Ауылдың айтқыштары

Негрлердің алақаны

Негрлердің алақаны

Абашты қатты сыйлайтын Қажымұрат Нағманов облыс әкімі болып тұрған кезде, Әбекең жолы болып әкімнің орнына Американың Атланта қаласында өткен Олимпиадаға барып қайтады. Келген соң «құтты болсын» айта келген қауымның арасынан бір туысы:
– Иә, Әбеке, Америка қалай екен, не қызық көрдің? – деп сұраса керек. Сонда Абаш біраз ойланып тұрып:
– Негрлердің алақаны аппақ болады екен, – деген екен.

Сен-дағы қарбыз жұтарсың

Ұлы Абайдың жүз елу жылдық тойында Қарауылда өткен айтыста жап-жас Тұрсынбаева мен тісқаққан ақын Абаш Кәкенов айтысады. Айнұр Абашпен жезделік жақындығы болған соң, әзілдері жараса береді екен. Ал Абаштың балдыздарымен айтысқанда сахнада арқасы қозып, тыпыршып отыра алмай кететін әдетін білетін Айнұр:
Атағың, Абаш жезде, айға шыққан,
Мықтысың талайларды айласы ұтқан.
Жылпылдап ұстатпайтын әдетің бар,
Кәдімгі қасықтай боп майға сұққан.
Біреуге, Абаш жезде, армандайсың,
Әніңе әуелетіп салғандайсың,
Түріңе қарап тұрсам доп-домалақ,
Тұп-тура қарбыз жұтып алғандайсың, – депті.
Сол сәт Абаш жұлып алғандай:
Өстіп-өстіп, балдызжан,
Жездеңді бір күн ұтарсың,
Жездеңді ұтып алған соң,
Барлығын ертең ұмытарсың.
Асықпағын, балдызжан,
Асықпағын, балдызжан,
Күйеуге ертең тиген соң,
Сен-дағы қарбыз жұтарсың, – деген екен.

«У меня проездной»

Бірде белгілі ақындар Абаш Кәкенов, Айтақын Бұлғақов және аягөздік әнші Аятбек Ақтеміров Өскемен қаласында жолығып қалады. Сыралатып, «грамдатып» болған соң, үшеуі жұп жазбай ақылы туалетке кірсе керек. Ана екеуі кезекші әйелге он теңгеден тастағанда, Абаш ештеңе ұсына қоймапты. Кезекші:
– А вы? – деп шақшиғанда, сасып қалған Әбекең:
– У меня проездной, – деген екен.

Өлеңнің пайдасы

Абаш ақын бір жолы Нұртай Тілеужанұлымен айтысып отырып, Ұлан ауданының сол тұстағы әкімі Жаңабай Әшімовке:
– Келген ақынға қойыпсың қой бақтырып,
Онан да қоймаймысың той бақтырып?! – деп тиіседі. Ол кезде Нұртай аталмыш ауданда қой бағып жүрген көрінеді. Ақынның сөзі нысанаға дөп тиіп, аудан басшысы бір аптадан кейін Нұртайды қойдан босатқан екен.

Жинастырған – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button