Журналистік зерттеу

Газ шаруашылығын қадағалайтын инспекция жоқ

Газ шаруашылығын қадағалайтын инспекция жоқ
Қалада өрт қауіпсіздігі мен газ шаруашылығының мәселесі бұрыннан бері көтеріліп келе жатыр. Қалалық қоғамдық кеңес отырысында да ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарындағы осы мәселе туралы айтылды. Кемшіліктер өте көп. Мысалы, қаладағы көптеген сауда орындары, кафелер, жалпы бұқара халық демалатын, тамақ ішетін жерлерде қолдануға болмайтын газ балондарды пайдаланып отыр, тексеріліп ескерту берілсе де, сыннан қорытынды шығарып жатқан ешкім жоқ.
Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өрт сөндіру қызметіндегілердің айтуынша, 2016 жылы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, олар шағын және орта бизнес өкілдері салған жаңа нысандарды өрт қауіпсіздігіне тексеру құқығынан айырылған. Ал Семей қаласында жаңадан жекеменшік-мемлекеттік серіктес негізінде балабақша ғимараттары тұрғызылып жатыр. Яғни, кәсіпкер өз қолымен салған, заң бойынша тексеруге болмайтын нысан қатарына балабақшалар ғимараттары да кіріп отыр. Осыған орай, өрт сөндірушілер бала бақшалардың өрт қауіпсіздігін тексере алмайтын болып отыр.
Бұл туралы қалалық білім бөлімінің бастығы Наталья Фесенко былай деп түсіндірді:
-Осыдан біраз жыл бұрын өрт сөндірушілер кез келген бала бақшалар мен шағын орталықтардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кезде, ғимаратты қабылдап алатын комиссия құрамында бірге келіп, өрт қауіпсіздігін, балабақшаның асханасы, ас үйіндегі газбен қамту-құрылғыларын тексеретін. Қабылдап алатын. Қазір өрт сөндірушілер қабылдамайтын, тексермейтін болды, өте өкінішті. Семейде кәсіпкерлер тұрғызып, қолданысқа беріп отырған 300, тіпті 400 орындық балабақшалар бар. Қазіргі уақытта жаңадан 39 шағын орталық пен балабақша ашылып, пайдалануға беріліп отыр. Оларды неге өрт қауіпсіздігіне тексермеске? Біз алаңдап отырмыз.
Қалалық ТЖ басқармасының мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі бөлімінің бастығы Ернар Жалеловтің айтуынша, 2016 жылдан бері қарай заңнамадағы өзгеріске орай, олар шағын және орта бизнес нысандарын тексеретін комиссия құрамына кірмейтін болып шықты. Ернар Жалеловтың пікірінше қалада газ шаруашылығының жұмыстарын тексеретін инспекцияны құру аса қажет. Қазіргі уақытта көпқабатты үйлерде тұрғындар газ балон сатып алып, айына ауыстырып отырады. Ал рұқсат қағазы жоқ үйлерде газ балон атылып жатса, тұрғындардың өміріне қауіп төнері анық. Сондықтан да қоғамдық кеңес, әкімдік және ТЖ басқармасы өкілдері құрамына кіретін арнайы инспекция Семей қаласы үшін аса қажет. Өскеменде газ шаруашылығының инспекторы жұмыс істейді екен.
Газ шаруашылығын қадағалайтын инспекция жоқ
-Семейде қазір екінің бірі газ сатумен айналысып кетті,-деді қалалық ТЖ басқармасының мемлекеттік өртке қарсы күрес қызметі бөлімінің бастығы Ернар Жалелов,-бұрыш-бұрышта баллондарын қысы-жазы сатып жатады. Ондағы балондардың қауіпсіздігін қарап жатқан адам жоқ. Біз тіпті ондай кәсіпкерлерді тексере алмаймыз. Себебі, заңнамада рұқсат жоқ.
-Шынында да, қалада газ шаруашылығы қызметін бақылайтын инспектор штаты әзірше жоқ болып тұр,-деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков. -Иә, расында да газ балондарды сату, тасумен айналысатын жеке кәсіпкерлік нысандарды тексеруге құқымыз жоқ. Олар рұқсаты болса да, болмаса да көппәтерлі үй иелеріне балон сатып жатады. Рұқсатсыз жерде газ балон ұстағаны үшін қанша айыппұл салынуы керек, осы белгісіз болып отыр. Себебі нақты осы іспен айналыcатын инспектор жоқ. Бұрындары табиғи газ семейліктердің үйіне дейін жеткізілетін. Газгольдерлер жұмыс істеп тұратын және көппәтерлі үйлер арасында газ құбырлары тартылып, бұл шаруашылықтың өзіндік тірлігі бар еді. Бүгінде осы газ балондар рұқсат етілмеген жағдайда, бірақ газгольдердері бар үйлер өз өтініштерімен пәтерлеріне сұйық газ тартып алды. Ал көп жерлерде газгольдердер бос тұр. Газ құбырлары қиылып тасталған. Сондықтан осындай жерлерде газгольдерлерді алып тастап, орнына балалардың ойын алаңын да салған жөн сияқты. Айта кетер мәселе, егер газ балон рұқсат етілмесе, пәтер ішіне электр плиталары қойылады. Бұл үшін электр тогының қуаты мықты болуы керек. Электр сымдары да төзімді, заманауи үлігісі таңдап алынғаны жөн. Біз электр плиталарына орай РЭК-тің өрт қауіпсіздігі үшін ПИК иелеріне салған айыппұлдарын, ескертпелерін дұрыс деп есептейміз. Бұл да тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отырған шара.
Газ шаруашылығын қадағалайтын инспекция жоқ
Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаевтың айтуынша, көптеген дүкендер, бизнес нысандары көппәтерлі үйлердің бірінші қабатынан жасақталған. Өрт қауіпсіздігі бойынша, бұл дүкендердің есігі сыртқа қарай ашылуы керек. Бірақ Семейдегі дүкендердің басым көпшілігінің есігі ішке қарай ашылады. Кәсіпкерлікті қолдаған да, қорғаған да жөн, бірақ ол адамдар игілігіне, қауіпсіздікке қызмет етуі керек, дейді Николай Исаев.
-Біз Үкіметке және Парламантке қала құрылысы, сәулет мәселесіне орай заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап хат жазып отырмыз,-деді қалалық қоғамдық кеңес төрайымы Жанна Жибраева,-тым болмағанда балабақша, шағын орталықтар сияқты орындарды салып, пайдалануға берілген кезде өрт қауіпсіздігіне тексеруге мүмкіндік берсе дейміз. Газ балондарды көппәтерлі үйлерде пайдаланудың дұрыс-бұрыстығын тексеретін инспектор қызметінің қажеттігі, балабақша мен шағын орталықтардың қауіпсіздігі, есік алдында қаңтарылып тұрған газгольдерді алып тастаудың керектігі, бір сөзбен айтқанда, біздің қаламыздың қауіпсіздігі, тыныштығы осыларға тікелей байланысты екендігін ескеріп, көптеген дүниені қайта қалыпқа келтірген жөн.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button