Экология

Ядролық орталық 20 жылдығын тойлады

Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығының құрылғанына жиырма жыл толуына орай кең ауқымда форум өткізілді. Оған Индустрия және жаңа технологиялар, Ғылым және білім министрлігінің өкілдері, Ұлттық инженерлік академия президиумының мүшелері, облыстық, қалалық әкімдік қызметкерлері, бірқатар іргелі мемлекеттердің еліміздегі елшілері қатысты. Алқалы жиынның ашылу салтанатында облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Ядролық орталық 20 жылдығын тойладыФорум аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы президиумының кеңейтілген көшпелі мәжілісі «ИГР реакторына 50 жыл» деген тақырыппен ғылыми семинар өткізілді. Форум қонақтары бұрынғы Семей сынақ аймағындағы бірқатар нысандарда болып, Курчатов қаласының тыныс-тіршілігімен танысты.

Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының жиырма жылдығына арналған салтанатты мәжіліс өткізілді. Онда орталықтың бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Қайрат Қадыржанов «Қазақстан Республикасында атом энергетикасын дамыту перспективалары» деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада бұрынғы Семей атом полигонының тарихы мен орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, алдағы болашағы кеңінен қамтылды. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен 1991 жылдың күзінде, яғни, кешегі алып империя тарқамай жатып атом аждаһасы ауыздықталса, арада жыл өтпей Курчатовта Ұлттық ядролық орталығы құрылды деді баяндамашы.

Ал мұның қандай көрегендік шешім болғандығын уақыт көрсетіп отыр. Соның айғағындай кешегі атом полигонының астанасы Курчатов қаласы бүгінде бейбіт мақсатта жұмыс істеуде. Қаланың уақыт өткен сайын бейбітшілік эпицентріне айнала бастағаны өз алдына бөлек әңгіме.

Салтанатты мәжіліске қатысушылар Қазақстанның радиоэкологиялық проблемалары туралы сөз қозғаған орталықтың бас директорының осы мәселе жөніндегі орынбасары С.Лукашенконың, Ресей атом энергетикасының бүгінгі жайын айтқан Ресей ядролық қоғамының президенті Н.Сорокиннің баяндамаларын зор ынтамен тыңдады. Салтанатты мәжілісте бірқатар мемлекеттердің елшілері сөз алып, атомды бейбіт мақсатта бірлесіп игеру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Мәжіліс соңында еліміздегі жапон елшілігі мен Ұлттық ядролық орталығы арасындағы өзара бірлескен меморандумға қол қойылды. Бұл келісімнің маңызы зор деп білеміз. Өйткені, келісім әбден пысықталған соң елімізде атом электр стансасы салынып, сутегі жарық пен жылу үшін пайдаланылмақ. Оның экологиялық жағынан қаншалықты тиімді екендігі айтпаса да түсінікті.

Дәулет Сейсенұлы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button