Журналистік зерттеу

Лудоманияға шалдыққандар кімдер?

Бүгінде оңай олжа іздеп, қолдағы барын бәске тігетін жас та, жасамыс та көбейді. Өйткені олар бұл мол табысқа кенелудің бірден-бір жолы деп санайды. Тіпті, талай жан қалтасындағы соңғы тиынын санап, букмекерлік кеңсеге барып, сол мекемелерде түнейтін халге жетті. Бұл бер жағы ғой, бір-ақ күннің ішінде байып кетемін деп өз-өзін алдарқатып, жора-жолдастарынан қарыз алып, қайтара алмай жүрген жастар қаншама?! Сөйте тұра, олар букмекерлік кеңселерді жағалауын қояр емес. Оған не себеп?

Оңай олжа қайда бар?

Бұл ойынның азартына кіріп алған жандар барлық тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып алып, бәске тігуге де ерінбейді. Алайда одан байып кеткен адам кемде-кем. Керісінше, тақырға отырып, сан соғып қалғандары қаншама. Ал тағдырдың тәлкегіне түскен осындай жандарды көргенде жаныңыз ашиды. Өйткені оңай олжаға кенелемін деп тақырға отырған талай жасты естіп, көргенде жүрегіңіз ауырады. Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, қаржылық қиындыққа ұшыраған немесе табысы мол, бірақ отбасында келеңсіз жағдайлар жиі орын алатын жандар көп жағдайда бәс тігуге құмар болады. Алайда мұның соңы тәуелділікке әкеліп соғады.
– Ойынқұмарлықтан арылу қиын. Ол үшін арнайы курсқа бару керек. Онда алты ай бойы емделу қажет. Алайда оның құны қымбат. Мысалы, бір айлық оңалту курсының құны бір мың АҚШ долларын құрайды. Бірақ дәрігерлер ойынқұмарлыққа салынған адамның одан айығуына кепілдік бермейді. Өйткені бәрі емделушінің ерік-жігерінің мықтылығы мен араласатын ортасына байланысты, – дейді Меруерт Башикова.
Құмар ойындарға тәуелді адамдарды «лудоманияға шалдыққандар» деп атайды. Ал ондай жандар бәс тігуді әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардан да жоғары қояды. Мамандар осылай дейді. Негізінен, лудоманияға шалдыққан адамдардың өмірге деген құлшыныстары төмен болады. Сондай-ақ олардың дені жалғыздыққа бейім келеді. Меруерт Башикованың айтуынша, мұндай диагнозы бар адамдардың бойында психикалық ауытқулар жиі байқалады.
– «Лудомания» аурудың бір түрі. Сол себептен мұндай науқасқа шалдыққан жандар жалған сезімнің жетегіне жиі еріп, оңай олжаны қайдан тапсам екен деп шарқ ұрып тұрады. Негізінен ойынқұмар адамдар бір рет ұтып алса, осы жетістігін ылғи қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде, тәуелді болып қалады. Соның салдарынан оның бойында үрей, қорқыныш, жек көрушілік, өкініш, реніш сезімдері қалыптасады. Сөйтіп, ол бірте-бірте туған-туыстары мен достарынан алшақтай бастайды, – дейді Меруерт Башикова.
Лудоманияға шалдыққан науқастар «жеңілісті» мүлдем көтере алмайды. Сол себептен олар өмір жолында кездесетін қиындықтарға төтеп бере алмай, өз-өзіне қол жұмсауға бейім болады. Ал мұндай жағдайға тап болған науқасқа дәрігерлер мен арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет.
– Алғашында букмекерлік кеңселерге достарыммен бірге келіп жүрдім. Сөйтіп, мұнда келетін қыз-жігіттердің бірнеше минут ішінде қомақты қаржы ұтып алатындарын көріп, қызығушылығым оянды. Бір күні менде қалтамдағы соңғы ақшамды бәске тіктім. Содан не керек, жолым болды. Ұттым. Ақшам еселенді. Сол күні «Шүкір. Бағым жанды» деп үйге қайтып кетсем де, бұл жаққа жиі бас сұғатын болдым. Әйтеуір, бірде ұтып, бірде ұтылып жүрсем де бұл әдетімді қоя алмадым. Ал мұның соңы жақсылыққа апармады. Уақыт өте келе мен достарымнан қарызға ақша сұрап, бәс тігетін болдым. Осылайша, бірнеше айдың ішінде таныстарымның алдында қадірім кетті. Енді сол күндер қайтіп келсе, мұндай қадамға бармай тұрып, ақыл таразысына салып ойланатын едім, – деп өкінішін білдірді өскемендік Арман (тегін айтқысы келмеді) есімді азамат.

Заңнама сақтала ма?

Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабиясы мемлекеттерінде бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер заңға бағынбайтын болсаңыз, айыппұл төлеуге міндеттелесіз. Ал бізде ше? Бізде 21 жасқа толмаған адам букмекерлік кеңселерге кіре алмайды. Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес бәс тігушінің жасы міндетті түрде жеке куәлігі арқылы тексеріледі екен. Мұны бізге осы салада еңбек етіп жүрген Дәурен Лұқпанов айтты.
– Спорттың барлық түрі бойынша алдын ала болжам жасап, бәс тігуге болады. Егер бағыңыз жанса, ақшаңызды еселеп қайтарып аласыз, – деп түсіндірді букмекер кеңсесінің қызметкері Дәурен Лұқпанов.
Бүгінде Өскеменде Олимп, Лото, Профит, Фонбет, Бинго бар, Гол+Пас сынды басқа да букмекерлік кеңсе мен ұтыс қабылдау орындары жұмыс істейді. Тіпті мұндай кеңселер облыс орталығындағы студенттер қалашығында да қаптап тұр. Алеліміз бойынша бұл салада қызмет істеуге 30 лицензия беріліпті. Оның ішінде 10 букмекерлік кеңсенің ғана рейтингі жоғары екен. Бейресми дерек көздері осылай дейді.
–Ата-анам оқуымды төле деп берген ақшаның төрттен бір бөлігін ұтысқа тіктім. Сөйтіп, мол табысқа кенелемін деп ойладым. Алайда мен ұтылдым. Былайша айтқанда, қолдағы бар ақшам желге ұшып кетті. Бірақ мен мұнымен тоқтамай, оқу ақысын төлеу үшін несие алдым. Осылайша, қарызға белшемнен баттым. Енді банктің алдындағы қарызымды қайтару үшін жұмыс істеп жүрмін, – деп өкінішін білдірді Айбек есімді студент (тегін айтқысы келмеді).
Бүгінде біздегі букмекерлік кеңселерде еліміздің «Ойын бизнесі туралы» Заңының 15-бабының 2-тармағында «Ойын мекемесі жұмысының, мөлшерлемелер қабылдаудың және өткізілетін құмар ойындардың және (немесе) бәс тігудің қазақ және орыс тілдеріндегі қағидалары құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысушылардың олармен танысуы үшін ойын мекемелеріндегі көрінетін жерге орнатылуға тиіс» деп көрсетілген заңнама ескеріле бермейді. Есесіне, жұртты жіпсіз байлаған мұндай кеңселерде келушілерге барлық жағдайды жасалған.
– Көбінесе спортты жетік білетін адамның жолы болады. Алайда арасында тәуекелдің қайығына мініп, бәс тігіп, ұтып кететіндері де бар, – дейді Дәурен Лұқпанов.
Бүгінде еліміздегі букмекерлік кеңселердің жылдық орташа табысы 7 миллион долларды құрайды екен. Ал бұл кәсіптің иелері лицензияны рәсімдеу үшін ең кеміндеүш миллионнан астам қаражат төлейді.
– Біздің мекеме басшылығы еліміздің барлық заңнамасын қатаң сақтайды, – дейді Дәурен Лұқпанов.

Отбасын бәске тігіпті

Ең алғаш рет ежелгі Римнің тұрғындары гладиаторлар шайқасына бәс тіккен екен. Содан бері бірнеше ғасыр өтсе де, бұл үрдіс жалғасын тауып келеді. Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, алғашқы букмекерлік кеңсені британдық Ричард Таттерсолл есімді герцог ашқан. Онда ойынқұмар азаматтар жиналып, ит, қораз төбелестерін тамашалап, ұтыс тігіпті. Кейін бағы жанған адамға бәске тігілген қаражат берілген. Ал бертін келе, спорттың барлық түріне болжам айтатын ойыншылардың қатары артып, букмекерлік кеңселердің жұмысы алға жүре бастаған. Сөйтіп, байрақты бәсекелерде қай спортшының бағы мен бабы қатар жанатынын дөп басып айтқан мыңның бірі мол табысқа кенелген. Алайда мұның соңы ойыншыларды тәуелділікке душар етіп, оларды абыройы мен атағынан айырғаны рас. Мәселен, кезінде танымал футбол командасының жанкүйері Амани Стэнли бәске қоятын ақша таба алмай, отбасын қойыпты. Өйткені ол сүйікті командасының жеңетініне сенімді болған. Алайда Амани Стэнлидің үміті ақталмады. Сөйтіп, ол айрандай ұйып отырған отбасынан айрылып қалды. Ал қытайлық студент болса, үш мың АҚШ долларын бәске тігіп, ұтылып қалған соң, жетінші қабаттан секіріп кеткен. Өкінішке қарай, мұндай қайғылы оқиғалар біздің де елімізде орын алды. Тіпті қып-қызыл азарттың қызығына кіріп, артынша опық жеп, өз-өзіне қол жұмсағандар да жетерлік. Хош, сонымен айта берсек, бұл тізімнің соңына жете алмайтынымыз айдан анық. Ең бастысы, миллионнан бірге бұйыратын ұтысты иеленемін деп сан соғып қалмасақ болғаны. Негізі біз букмекерлік кеңсеге барып, өсіммен пайда табу дұрыс деп жатқанымыз жоқ. Керісінше, мұның соңы неге апаратынын айтқымыз келеді.
Бүгінде бұл мәселе ел көлемінде талай мәрте көтерілгенімен, әлі күнге дейін бір шешімін тапқан жоқ. Ал букмекерлік кеңселерді жағалап, жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін жастардың қатары көбеймесе, азайған жоқ.Сондықтан болар, бізге бұлардың тірлігі үлкен өмірге қадам басқан жас өрендердің санасын улап жатқандай көрінеді…

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button