Ауылдың айтқыштарыҚоғам

Шекарасыз өмір

Жеделсатысы жоқ ескі қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоларбада отырғандар үшін алынбас қамалдай көрінетіні рас. Облыс орталығында осындай ғимараттарды ерекше қажеттілігі бар жандардыңжоғарыға шығып-түсуіне бейімдеп,  көтергіш құрылғылармен жабдықтайтын фирма  бар дегенді өткен жылы естіген едім. Таяуда осы игілікті іспен айналысып жүрген  жандармен кездесудің сәті түсті. Олардың қызмет аясы мен ойлағаннан әлдеқайда ауқымды болып шықты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде балаларға біздің қоғамда өз орнын табу оңай емес. Әсіресе ерекше балалардың алдынан күнделікті шығатын  психологиялық, әлеуметтік, тіпті моральдық проблемаларды көпшілігіміз аяғына дейін түсіне де бермейміз.Ал менің кейіпкерлерім Ирина Ляховская мен Роман Риттингер  тек компаньондар ғана емес, әрқайсысы өз отбасында ерекше баланы бағып- күтудің, оны қоғамға бейімдеудің қандай екенін бастарынан өткізіп келе жатқан ата-аналар.

– Біздің «Душа добра»қоғамдық қоры он екі жылдан бері қиын жағдайда қалған балаларға көмектесіп келеді.  Қор қамқорлығына алғандардың ішінде ақыл-есінде ауытқушылығы немесе дене мүшесінде кемістігі бар балалар да,  қолайсыз отбасында тәрбиеленетіндер де бар. Ал биыл біз  осындай балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыратын компания құрдық, – деп бастады сөзін «Группа компаний «Жизнь без границ» ЖШС-нің мүшелерінің бірі Роман Риттингер.

                                    Мектептерді қайта жабдықтапты

Биылғы оқу жылында компания мүшелері облыс орталығындағы жалпы білім беретін төрт білім ошағын  ерекше балғындар үшін бейімдеп, қайта жабдықтапты. Ерекше қажеттілігі бар оқушылар үшін кедергісіз орта мектеп ғимаратына кіруден басталады. Сол себепті  Роман Геннадьевичтің сөзіне қарағанда, екі мектепте бұрынғыпандустарын  стандартқа сай жасалмағандықтан, алып тастауға тура келген. Жаңадан орнатылған пандустарға адам аяғы мен арбаның дөңгелектері  таймайтын төсеніш төселген.  Барлық оқу мекемелерінің кіреберістері кеңейтіліп, есіктердің  автоматты түрде ашылып-жабылуы арнайы түймені басу арқылы жүзеге асады.  Бұл балаларға  ғимаратқа басқалардың көмегінсіз, өз күштерімен енуге мүмкіндік береді.  Есіктерге көлденеңінен ұстайтын тұтқалар орнатылды.  Қажет болса, домофон байланысы арқылы  оқу мекемесінің техникалық қызметшісінен көмек сұрауға болады. Мектеп дәліздерінде арбамен жүруге ыңғайлы болу үшін табалдырықтар алынып тасталған. Төрт мектепте де дәретханалар  мүмкіндігі шектеулі оқушылардың өздеріне-өздері қызмет етуіне қолайлы етіліп, қайта жабдықталған. Егер бала құлап қалса, не басқадай да көмек қажет болса, дабыл түймесін басады.  Түймені тек әжетханада өшіруге болғандықтан, көмек келмейінше дабыл тоқтамайды. Сонымен қатар барлық мектептерде жоғары қабатқа шығуға не төменге түсу үшін жағдай жасалған. №47 мектепте жеделсаты болғанымен, асхана бұрылыста, әрі төменірек орналасқандықтан, ол жерге қоларбада отырған оқушылар үшін көлденең көтергіш құрал орнатылыпты. Ал №26 және №39 мектептердің ғимараттары  ескі болғандықтан, бұл оқу мекемелері  баспалдақпен шығатын ресейлік  «Пума-уни 130»  көтергіш құрылғысымен жабдықталған.«Пума-уни 130»  көтергіш құрылғысына қоларба бекітіледі де, басқа адамның көмегімен  әр баспалдаққа қадам жасап, жоғарыға көтеріледі, осы әдіспен төмен де түседі. Бұл құрылғыны тасымалдауға да болады, жинаса, көліктің жүк салғышына да еркін сыйып кетеді екен.  Компания қызметкерлері «Пума-уни 130»  құралын мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған «Ақниет» интернатында орнатылған  шынжыр табанды көтергіш құрылғының басқа түрімен салыстырғанда, алғашқысы қолданыста әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз екеніне көздері жетіпті.

-Өңірде, тіпті Қазақстанда қазіргі таңда ескі қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлерді мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалайша  бейімдеуге болатынын білетін компания жоқ. Біз еуропа елдерінің тәжірибелерін зерттей келе, өзіміздің басымыздан өткен оқиғаларды ескеріп,  алғашқы қадам жасап жатырмыз. Фирмамызда ерекше қажеттілігі бар қыз жұмыс істейді. Мектептердегі барлық  өзгерістерді сол қызметкеріміз, кей жағдайда өзіміз арбаға отырып, тексеріп көрдік, – деп жалғастырды Роман Риттингер.

Өзімізде құрастырылатын көтергіш құрылғы

Компанияның өзінің төл өнімі – автоматты көлденең көтергіш құрылғы әзірге тек екі жерде орнатылған. Біріншісі  №47 мектепте, екіншісі жеке тапсырыспен жасалған. Ескі үйдің бірінші қабатында тұратын өскемендік Аня есімді бойжеткен үшін далаға шығып, қайта кіру мұң болыпты, өйткені бірінші қабаттың өзінен баспалдақпен түсуге тура келеді екен. Пандус орнатуға келмейді, тым тік болып кетеді.

-Көтергіш құрылғының негізін Ресейден сатып аламыз, Қазақстанда әзірге ешкім шығармайды. Қалған қосалқы бөлшектерінің бәрін өзіміз шығарып, өзіміз құрастырдық. Құрылғыны орнату үшін кіреберісті кеңейтіп, есік алдындағы  бетон алаңшықты ұзартуға тура келді. Дәнекерлеу, токпен жабдықтау жұмыстарын толықтай жүргіздік. Аняға қалай басқару керек екенін үйреттік, – дейді Роман Риттингер.

-Алайда мұндай құрылғыларды жаппай өндіруге келмейді. Әркімнің қажеттілігіне, үйдің ерекшелігіне қарай жеке жасалады. Мысалы, ұстайтын тұтқасы әр адамның бойына, ол кісіге қай жағынан кіріп-шығу ыңғайлы екеніне байланысты  әртүрлі орналастырылады. Есік алдының аумағы да әртүрлі болуы мүмкін. Біздің қызметімізді тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, бойы кішкене адамдар да, балалар арбасымен жүретін жас аналар да,  зейнеткерлер де пайдаланады. Жасы келген адамдар жуынатын бөлмелерін қауіпсіз етіп жабдықтап беруді өтінеді. Біз кез келген тапсырысты қабылдап, тапсырыс берушімен ақылдасып, ұйғарым шығарамыз, – деп сөзге араласты Ирина Ляховская.  – Тағы бір маңызды аспект, қайта жабдықтаудың барлығы заң түрінде рәсімделуі тиіс. Аняның өтінішін орындау барысында біз жеке пәтер иелері комитетімен жұмыс істеп, подъезд тұрғындарына сауалнама жүргіздік. Көршілердің ешқайсысы қарсы болған жоқ. Қазір Аняның қолында барлық рұхсат құжаттары бар.

Әрине, компанияның жеке тапсырыспен қызмет көрсетуі арзан емес. Аня өзіне демеушілер тауыпты. Тапсырыс  сомасының ішіне көтергіш құрылғыны жасау, жеткізіп орнату және басқаруды үйрету кіреді. Ескі үйлерде тұратын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға осындай құрылғыға қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан қолдау керек сияқты.

Оқушыларға арналған квест

Компания қызметкерлері  кедергісіз орта дегенді  пандустар мен қолайлы дәретханаларды жабдықтау ғана деп түсінбей, бұл проблемаға әлдеқайда кең қарайды.Алдағы уақытта ерекше балалардың өмір сапасын жақсарту мақсатында тағы бірнеше жобаны қолға алмақшы.

-Біздің бұл мәселемен айналысқанымызға он төрт жылдан асты. Отбасында ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, осы ортаның ыстық-суығын көріп жүрміз. Көп жағдайда өзіміз кездестірген кедергілерге, балаларымыз  берген бағыттарға сүйеніп,  жаңа бастамалар туындайды. Жуықта ғана облыс әкімінің қабылдауында болып, жеті жобамызбен таныстырып шықтық. Соның бірі – әлеуметтік бөлмелерді жабдықтау. Бір жағынан ойын сияқты көрінгенімен, оқушыларға арналған нағыз квест деуге болады. Жоба бойынша әлеуметтік бөлме бірнеше секцияға бөлінеді. 45 минуттың ішінде оқушы  зағип балаларға, құлағы естімейтін, мылқау балаларға арналған секцияларда болып, денсаулығында ақауы бар құрбыларының күнделікті қандай қиыншылықтармен кездесетінін өз басынан өткізіп шығады. 45 минут баланың ерекше жандарға деген көзқарасын өзгертеді деп сенеміз, – дейді Ирина  Владиславовна.

Роман Геннадьевич болса, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектептерде еңбек кабинеттерін жабдықтау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын айтады. Балғындар еңбек сабақтарынан күнделікті тұрмыста қажет қарапайым дағдыларды үйреніп шықса дейді. Мысалы, күйіп кеткен розетканы не лампочканы өзі ауыстыру немесе өз қолымен ағаштан бұйымдар жасауды үйренуге болады.

-Бүгінгі таңда ашылып жатқан робототехника, IT бағдарламалар кабинеттері жақсы-ақ, бірақ олар ақыл-есінде ауытқушылығы бар балғындарға жарамайды. Менің балам осындай топқа жатады.   Мен оның дамуы қолдарымен жұмыс істегенінен екенін байқадым. Керемет шебер, ағаштан ойып, бұйымдар жасайды. Біз қазір осындай ерекшелігі бар жасөспірімдерге арнап конструкторлар жасадық. Ересек балалар құрастырған конструкторларын шағын орталықтарға, балабақшаларға сыйлайды. Осылайша, бір жағынан, өздерінің қолдары жаттығады, екіншіден, кішкентайларға қамқорлық танытып та үйренеді. Бұл конструкторлар кішкентай балақайларға қолдарының моторикасын дамытуға көмектеседі, – дейді тағы да Ирина Ляховская.

Компания жобаларының ішінде сөз етуге тұрарлық тағы бір бастама бар. Келешекте арбада отырған балаларға арнап ойын алаңын жабдықтауды қолға алсақ дейді. Сонда дені сау құрбыларымен бірге ойнап жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар өздерін қоғамнан шет қалғандай сезінбес еді. Бұдан басқа, ерекше балалардың ары қарай білім алуына жағдай тудыратын «Қолжетімді ЖОО» және «Еркін қозғалуға болатын үй» сияқты жобалары да бар.

«Группа компаний «Жизнь без границ» ЖШС әлеуметтік жобалар конкурсына белсене қатысып жүреді. Биыл олардың жобалары облыста үздік деп танылып, енді республикалық жарысқа жолдама алыпты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button