Почему голова босиком?
Секөш деген ініміз өзге ұлттар көп қоныстанған таудың қойнауына орналасқан ауылға көшіп барып, орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріп жүреді. Әйтеуір, сабақты қазақша жүргізіп, орысшаға тілі келмеген жерлерде өз тілінде түсіндіріп жүріп жатады. Бірде күздігүнгі салқында стадионда бір мерекелік шара өтіп, Секөш ұйымдастырушылардың бірі болып шауып жүреді. Мектеп директоры орынбасарларымен келіп:
– Секөш мұғалім, ана бір оқушыңыз неге жалаңбас жүр? Ертең басына суық тиіп, ауырса ата-анасы кімнен көреді? Тез арада бас киімін кисін!-деп бұйырыпты. Секең балаға жалт қарап:
– Иди сюда! – деп айғай салса, бала дәл жанына жүгіріп келеді.
– Так, почему?… – деп, «жалаңбас» деген сөзді қапелімде орысшаға аудара алмай , – Почему голова босиком? – деп өз басын нұқыпты.
140-ың міне, дөңгелегің әне
Алыс сапарға шыққан Жөкен мен Кәдік асфальт жолдың апшысын қуырып Астанаға қарай құйғытып келе жатады. Жол тақтайдай болғасын жас жігіт жанындағы жолдасының «Әй, байқашы, ақырын айдашы!» деген ескертуіне де құлақ салмай, автокөлігінің бар жылдамдығымен заулайды. Өзі де техникаға аса құлықсыз, жалқаулау Кәдік оның жөнделуіне соншалықты мән бере бермейді. Кенет жолдың сол жағында өздері мінген автокөліктерінен озып бара жатқан дөңгелекті көріп сасқалақтаған Кәдік жолдасына жалт қарап:
– 140-ың міне, дөңгелегің әне!-депті.
Тамшының ішінде ем бар ма?
Тегі науалылық Сәбетқазы Нұрсила ағамыз ауырып қалып біраз күн емханада ем қабылдап жатады. Қаланың ауруханасы қандай! Білікті дәрігерлер, мейірімді медбикелер. Сәбеңнің асты-үстіне түскендей бәйек болып құрақ ұшады. Жеке палатада дауаланып жатқан ағамыздың жүйкесіне дәліздегі телевизордың дауысы ұнаңқырамайды. Қайта-қайта ән салып жатқан жұлдызсымақтардың дауысынан мезі болып жатса, көршілес палатадағы жерлесі келіп:
– Сәбе, ойланып кетіпсіз ғой. Өлең шығарып жатырсыз ба? – деп қалжыңдапты. Сонда ол кісі төсектен басын көтеріп, аспалы уколға бір қарап қойып:
Құтыға қараймын,
Тамшыны санаймын.
Сол тамшының ішінде
Ем бар ма жарайтын?!. – деп мұңайыпты.
«Подфарникпен» жүріппін
Жүрген жерінде, тіпті тұрған жерінде тақырып тапсаң болды, көмекейінен өлең саулай жөнелетін Сіләмғазы Мәукебаев ағамыздың тауып айтқан, қауып айтқан арнау өлеңдері мен айтқан сөздері тіпті көп. Ұзақ жылдар ішкі істер саласында абыроймен қызмет атқарған ағамыздың жанарынан кінәрат табылып, Өскеменге барып емдетіп келген екен. Көзіне ота жасатып қайтқан сол кісі жан-жағын, тіпті алыс-жақынды көріп бір қуанады. Алыстан келген Сәкеңе құрбы-құрдас жора-жолдастары амандаса барып, жағдайын сұрайды.
– Иә, хал қалай? Көзіңе жасалған отадан жеңілдік болды ма? Қазір қалай көресің? – десе, үнемі әзілі жанынан қалмайтын ол кісі:
Катаракт деген пәлеге іліктім
Аңқау басым оны қайдан біліппін.
«Ближний», «дальний» деген мүлде жоқ,
Бір жыл бойы «Подфарникпен» жүріппін, – дейтін көрінеді.
Асқазандағы шыбынды өлтіру әдісі
Бірде бірнеше өнерпаз інілерімен Алматыға тойға барады. Әлгі жерде бір қытаймен танысып, ептеп сыра ішіп қыдырады. Қытайдың сырасын сіміріп, қақтаған балық жеп демалып отырған бір сәтте қытай азаматы аудармашы арқылы сыраны ішпеу керектігін, оның құрамында дихлофос болатындығын айтып сақтандырыпты. Сонда Сіләмғазы ағамыз:
– Әй, бауырым, бұрынғыдай ел жайлауға көшпейді, ауылымыз ойда тұрғандықтан, шыбын көп. Кезінде талай шыбын жұтқан едік. Солар асқазанымызда болған соң өлтіру үшін дихлофосы бар сыра ішіп отырмыз,-деген екен.
Ерніндегі бір күндік бояуымын
Ауруханаға жүрек ауруымен түскен Сіләмғазы ағаны іштері пысып ерігіп жатқан палатадағы науқастар қоршап алады. Бірі жаттаған өлеңін оқып, бірі аңыз, әңгімелер айтып, процедурадан бос уақыттарын көңілді өткізуге тырысады. Бірде біреуі Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқиды.
…Марттағы найзағайдың күркірімін
Құрманғазы күйінің бір тілімін.
Жаным менің саясын паналаған,
Дүниедегі бір қыздың кірпігімін,-деген өлеңінің құдіретіне таңғалып, әр жолын талқылап кетеді. Ақынның өзін сұлудың кірпігіне теңегеніне риза болған жігіттер үнсіз қалған Сәкеңді сөйлетпек болып:
–Ау, Сіләмғазы аға, сіз ше? Сіз де жас болдыңыз ғой. Сіз өзіңізді сұлулардың алдында не нәрсеге теңер едіңіз? – деп сұрайды. Сәкең сонда:
– Мен енді соншалықты құлай сүйгеніммен, тұрақсыздау махаббатты қолай көрген шығармын.
Қыз гүл ғой бір иіскемей тояды кім
Ана ғой өмірдегі ой-азығы.
Төлегендей кірпігі бола алмаймын,
Ерніндегі бір күндік бояуымын,- деп мұңайыпты.
Арбаға жүргіш медбикелер
Аурухананың жан сақтау бөліміне түскен Сіләмғазы ағамызды медбике қыздар арбаға салып алып, зырылдатып бір қабаттан бір қабатқа, бір кабинеттен екіншісіне әкеліп тексеруден өткізеді. Жік-жапар болып жүрген медбикелерге ағамыз да дән риза болады. Сонда да арба үстінде жатқан ол өзін тексеруге келген Нәсима Ченемесова деген емдеуші дәрігеріне былай деп сыбырлапты:
Бұл дағы ойда қалар бір күш екен
Қыздарың да әдепті, білгіш екен.
Дегенмен бапкері өзіңсің ғой,
Шеттерінен арбаға жүргіш екен!
Берікхан Тайжігіт Аягөз ауданы.