Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары

Ауылдың айтқыштары


Саякеңнің отбасы етке тойды

Саябайдың тайыншадай қара текесі болады. Соның арқасында ешкілері егізден, ішінара үштен лақтап жүреді. Тіл тиді ме, әлде үйірінен жеріді ме, текесі аяқастынан олардан қашқалақтап, сергелдеңге салынады. Өрістен қайтқанда жиі-жиі басқа үйдің ешкілеріне еріп кететін болды. Соның салдарынан болса керек, бір жылы өз үйірі қысыр қалады. Саябай ашуланып, мақтаулы текесін сойып тастайды. Мұны естіген құрдасы Шақарбай төмендегі екі шумақ өлеңді шығарып, ел арасына таратып жібереді:

«Бұл менің үміт артқан текем еді,
Сенімім сол шіркінге бекем еді.
Өзіміздің ешкілер қысыр қалды,
Кебенек сатқындығың жетет енді».
-деді де бажылдатып байлап қойды,
Кездігін жалаңдатып сайлап қойды.
Ақыры сасық теке марқұм болды,
Саякеңнің отбасы етке тойды!

Кетті ғой дастарқанға бата бермей

Саябай құрдасына мәсі тігіп жүр екен, соны алуға шақыртады. Сол кезде дастархан жайылып, шаймен бірге сарымсақтап, бұрыштап пісірілген ағаш табақ толы буы бұрқыраған тұшпара келеді. Саябай шайдан кейін: «Шәке, естіген шығарсың, бір тентек текемді сойған едім. Соның етінен дәм татқызудың реті бүгін келді, тәбеттене жегеніңе рақмет, бата жаса» дейді. Шақарбай не дерін білмей, үн-түнсіз шығып кетеді. Саякеңнің де іздегені сол, оған еріп келген Тоқтарбайдың көзінше бірер шумақ өлеңді тастап жібереді:

Қонақ қылып Шәкеңнің жүзін көрдім,
Тұшпара ғып текемнің етін бердім.
Шыртылдақ майға малып тойып алды,
Өзі екен қайтпас қайсар нағыз ердің.

Құрдасым сүйсініп ет терлей-терлей,
Әп-сәтте ұшып тұрды қолын сермей.
Қай шайтан түрткіледі түсінбедім,
Кетті ғой дастарқанға бата бермей!

Ауылдың қожайыны – туысқаның
Түс кезі болатын. Саябай бағып жүрген ауылдың меншік сиырларын Мәжібай түбегіне енгізді де, өзі шай ішуге ауылға тартты. Алдынан тор биесін жайтаңдатып, Шақарбай шыға келді. Құрдасының шаршаған жүзіне қарап:

Мінгенің қотыр-қотыр арық торы,
Өзі жауыр бес елі маңдай соры.
Жайыңды басшыларға неге айтпайсың,
Сен бе едің осындағы елдің қоры?
Шаруашылық басшысы Шақарбайға бәйбішесі жағынан ба, әйтеуір жақындығы бар деседі. Саябай соны меңзеп:

Ауылдың қожайыны туысқаның,
Бірі сол, кеуде тұсы қуыс жанның.
Анада жұрт көзінше сілкілесіп,
Есіңде ме онымен суысқаның.

Дейді ол Шақарбайды жақтап едің,
Оны мақтап, ал мені даттап едің.
Ал дейді соның ана тор жорғасын,
Мен саған дей алмаймын ат беремін, – дейді.
Шақарбай ләммим демей тор жорғасын жайтаңдатып зу етеді. Саябай ұялғаныңа көрінсін деп үйіне кетеді.

Соқыр түлкі

Саябайдың Тұйғын деген тазы иті болған ғой. Кей-кейде сол итін салып түлкі, қоян ұстап жүреді екен. Құрдасының бұл әрекетін Шақарбай сайқымазаққа айналдырып, бірде:

«О, халайық бұл шындық, емес күлкі,
Саябай соғып апты соқыр түлкі.
Олжалары осындай төртеу болды,
Талас бар ма молайды дүние мүлкі»-десе керек.

Саябайдың өзі етікші, бәйбішесі Тұрдыбек тері илеп тон, тымақ, ішік тіккен. Бір түлкінің терісін өңдеп, тымақ тігеді де, Шақарбайға сыйлайды. Қуана-қуана киіп алған ол бірер күннен кейін аяқ астынан көзі ауырып, жатып қалады. Алыс-жақыннан бақсы-балгер алғызып, барын беріп емделеді. Саякеңе де кезек келген сияқты, ол:

О, халайық, бұл шындық емес күлкі,
Тымақ болды терісі соқыр түлкі.
Тымақ киген Шакеңнің көзі ауырып,
Емдетуге шашылды дүние мүлкі, – деп бір шумақ өлеңді өрнектеп жібереді.

Бұлардың қалжыңдары қатты, бірақ тәтті
Саякең ауылдың қожасы деп жүрген кісісі шынында да Шақарбай мен Саябайдың қалжың қақпайларына жете мән бермей, бұлар бірін-бірі көре алмайтын, өзара араз жандар деп ұғады. Оларды одан әрі өшестіре түспек боп, бір жиында айтыстырмақ боп, екеуін арнайы алдырады. Бәйгеге ат-шапан тігілгенін айтады. Сөз Саябайға беріледі.

Саябай:

Ау, шырағым, сен бізді кім деп жүрсің?
Сандырақтап, сандалып не деп тұрсың?
Қырмандағы астығың шіріп жатыр,
Неге ысырап қыласың ел ырысын?!

Шақарбай:

Малдарыңды ауыру жайлап алды,
Арам қатып талайы сайда қалды.
Кереңбісің естімей неғып жүрсің,
Қарапайым халықтың байбаламын.

Саябай:

Кемшілігің шырағым бастан асты,
Құлдырады, шаруаңның құты қашты.
Айтар болсақ жасырмай ақиқатын,
Оңдырмастай дәл сені қара басты.

Шақарбай:

Қор қылмайық ,Саяке, сөзімізді,
Айтыстырмақ ойы бар өзі бізді.
Ат-шапанын көзелің өзі алсын,
Жоғалтайық бұл жерден көзімізді.

Осыдан кейін қос құрдас қол ұстасып тайып тұрады. Аң-таң болған қожайын: «Ойбай-ау, бұл екеуі үнемі бірін-бірі мұқатып, сөзбен атқыласып жүреді ғой, бүгін неғып ауыз жаласа қалған» дейді. Әу, бастан оқиға барысын бақылап отырған бір қария: «Шырақтарым, олар тек құрдастар ғана емес, өзара дос, бірін-бірі сыйлайды, бірін-бірі жамандыққа қимайды. Екеуі де өнер адамдары болғандықтан, қалжыңдары қатты, бірақ тәтті. Кек сақтағанды білмейді, өзара түсініктері мол. Шамаларың келсе, осы кісілерден үлгі-өнеге алғандарың жөн» деп, жұртқа басу айтады.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button