Ауылдың айтқыштары

Өтірікке үйреткен совхоздың жұмысы

Тайып жығыла жаздадым ғой…

Күршімнің Қалғұтты өңіріндегі жұртқа танымал Жанғазы ақсақал ферма кеңсесіне таяп қалғанда аяғы тайып, құлап түседі. Анадай жерде тұрған ферма меңгерушісі, тағы бірер азамат ақсақалға көмекке ұмтылады. Олар келгенше Жәкең орнынан тұрып, жамбасын қағып:
– Құдай сақтасын, мына кеңсенің маңы не деген тайғақ еді, тайып жығыла жаздадым ғой, – деп, жүріп кете барыпты.

Марқұм Азанғұл ақсақал кезінде «Қалғұтты» совхозында әртүрлі жауапты қызметтер атқарды.
Бірде төл науқаны кезінде оның жоғарыға жалған ақпарат бергенін Шаурахмет деген жиені сезіп қойып:
– Нағашы, сіз өтірікші екенсіз ғой, – дейді.
Сонда Азекең:
– Мен тумысымнан өтірікші емеспін, өтірікке үйреткен совхоздың жұмысы емес пе, – депті.

Большой верблюд на мосту палка кушает

Балықшы өңірінде бір еңгезердей қарулы азамат түнетпе қармақ тастап, тағы басқа әдістермен ақбалық ұстап жүреді екен.
Бірде құс атып жүрген орыстың үш мұжығы оны көпірде аңдып тұрып, балығын тартып алады. Қарсыласпақ болған дөкейді мылтықтың дүмімен желкеден бір ұрып, есінен тандырып кетеді. Мұны естіген ауылдық кеңестің бастығы Қалкен:
– «Да, большой верблюд на мосту палка кушает» деген осы депті.

На твоем спине солнце вижу

Сол Балықшы өңірінде алты баланың әкесі бір әлжуаз азаматтың аузы ақаңнан босамай, жұмысқа жарамсыз боп жүреді. Әйелі балық қабылдаушы екен. Сол әйел аяқастынан қолын сындырып алып, учаске бастығы дереу көлікпен аудан орталығына жібереді.
Сонда артында қалған шала мас күйеуі:
– Сенің арқаңда күн көріп жүр едік, енді қайтеміз? – деп, өкіріп жылайды. Осыны көріп тұрған Қалкен:
– Да, мұны орысша «на твоем спине солнце вижу» -дейді» деп жүріп кеткен екен.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button