Журналистік зерттеу

Шаһардағы баспаналардың шырайы кетіп барады

Шаһардағы баспаналардың шырайы  кетіп барады


Баспананың жоқтығы қарапайым халықтың ең басты әлеуметтік мәселесі. Пәтер жалдаған жас маманның да, ауылдан қалаға көшсем деген қазақтың да бар уайымы – пәтер. Дәтке қуат, енді міне, үш-төрт айдан соң «7-20-25» бағдарламасы арқылы 7 пайыздық ипотека берілгелі жатыр. Халық көптен күткен осы бір қолдауға сүйеніп, несиеге үй сатып алуды армандап жүр. Бірақ шығыстың бас шаһарындағы баспаналардың көбісінің үй деген атына заты сай болмай тұр.

Өскемендегі көпқабатты үйлердің 39-ы апаттық жағдайда

Облыс орталығындағы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына, тұрғын үй қорының жағдайына жауапты мекеме – қалалық тұрғын үй инспекциясы. 2015 жылы құрылған инспекция биылғы ақпаннан бастап Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі болып қайта құрылып, инспекцияға мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін үйлерді бөлу мен тіркеу, есепке алу міндеттері қоса жүктеліп отыр.

Аталған бөлімнің басшысы Фархат Жилибаевтың айтуынша, Өскемендегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 39-ы апаттық жағдайда тұр. Адам тұруға жарамайтын тозығы жеткен үйлердің дені «Қазцинк» кәсіпорнының өнеркәсіптік алаңы маңында, Аблакетка, Сол жағалау аудандарында. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансындағы бұл үйлер бірнеше жыл бұрын апаттық жағдайда деп танылса да 40-50-шы жылдары салынған қауіпті баспаналарда адамдар әлі тұрып жатыр. Ескі үйді паналап отырған 147 отбасы үй алу кезегіне тұрғанымен оның қашан келетіні белгісіз.

Биыл апатты жағдайдағы үйлер тұрғындарының бесеуінің ғана жаңа үйге қолы жететін көрінеді. Осылайша қауіпті үйде тұратындар жаңа пәтер алу үшін әлі 5-15 жыл күтуі керек. Қазір тегін тұрғын үй бес топ бойынша кезекте тұрғандарға: әлеуметтік жағдайы төмендер мен бюджеттік қызметкерлерге, ҰОС ардагерлері мен олардың жесірлеріне, жетімдерге, апаттық жағдайдағы үйлердің иелеріне беріліп жатыр. Мемлекеттен берілетін үйді қаншама жыл күтіп жүргендердің біразы бүгінде қартайып, қалт-құлт етіп отыр. ЖМК ықшам ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан үш көпқабатты тұрғын үйден осы топта кезекте тұрған бірсыпыра адам пәтерге қол жеткізбек биыл.

– Қызылорда қаласында апаттық жағдайда тұратын тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін шешудің тиімді жолдары табылып отыр. Біз де осы қаланың басшыларымен хабарласып, тәжірибесін зерттеп, қолға алуды ұйғарып отырмыз, -дейді Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Фархат Жилибаев. -Қызылордада апатты жағдайдағы баспаналарда тұратындар үшін жаңа тұрғын үй салынып, қалалықтарға қауіп төндіріп келген апатты үйлердің бәрі бір мезетте сүріліп, жойылды.

Әзірге, қаладағы сұрықсыз үйлердің қашан сүрілетіні белгісіз.

Пәтер бағасы қымбаттауы мүмкін

Облыс орталығында 1678 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, соның 45-і соңғы жылдары салынған су жаңа үйлер. Баспана ескі болса да, жаңа болса да оған деген қажеттілік, сұраныс азаймақ емес. Әсіресе, осы жылдың екінші жартысынан бастап жүзеге асырылғалы отырған «7-20-25» бағдарламасы пәтерге, жекеменшік үйлерге деген сұранысты әлдеқайда арттыра түспек. Жаңа бағдарламаға деген көптің қызығушылығы жоғары болып отыр. Ұлттық экономика министрі «7-20-25» бағдарламасымен бірге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) өз қызметтерін бұрыңғы шарттарымен жалғастыра беретінін мәлім етті.

Сонымен, сарапшылар енді ипотекаға қатысушылар саны айтарлықтай көбейетінін, бұл өз кезегінде үй бағасының көтерілуіне алып келуі мүмкін екенін айтуда. Жыл басынан бері онсыз да елімізде тұрғын үй, жылжымайтын мүлік құны қымбаттай түскен.

Өскемендегі жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын агенттік өкілдері де осыны алға тартып, жұртқа пәтерлерді қымбатшылық басталмай тұрып сатып алудың жөн екенін айтуда. Сонымен бірге агенттік қызметкерлері сатып алушыларға баспананы ескі үйлерден емес, қаланың жаңадан бой көтеріп жатқан 19-ы ықшам ауданы, ЖМК аумағындағы жаңа тұрғын үйлерден сатып алуға кеңес беруде. Қала ішіндегі ескі үйлерден гөрі ауасы тазарақ, болашағы бар осы аумақтағы жаңа үйлер барлық жағынан қолайлы, артық дейді олар. Дегенмен, бұл жақтың алыстығынан, жолының жөнделмегендігінен, басқа да уақытша қиындықтарынан қашқан сатып алушылар баспананы көбінесе орталықтағы ескі үйлерден сатып алып жатқан жайы бар.

Төбелерден қауіп төніп тұр

Иә, қаладағы үйлердің дені тозып тұр. 2011 жылдан бастап Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасымен облыс орталығында 182, облыста 297 көпқабатты үй жөнделген. 2015 жылдан бері республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлу тоқтатылып, жөндеу жұмыстары баспаналарына жөндеу жүргізілген тұрғындардың қайтарып жатқан несие қаржысы есебінен ғана жүргізіліп жатыр. Бүгінде ол қаржыға облыс бойынша жылына екі-үш үй ғана жөнделіп отыр. Өйткені, тұрғындардың жөндеуге кеткен несие қаражатын қайтаруы тым нашар, 60 пайыз көлемінде. Оның бір себебі жөндеудің сапасыз жүргізілігенінде. Облыстық «Тұрғын үй пайдалану басқармасы» ЖШС маманы Елена Нагайцева қалада бағдарлама бойынша қайта жаңғыртылған үйдің 57-сі, облыста 100 шақтысы сапасыз жөнделгенін айтады.

Өскемендегі Космическая, 8 мекенжайындағы көп-пәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары осыдан бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен үйлеріне күрделі жөндеу жүргізіп, шатырын жаңалап, басқа да тозған тұстарын жамап, жасқатып, көңілдері бір жайланып қалған болатын. Қуаныштары көпке созылмады. Баяғы жартас бір жартас. Сапасыз жұмыстың салдарынан бұл үйдің төбесінен әлі де су сорғалап, бесінші қабатта тұратындардың мазасын кетіріп, төзімін тауысуда. Осы үйде тұратын зейнеткер Любовь Семенова (суретте) жөндеуге кеткен қаржы несиесін әлдеқашан қайтарыпты. Бірақ төбеден тамшылап тұрған су сол беті тиылмаған. Жөндеу сапасыз жүрізілгендіктен бұл үйдің тұрғындарының тең жартысы жөндеуге кеткен қаржыны қайтармай жүр.
Қазір облыста бағдарлама бойынша жөндеу жүргізуге 175 көппәтерлі тұрғын үй, соның ішінде Өскеменде 105 үй (барлық қажетті құжаттарын жинап, сметалық жобаларын жасап беріп) кезекте тұр. Бәрінің де ішкі инженерлік құрылымдарын, шатырларын жөндеу қажет.

– Біздің ПИК-ке Ушанов алаңы, Космический көшесі мен Тәуелсіздік даңғылындағы 21 үй қарайды. Үйлердің барлығы дерлік тозып, жөндеуді қажет етіп тұр. Әсіресе, тұрғын үйлердің шатыры мен жертөлесі әбден ескірді. Бір сөзбен айтқанда бұрын жағдайы нашар болса, қазір одан төмен, – деп кейиді «Космический көшесі 7» ПИК төрағасы Анатолий Бобков.

Фархат Жилибаев, Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– 60 пәтерлі бір тұрғын үйдің төбе жабындысын жөндеу үшін әр пәтер иесінен кемінде 50 мың теңге ақша жинау керек. Көбінің басында несиесі, ипотекасы бар тұрғындар бұл қаржының жартысын да бірден бере алатын жағдайы жоқ. Тұрғын үйлердің аса қатты тозып, қауіп төндіріп тұрған тұстары – үйдің щиттік электр сымдары, шатырдағы электр сымдары мен төбе жабындылары. Үй жертөлесіндегі, төбесіндегі электр сымдары жанып кетіп жатыр. Неге жанып жатыр? Өйткені, бұрын қала үйлерінің басым бөлігі газды пайдаланды. Кейіннен бәрі электр плитасына көшті, оған қоса пайдаланатын түрлі тұрмыстық техникалар қатары үсті-үстіне артты, осылайша үйлердегі электр қуатын пайдалану әлденеше есеге өсіп кетті. Шамадан тыс жүктемеге шыдас бермеген үйішілік электр желілері, сымдары өртеніп кетіп жатыр, оларды жаңалап, түгелдей ауыстыру қажет. Қаланың Протазанов, 33 мекенжайында шатырдан шыққан өрт те электр сымдарының жанып кетуінен болды. Жуықта Крылов көшесі 78-дегі үйдің шатыры да электр сымдарының салдарынан өртене жаздады. Пәтер аралық кәріз, суық, ыстық су құбырлары, жылу бағандары да әбден тозып тұр, бергі жағынан тұрғындар әдемілеп кафельдеп жауып тастаған. Егер жарылатын болса, астыңғы қабаттың бәрін су басады.

Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі тұрғындармен байланыста болуы үшін бөлімнің ақпараттық порталын ашып ( http://kdmyk.kz.) отыр. Порталдан тұрғындар үй алу кезегіне, ПИК жұмысына, үйлердің жағдайына қатысты барлық ақпаратты көре алады. Тұрғындар сайт маманына өз сауалдарын да қоюға болады, тел: 26-22-80.

Жеті пайыздық ипотека тек жаңадан салынатын үйлерге ғана емес, қайталама нарықтағы үйлерге де берілмек. Қаладағы сырты бүтін, іші түтін үйлерге тап болып, тауы шағылмас үшін тұрғындар пәтер сатып аларда осы порталға да қарап, мамандар кеңесіне жүгініп, пәтердің де, үйдің де жағдайына назар аударғаны жөн.

ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
Құрылысты қабылдап алып жатқан комиссия құрылыс кәсіпорынының басшысына:

-Пәтерлердің қабырғалары тым жұқа ғой?

-Жоқ, ол не дегеніңіз, біз әлі қабырғаға түсқағаз жапсырамыз!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button