мұзтауда альпинизммен және тауға саяхат жасаумен, яғни, экстремалды туризммен айналысушыларға барлық мүмкіндік бар. Мұзтаудың жалаң жартастары мен құзар-шыңдары – қауіп-қатерге бас тіге жүріп табиғат аясында рақаттануға бел буған адамдар үшін таптырмас орын. Туризмнің бұл түріне қарапайым жұртшылықтан гөрі кәсіби мамандар мен жанкешті әуесқойлар ғана иек артатын көрінеді.

– Қысқы туризмге қызығушылық жыл сайын артып келеді. 2011 жылы демалыс базаларына келушілер қатары 380 мың адамды құраса, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 333 мың адамға жеткен. Яғни, былтырғымен салыстырғанда 8,3 пайызға өсіп отыр. Мұның өзі демалыс орындарының келушілерді тарту мәселесіне жете көңіл бөліп, сервистік қызметтерін жылдан-жылға жақсарта түскенін білдірмей ме? – дейді туризм бөлімінің бастығы Айзат Аухадиева.

Енді жоғарыда аталған алты демалыс базасына келсек, олардың қызметтері бірінен-бірі өтеді. Жарнамаларына қарап-ақ аузыңыздың суы құриды. Соған орай бағасы да баршылық. Бәлкім, ақшаны пәшкісімен ұстайтындарға бұл түкке тұрғысыз шығар, ал табысы төмен қатардағы тұрғындарға қалтаны қағатын сома. Мәселен, демалысыңызды Өскеменнен жиырма шақырымнан астам жерде орналасқан «Алтай альпісі» тау шаңғысы базасында өткізгіңіз келсе, стандарт санаттағы нөмірдің бір тәуліктік құны үлкендерге 9500 теңге, 12 жасқа дейінгі балаларға 5 мың теңге. Осы төленген ақының ішіне қонақүйде тұру, үш рет дәмханада тамақтану, тауға шығатын аспалы жол (канатная дорога), шаңғы, сноуборд, көзәйнек, қорғаныш қалпақ сияқты құрал-жабдықтар кіреді. Ал енді «люкс» деп әспеттейтін санаттағы нөмірге билетіңіз болса, үлкендерге 16 мың, балаларға 6 мың теңге төлейсіз. Бұл санатта жоғарыдағы көрсетілетін қызметтермен қоса күнделікті массаж, сауықтыру ваннасы мен фитобөшкеге түсу сияқты емдік-сауықтыру шаралары қарастырылған екен.

Егер құрал-жабдықтарды жеке жалға алсаңыз тау шаңғысының (таяқ, бәтеңкесімен) бір сағаты 1 мың теңге, сноуборд 1 мың теңге, аспалы жолмен бір көтерілу – 300 теңге. Ал аспалы жолмен 99 рет тауға шығуға бекінсеңіз 20 мың теңгені ұстатуға тура келеді.

Мұның сыртында тау шаңғысы мен сноубордта сырғанауды үйрететін инструктор маманның көмегіне жүгінетін болса, жұмыс күндері 1 адам бір сағатқа 2500 теңге, демалыста 3 мың теңге төлеуге тиіс. Сол сияқты қосымша атқа (1 айналымы 600 теңге) және есекке (1 айналымы 400 теңге) мініп серуендеу, қарда жүретін моторлы шанамен жүру (1 айналымы 1200 теңге), моншаға жуыну, әртүрлі ем-домдық амалдарды қабылдау қызметтері бар.

Мереке күндері баға көтеріледі

Бір айта кететіні, қаладағы қызмет көрсету орындары сияқты бұларда да мереке күндері бағаны көтере қояды екен. Айталық, стандарт санаттағы екі кісілік бөлменің тәуліктік құны мейрамдарда 20 мыңнан басталса, одан гөрі жайлырақ саналатын нөмірдің үш кісілігіне 33 мың теңге сұрайды.

– Біздегі демалыс базаларының бағасы еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда қымбат емес. Мәселен, Алматыдағы Шымбұлақ демалыс орнында бір тәулікке алатын ең төменгі баға 10 мың теңгеден басталып жоғарылай береді. Сондықтан бізге келушілер қатары көп. Демалыс күндері бір «Изумрудныйдың» өзіне ағылатын жұрттың саны ең кемі 600-ден асады, – дейді «Изумрудный Алтай» туристік фирмасының аға маркетологы Наталья Ясько.

Маркетолог маманның айтуынша, біздегі демалыс базаларына өзіміздің отандастарымызды былай қойғанда, Ресейдің іргелес жатқан аймақтарынан саяхаттап келушілер де бар. Кедендік одақ құрылып, шекара ашылғалы бері олардың саны бұрынғыдан арта түскен сияқты.

Қаладан шығуға мүмкіндігі жоқ өскемендіктер үшін облыс орталығындағы Согра кентінің 9-шы шақырымында екі жыл болды «Алтай барысы» тау шаңғысы базасы жұмыс істеп тұр. Бұл жерде күндіз-түні сырғанақ тебуге жағдай жасалған. Бағасы басқаларға қарағанда қолжетімді. 530 метрлік аспалы жолмен бір рет жотаға көтерілу 200 теңге, сол маңда ашылған дүкеннен таң шаңғысын бір сағатқа жалға алу – 1 мың теңге.

Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тау шаңғысы базалары сонымен қатар Риддер қаласының, Зырян, Глубокое аудандарының аумағында көп. Риддердің өзінде ғана онға жуық демалыс орны бар. Глубокое ауданына қарайтын «Нұр тау» тау шаңғысы базасының да дәурені жүріп тұр қазір. Облыстың орталығынан сүт пісірім жерде жатқан «Нұр тауға» сенбі, жексенбі сайын «крутой» көліктер мінген адамдар лек-легімен жөңкіліп жатады. Бір өкініштісі, солардың дені «кредитке» кіріптар болып, қарызданып-қауғаланып жүрген қарапайым бұқара емес, әмияны ақшаға сыймайтын қуаттылар. Олардың мінген «темір тұлпарларына», киген киімдеріне, жүріс-тұрыстарына қарап-ақ аңғарасыз мұны. Демек, бұдан шығатын қорытынды – біздегі демалыс базалары әлі де болса қарашы халыққа қолжетімсіз болып тұр.

Деректер не дейді?

Бұл күнде Шығыс Қазақстанда туризмді (қысқы-жазғы деп бөлмей) дамыту мақсатында 2020 жылға дейін аралықты қамтитын шеберлік жоспарлары құрылып жатыр. Сол жоба-жоспарларға сай туризмге серпін беру ірі үш кластерге бөлініпті. Біріншісі, Ертіс, Бұқтырма, Зайсан көлі аумақтарында демалыс кешендерін ұйымдастыру. Екіншісі, Катонқарағай – Марқакөл кластері. Соның ішінде Шыңғыстай тауларында қысқы-жазғы туризмді жолға қою. Үшінші кластер – Риддер – Анатау – Иванов таулары. Бұл жерде қысқы туризм Анатау тауларында қолға алынбақ. Аталған жобаларды жүзеге асыру үшін шамамен 14 миллиард теңгенің үстінде қаржы қажет. Жеке кәсіпкерлерден тартылатын инвестиция көлемі 690 миллион долларды құрамақ. Егер жоғарыдағы жобалардың бәрі толық жүзеге асқанда, олардан түсетін табыстың мөлшері жылына 265 миллион долларға дейін жетпек.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button