Журналистік зерттеу

Әйелдердің ішімдікке салынуы неге жиілеп барады?

Ішкіштік деген не? Дерт пе, әлде әуестенушілік пе? Ол жайында кейбір маман-дәрігерлер «дерт» десе, елдің көбі «аздап көңіл көтеру» деседі. Тегі, «Мешкей деген – жақсы ат емес» дегендей, берекесі кетіп, беталды лағып жүретін адамда не сана болсын. Десек те, олардың да тірлігіне үңіліп көрейікші…

Әйелдердің ішімдікке салынуы неге жиілеп барады?

Жыртық ұйығынан өкшесі көрініп тұр…


Бірде қала ішінде келе жатып, көліктің алдын кескестеген әйелді көріп, амалсыздан тоқтағанымыз бар. Ол өзін басуға шақ қалған көлік иесіне рақмет айтудың орнына қарғанып-сіленіп қоя берді. «Мен де осы елдің адамымын. Жолың болмағыр, өлтірмейін десең, үйіме апарып таста. Менің де дәл сендердей балаларым бар» деген мас әйелді амалсыздан сүйрелеп отырып, мәшинеге мінгізіп алдық. Жақын отырғанда байқасақ, жасы 60-тан асып кеткен қазақ кейуанасы екен. «Жасыңыз келген шақта бұл жүрісіңіз қалай? Жылы жерде жаныңызды күйттеп отырмайсыз ба?» деген менің сөзімді ол құлағына да ілген жоқ. «Мені қызымның үйіне апарсаң болды, одан кейінгісін өзім білемін» деген ол аяғында тура өзінің үйіне алып барғаны. Ол есігін ашқанша тоса тұруды жөн көріп, сәл аялдап тұрғанбыз. Есікті 60-тың мол ішіндегі ер адам ашты. Сол-сол-ақ екен, әйел тағы да боқтығын жаудыра жөнелді. «Иттер, мен үсіп өлсем де, іздемейсіңдер. Мыналар болмаса, далада қалатын едім. Өңкей, сволочьтар!» деген ол бірден кіріп кетпей, артына жалтақтай берді. Мен сонда ғана оның бір етігі жоқ екенін байқадым. Өкшесі жыртылған ұйығынан аяғы көрініп тұр…

– Ауылдан көшіп келгенімізге он шақты жыл болды. Балаларды аяқтандырдық, енді дұрыс өмір сүретін шығармыз деуші едім. Жағдайымыз осы болып тұр, шырағым. Елде жүргенде тиіп-қашып ішетін, осында келгелі аузы құрғамайтын болды. Өзім зейнетке шықсам да, жұмыс істеймін. Бүгін де күндегідей үйге қамап кетіп едім, қалай шығып кеткенін білмеймін. Саған рақмет, құлыным, – деген отағасы имене сөйледі.

Әрі қарай өз жөніммен кеткен менің ойымнан көпке дейін сол бір жүдеу жүзді, мас кейуананың қылығы кетпей қойды.

Тағы бір жолы біраз жұрт бас қосқан алқалы жиында сөзден сөз шығып, Жағыпар деген көптен таныс адамның: «Ауылдарда да әйелдердің бірігіп, арақ ішетіні бар. Ал базарларда сауда жасайтын әйелдердің «жылынамыз» деп, «күрке» жасап, арақты сіміріп жататынын үнемі көріп жүрміз. Солар қалай үй ұстап, қалай балаларын тәрбиелеп жүр екен?» дегені бар. Ондайларға не шара?!.

Осындай келеңсіз әңгімелер бізді облыстық наркологиялық диспансерге алып барған-ды. Ондағы әңгімелесіміз – маман-дәрігер Зоя Казачек әйелдер арасындағы маскүнемдік туралы бірталай деректер келтірген. «Айтайын деп, айтпайсың, ашынған көңіл айтқызады» дегендей, айтты-айтпады, арамызда маскүнем әйелдер баршылық екен.

Деректер не дейді?

Әйел маскүнемдігінің мәселесі үстірт, бірақ, нақты пікірлерге негізделген көптеген дақпырттардан тұратын болып шықты. Сондықтан да оның ауыртпалығы мен өте қиын емделетіндігі, қоғамға келтіретін нұқсаны шаш етектен болса керек.

Шығыс Қазақстан облысында әйелдердің маскүнемдікпен аурушаңдығы 100 мың тұрғынға шаққанда 2009 жылы – 151,3, 2010 жылы – 130,1, ал 2011 жылы – 103 адам болған екен. Байқап отырсақ, маскүнемдік дертіне байланысты нарколог-дәрігердің тіркеуінде тұратын әйелдердің саны жыл өткен сайын азайып келе жатқан сынды. Десек те, көңіл марқайтар ештеңе жоқ. Өйткені, әйел мас болып жүретін жердің бәрінде: үйде, жұмыста береке болмайтыны ақиқат. Зерттеу мақала жазу барысында нақты көз тоқтатқан тағы бір цифрлар тізбегін келтіргіміз келеді. Мәселен, облыс бойынша 2009 жылы – 4118 әйел, 2010 жылы – 3985 әйел, 2011 жылы – 3826 әйел жоғарыда аталған дәрігерлердің бақылауында тұрған!

Әйелдер маскүнемдігінің бұлайша төмендеу серпіні әлде салауатты өмір салтын насихаттаудың нығая түскеніне немесе арақкеш әйелдердің нарколог-мамандарға өз мәселесімен сирек жүгінуіне байланысты ма екен? Біздің пайымдауымызша, бұл пікірлердің екеуінің де жаны бар сияқты.

– Мас әйелдің мас еркектен айырмашылығы көп емес. Ол жалпы жұрттың жиіркенішін тудырады, тіпті, бұл лас сезімді маскүнемдікке салынған әйелдердің өздері де сезінеді, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің І санатты нарколог-дәрігері З.Казачек. – Әдетте әйелдер маскүнемдігінің қалыптасуы мен өсуі бірнеше ерекшеліктерге, ең әуелі аурудың қай жаста басталғанына байланысты өріс алатынын айтқан жөн. Мысалы, ер адамдар негізінен 22-ге қараған шақта, ал әйелдер орташа алғанда 25 жастан асқан тұста ішімдікке бой үйрете бастайтынын байқап жүрміз. Әйелдерде маскүнемдік дерті ер адамдарға қарағанда өте тез дамиды. Маскүнемдікпен ауыратын әйелдердің бас миларының ішімдіктің әсеріне еркектерге қарағанда жоғары сезімталдығы байқалады және әйелдердің ішімдіктен масаю жолы да ерекше. Масайып алған әйелдер әркімге қыр көрсетіп, дауласуға, тіпті, төбелесуге дайын тұрады. Мен маман ретінде әйелдердің мастығы сыйықсыз мастық дер едім.

Дәрігердің айтуына қарағанда, арақ-шарапты салынып ішетін әйелдердің тұрмысқа шығу, балалы болу және тағы басқа қуанышты жағдайларға байланысты ішімдік ішуді сап тыятын кездері болады екен. Бірақ, оған дейін арақты іздеп тұратын организм уақыт өте келе сол қуаныштарды желеу етіп, қайта бастап кетуі ғажап емес. Олай болған кезде оны ештеңемен тоқтату мүмкін болмай қалатын көрінеді.

Медициналық зерттеулер сонымен қатар үнемі ішімдік ішетін әйелдердің есте сақтау қабілеті бұзылып, денсаулығында алкогольді гепатит және алкогольді цирроз сияқты асқынулар белең алатынын да дәлелдеп отыр. Жалпы әйелдер маскүнемдігінің бұлайша қалыптасуы мен даму ерекшелігі ауру басталысымен мамандандырылған наркологиялық көмек алудың қажеттігін көрсетеді.

– Әйел – отана. Олар кейбір себептерге байланысты араққа құмарлығын айтуға ұялып, жасырса, ауру созылмалы тәуелділікке әкеліп соғады. Бұл жағдайда әйелдерге облыстың наркологиялық мекемелерінде мамандандырылған кепілдемелік, тегін және өте құпия түрде медициналық көмек көрсетіледі, – дейді З.Казачек.

Емделген соң қайта бой ұратындар да бар


– Қазірде жас қыздар арасында ішкілікке бой алдырушылық көбірек байқалатынын көріп жүрміз. Бірқатар бойжеткендер еріндеріне шылым қыстырып, ішімдік ішуді ерекше сәнді, керемет дүние деп санайтын сияқты. Жалпы тұрақты тұтынған алкоголь әйелдердің бетін домбықтырып, оның табиғи әсемдігін жояды. Ішкіш әйелдің көзінің оты кетеді, беті үнемі қызарып, шаштың түсуі, керісінше мұрттың шығуы байқалады, – дейді Семей қаласындағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» директоры Зәуреш Мусинова. – Ал маскүнем анадан туған балаларда туа біткен жарымжандық пен ақыл-естің кемістігі жиі кездесетіні тағы бар.

Зәуреш Мусинованың маман ретінде тағы бір келтірген дәлелі, әйел адамдардың жүйке жүйесі әлсіз болғандықтан, оларды емдеу ауырлау болып, тіпті, өте ұзақ уақытқа созылатын көрінеді. Ер адамға қарағанда, әйелдердің ем-дом алып біткен соң да ішімдікке бой алдыруын тоқтатуы қиын екен. «Маскүнемдік жолға түскен әйелдердің кейбірі салауатты өмірге қайта оралып жатады. Ал біздің айтпағымыз, дер кезінде білікті нарколог-маманның көмегіне жүгінудің пайдадан өзге зияны жоқ» дейді ол.

PS. «Киме демейміз, ішпе демейміз, мәшине мініп, түспе демейміз» деп, белгілі сатирик Асқар Тоқмағамбетов айтпақтайын, біз «сен сондайсың» деуден, жалпы жұртқа топырақ шашудан аулақпыз. Тегі, бәрінің жөнімен һәм оңымен болғаны жақсы ғой. Мақаланы жазу барысында әйелдердің атын атап, түсін түстеуге де мүмкіндік болмады. Өйткені, диспансерде есепте тұратын әйелдердің бәрі құпия түрде ем-дом алады екен…

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button