Журналистік зерттеу

Ауылдағы кітапханалар жабыла ма?

Ауылдағы кітапханалар жабыла ма?


Осы аптаның басында облыс бойынша 245 ауыл кітапханасы жабылатыны туралы ақпарат тарады. Сенгіміз келмеді. Сенейік десек, қолда бар дүниенің көзін құрту ешбір қисынға сыймайды, сенбейік десек, ақпарат А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ресми сайтына шыққан. Бұл мәселені кітапхана ұжымы Парламент Мәжілісінің депутаттары Магеррам Магеррамов пен Наринэ Микаелян өткізген кездесуде көтеріпті.

Ұсыныстың ұтымсыз тұстары бар

Ауыл руханиятының шырақшысы болып отырған кітапханаларды жабу кімге қажет? «Рухани жаңғыру» дейтін бағдарламаның батпан жүгін құмырсқаша арқалап, тынбай еңбек етіп жатқан шағын ұжымдар кімнің көзіне сүйел болды? Интернетке қолы жетпей, ақпараттан шетқақпай көріп отырған ауылдардың күнін одан әрі қараң қалдыру кімге опа бермек? Суық жаңалықты естіген әлеуметтік желі қолданушылары осындай сұрақтарды бір-біріне қойысып жатты. Жұрт алаңдаған мәселенің мән-жайына біз де назар салып көрдік.

Сөйтсек, әңгіменің ұшығы Мәдениет және спорт министрлігінің осыдан екі апта бұрын өткізген селекторлық мәжілісінен шығыпты. Қаржы үнемдеу мақсатында үш облысқа жергілікті кітапхана филиалдарын қайта құру мәселесін зерделеу ұсынылған екен. Ілкі жобаның тізіміне біздің өңір де ілініп кеткен. Министрлік тарапынан ауызша айтылған тапсырма жерде қалмапты. Облыстық мәдениет басқармасы бұл ұсыныстың қаншалықты тиімді екенін зерделеуде. Талдау әлі аяқталмаса да, басқармадағылар ұсыныстың тиімділігінен ұтымсыз тұстары көп екенін дәлелдейтін деректер тауып үлгеріпті.

– Біздегі ауыл кітапханаларының саны 245-тен де көп. Министрлік ұсынысын орындаған күннің өзінде үнемдейтін қаражат 10-15 млн теңгеден аспайды.
Ондай қаржымен қандай да бір жыртықты жамаймыз десек, асыра сілтеген болар едік. Демек ұсыныс тиімсіз. Оның үстіне ауыл кітапханаларын жабу «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қайшы қадам. Кітапханаларды мектептің басқаруына өткізетін болсақ, кітаптардың мазмұны тарылып, онда тек балалар ғана бас сұғатын болады. Осының барлығына терең талдау жасап, жазбаша негіздеме дайындап жатырмыз. Мәдениет басқармасының ұстанымы айқын. Бұл ұсыныс экономикалық жағынан да, идеологиялық жағынан да тиімсіз. Кітапханалар жергілікті бюджет есебінен күн көріп отыр. Министрліктің бұл салаға қатысты тікелей бұйрық түсіруі мүмкін емес. Тек ұсыныс қана айтып отыр, – дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мирас Жұмағұлов.

Мәселе қаржы үнемдеуге қатысты болғандықтан, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына да хабарластық. Ондағы денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, ішкі және жастар саясаты бөлімінің мамандары бұл мәселеге тікелей қатыстары жоқ екенін айтты.

– Мәселе тек жергілікті кітапханалардың бухгалтерлік қызметкерлерін қысқартып, орталықтандырылған есеп жүйесіне көшіру туралы болуы мүмкін. Кітапхананы жапқызуға біздің министрліктің құқығы да жоқ. Өйткені мәдени нысандарды жабу немесе оңтайландыру мәселесін қарауға Мәдениет және спорт министрлігі ғана құзыретті, – деді бөлім басшысы Гүлшат Күдеринова.

Үнемдеуден үйдей шығын шықпасын

А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры Хабиба Ақжігітова қазір коммуналдық-мемлекеттік мекеме ретінде тіркелген кітапхана директорларының еңбекақысы облыстық немесе аудандық мәртебесіне қарамастан бірдей көлемде екенін айтады. Яғни жергілікті статусына қарай, басшылардың еңбекақысын азайтып, бухгалтерлік есепті орталықтандырылған жүйеге көшіру жағы қарастырылуда. Хабиба Ақжігітова бұл жолмен үнемделген қаржыны қысқарту нәтижесінде көбейетін іссапарлар шығыны он орайтынын айтып отыр.

Бұл хабар ауылдағы кітапханашылардың төбесіне жай түскендей әсер етуде. Олар кітапхананы тарату ауылды тарату екенін айтады.

– Катонқарағай ауданы бойынша 18 кітапхана бар. Көптеген ауылда көңіл көтеріп, ақпарат алатын жалғыз орын – кітапхана. Кітапханалар жұмыс істемей отыр деген әңгімені қай басшының құлағына кім сыбырлағанын білмеймін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты шараның бәрі біздің мойнымызда тұр.
Қызметкерлеріміз өткізетін шараға қажет кеңсе тауарларын өз ақшасына алып жүр. Өрелден басқа ауылдардың көбінде халық саны 1000 адамға жетпегендіктен, кітапханашылар 0,5 ставкамен істейді. Сондағы алатындары 21-37 мың теңге ғана. Өзінде дербес стационарлық ғимараты бар ауыл да осы – Өрел. Қалған мекеменің бәрі пәтер жалдап отыр. Орындық пен үстелдер, өзге де жиһаздар кеңес дәуірінен қалған. Мектеп пен әкімдіктің қалған-құтқан дүниесіне қанағат тұтып жүрміз. Оның өзін көп көрсе, айтарым жоқ, – дейді Катонқарағай ауданының орталық кітапхана директоры Айгүл Беркаринова.
Айгүл Беркаринова материалдық базамен қатар кітап қоры да тапшы екенін айтады. Балалар «Гарри Поттер» сияқты заманауи әдебиет іздейтін болса, ересек буын мен жастар Алашордаға қатысты еңбектерді жиі сұрайды екен. Оралхан Бөкей, Жүсіпбек Аймауытов пен Ілияс Есенберлин сұранысқа ие авторлардың басында тұрса керек.

– Біз бір жағынан халықтың санасы оянып, төл әдебиеттің жауһарларын іздегеніне қуансақ, екінші жағынан сол сұранысты орындай алмағанымызға қысыламыз, – дейді ол.

Министрліктің бұл бастамасын өңірдің зиялы қауымы да тиімсіз ұсыныс деп бағалап отыр.

– Ауыл мен аудандардың кітапханаларын оңтайландыру туралы ұсыныс түсіпті, аудандық кітапханаларды облыстық кітапханаларға қосып, ауылдың кітапханаларын мектептерге бермекші. Сонда қалай, ауылдағы жалғыз ақпарат орталығын жауып тастағанымыз ауыл адамдарының құқығын аяққа таптаған болып есептелмей ме? Қала мен ауылды жақындастырамыз деген бос сөз болды ма? Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық жағдайдың күрт нашарлау себебінен ауылдағы кітапханалар, мəдениет үйлері жаппай жабылған-ды. Ол кез бен бүгінді салыстыруға бола ма? Бүгінгі дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз деп жанталасып жатқан кезде ананы қысқартамыз, мынаны құртамыз дегендерге не жорық! Үнемдесек, басқадан үнемдейік, – дейді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.

Ауылдағы кітапханалар жабыла ма?

Бұл хабардан қалалық кітапханашылар да секем алып қалыпты. Олар ауыл кітапханаларын қайта құрудан үнемделетін қаржы елеусіз болғандықтан, қыл бұраудың бір ұшы өздерін іліп кете ме деп алаңдайды.

Мәдениет басқармасының өкілі Мирас Жұмағұлов бұл ұсыныстың қалалық кітапханаларға қатысы жоқ екенін айтады. Керісінше, олардың жұмысын жетілдіруді ойластырып отырса керек.

– Мұндай ұсыныс кезінде жергілікті мұрағат мекемелеріне қатысты да көтерілген. Онда да жазбаша негіздеме арқылы тиімсіз болатынын дәлелдеп бергенбіз. Қалалық кітапханалар бюджеті ауылдан көп болғанымен олардан үнемделетін қаржы шамалы. Әңгіме 250-300 млн теңгеге шығып жатса бір сәрі. Оның өзінде кері әсерін ойлану керек болар еді, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

P.S.

Моңғолиядан Зайсанның Біржан дейтін ауылына көшіп келген кезіміз. Ауыл кітапханашысы үй-үйді аралап, кітап үлестіргені еміс-еміс есте қалыпты. Қағаз бетіндегі мол байлық қор болмасын деген кітапханашының сол жанталасы қазіргі өлшеммен қарасаңыз, ерлікпен пара-пар әрекет екен. Қаржы үнемдеу ұғымы қолда бар дүниені құрту дегенді білдірмесе керек. Бұл оқиғаның барысын «Дидар» газеті назарда ұстайтын болады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button