Әй, көпірден қайт
Төлеш деген құрдасымыз 1979 жылы әскерге алынып, сол кезде соғыс өрті бұрқ ете қалған Ауғанстанға баратын полктің құрамында жаттығудан өткен екен. Бірақ оларды дәл арғы бетке аттанарда бөліп тастап, Түркіменнің Кушка деген қаласында қалдырыпты. Екі елді бөліп тұрған Хайратон көпірінің бергі жағында «служить» еткен Төкең әңгіме айтқанда қыза келе, Ауғанстанға өтіп кетіп, «моджахедтермен» соғыса жөнелетін еді. Сол кезде оның өмірбаянын жақсы білетін Манарбек деген досы:
– Төке, көпірден қайт, көпірде-е-е-н! – деген кезде анау сабасына түсе қалып, Түркімендегі бейбіт «службасына» қайта оралатын. Бұл сөз ел арасына тарап кетіп, біреу артық сөйлеп бара жатса «Әй, көпірден қайт!» деп сабырға шақыратын бір жақсы мәтел туған болатын.
Немісіңде көз жоқ екен
Маралдының ескікөздері осы ауылда тұрған Бикөш деген кісінің қыңыр сөздерін әлі күнге дейін еске алып, күлісе айтып жүреді. Қалай болғанда да, кейде дұрыс айтатын, кейде әдейі қисық сөйлейтін марқұм Биекеңнің ұтқыр сөзден кенде еместігін ел-жұрты мойындаған.
Бірде совхоздың бас бухгалтеріне әлдеқандай шаруамен кірген Бикөштің сөзі өтпей, тауы шағылып шығады. Ал бухгалтер болса, кезінде соғысқа қатысқан, денелі де толық, ірі адам болса керек.
– «Неміс мықты, неміс қырды» дейді, – деп кеңседен сөйлей шығыпты Бикөш. – Төрт жыл соғыста мынадай «мишеньге» бір оқ дарыта алмаған немісіңде көз жоқ екен!
Жануардан мақұрым екенсің
Баяғыда біздің қойлы ауылға басқа жақтан бір зоотехник келіп, екі-үш жыл жұмыс істеген болатын. Ес білгелі қала маңында өскен, мал шаруашылығынан хабары аздау жігіттің жиі жаңылып сөйлейтін әдетін құрдастары сықақ қылып жүретін. Оның айғырды көріп: «Өй, мынау еркек бие ғой!», немесе: «Мына қойда неге екі-ақ емшек бар?» – деп таңырқағаны талайдың күлкісіне себепкер болған-ды.
Бір күні Болатбек деген әжептәуір «юморы» бар ағамыз әлгі зоотехникпен бірге салт атпен мал аралап бара жатады. Жол шетінде аттың ба, түйенің бе, әйтеуір бір жалпақ із жатса керек. Әлгіге үңіле қалған зоотехник жанындағы серігінен:
– Аға, мынау қасқырдың ізі ме? – деп сұрапты. Жақынырақ келіп көз тастаған Бөкең:
– Ойбай-ау, шырағым, сен жануар атаулыдан мүлде мақұрым екенсің ғой! Ізі мынадай қасқыр болса, үйден шыға аламыз ба?! – деп қатты ренжіген екен.
Жинастырған – Хасен Зәкәрия,
Күршім ауданы.
Сумо деген күреске қосар едім
Ауылдасым, құрдас құдашам Қапизамен қатты қалжыңдасушы едім. Өте толық болатын. Әйгілі сатирик Оспанхан Әубәкіровтің әңгімесіндегі Тәпә деген кейіпкерге ұқсас болғасын «Тәпә» дейтінмін.
Мектептің қамту қызметінде істеп, зейнеткерлікке шыққанда тойға шақырып, «Мұғалімдерге әзіл өлең шығарғанда сондайсың, маған тойдағы тосыңды өлеңмен айтасың» деп қолқа салды. Арнап жазған өлеңімнің соңғы шумақтары былай еді:
Тәпәжан сенде әдемі мүсін болса,
Өзіңді ылғи оңаша тосар едім.
Шіркін-ай әйел болмай еркек болсаң,
Сумо деген күреске қосар едім.
Қабыл Сүлейменов
Ұлан ауданы.