Журналистік зерттеу

Трамвайлар тоқтап қалады деген сөз қайдан шықты?

Өскемендегі ең таза экологиялық қоғамдық көлік – трамвайлар алдағы уақыттарда қызметін тоқтатады екен деген сөзді екінің бірінің аузынан естіп жүрміз. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, шаһар тұрғындарын таңғы бестен ұйқысынан оятып, тағасы тарсылдап жолаушы тасымалдауға кірісетін трамвайларды келешекте көшелерден көре алмай қалуымыз мүмкін бе? Оған түрткі болған қандай себеп? Онсыз да улы газымен тұмшалаған кәсіпорны, көк түтіні будақтаған автокөліктері көп қаладағы бұл қоғамдық көліктің қызметі ендігі уақытта қажетсіз болғаны ма? Осы сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік.

Трамвайлар тоқтап қалады деген сөз қайдан шықты?

Кәсіпорын тексерістен көз ашпады

Біз қаладағы трамвай паркіне келіп, «Тахами путь» ЖШС-нің бас директоры Анатолий Успенскийге жолықтық, сауалдарымызды қойдық. Білсек, «трамвай тоқтайды» деген сөз 2008 жылдан басталыпты. Мұнда күрмеуі қиын мәселе көп екен. Оның айтуынша, қазіргі кәсіпорынның алдында жұмыс істеген «Трамвай паркі» АҚ-ның жұмысына қатысты қозғалған қылмыстық іске күні бүгінге дейін нүкте қойылмапты.

– «Тахами путь» ЖШС-нің бұрынғы «Трамвай паркі» АҚ-на ешқандай да қатысы жоқ. Кәсіпорын оның құқықтық мұрагері емес. Біз жаңадан құрылған мүлдем басқа кәсіпорынбыз. Алайда, соған қарамастан, соңғы үш жылдың көлемінде прокуратура, қаржы полициясы мен салық комитеті үздіксіз тексерулерін тоқтатпай келеді. Барлық бухгалтерлік, басқа да банктік құжаттарымызды тексеруге алды. Біз жұмыс істейтін банктерді тексерді. Осы тексерулердің әсерінен барлық банктер несие беруден бас тартса, вагондарды қажетті бөлшектермен қамтамасыз етушілер қозғалған қылмыстық іске қатысты бізден теріс айналып кетті. Олар «алдымен проблемаларыңды шешіп алыңдар» деп ашық айтатын болды. Ең қызығы, тексерушілер заң бұзушылықтар таба алмай кетті. Енді міне, тағы да келіп тексермек болып жатыр, – дейді А.Успенский.

Сонымен бірге ол қылмыстық іс бұрынғы «Трамвай паркі» АҚ-ның акционері, марқұм Юрий Имнің жесірі Наталья Имнің жазған арызы бойынша қозғалып отырғандығын, ал шынтуайтына келгенде оның паркке ешқандай қатысы жоқтығын, тек бұрынғы кәсіпорын басшысының әйелі ғана екендігін, кәсіпорын мұрагері бола алмайтындығы заң жүзінде толығымен дәлелденгенін айтады.

Әуелі «Трамвай паркі» АҚ-ның 100 пайыз акциясын кәсіпкер Тофик Исмаилов деген өскемендік кәсіпкер сол кездегі иесі Эдуард Кимнен сатып алады. Сатып алу-сату құжаттары толықтай заңға сәйкес жүргізіледі. Алайда, кейіннен оның кәсіпкерлік жұмыстарында қиындықтар туындап, ол паркті тарату туралы шешімге келеді. Міне, қауесет сөздер осы кезден бастап гулей бастаған. Кәсіпорынның мүлкі «Нұрбанкке» кепілге қойылған. Себебі, трамвай паркінің дамуына сол уақыттарда банктен қомақты ақша алынған. Артынан кәсіпкерлер тобы банктен аталған парктің мүлкін сатып алады. Қарызды қайтарады. Солардың арасынан бірі суырылып шығып, кәсіпорынның барлық мүлкін сатып алып, жинақтап, екінші тынысының ашылуына жол ашады. Бұл 2009 жыл болатын.

Кәсіпорынның дамуына инвестициялық жоспар жасалып, ол 5,5 млн. доллар қаржыны құрайды. Жоспар іске қосылып, қаладағы трамвай жолдарының тозған бөліктері қалпына келтіріліп, түйіспелі кабелдік желілер жаңартылады. Қозғалмалы құрамдарды жаңалау басталады. Жиыны 300 млн. теңгедей қаржы жұмсалады. Бұның бәрі де облыс прокуратурасы бірнеше мәрте тексерген дүние. Алайда, тексерулердің шұғыл басталып кетуіне байланысты ауқымды жоспардың тек 15 пайызы ғана іске асып, тоқтап қалған.

Осындай негізсіз тексерулер кәсіпорынның жұмысын көктетпей, аяқтан шала берген соң оның басшылығы болған жағдайды баяндап, былтырғы жылдың жазында еліміздің Бас прокуратурасына арнайы хат та жазады. «Бас прокуратурадан жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтын боламыз деген жауап келді» дейді бас директор.

– Біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз – қайткен күнде де қаладағы трамвайларды, осындағы жұмыс орындарын сақтап қалу. Тексерулерден босаған жағдайда жоспарды іске асыруға кірісеміз. Егер құзырлы органдар жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, қалада трамвай тоқтамайды, қайта еуропалық талаптарға сай сервистік қызмет көрсету сапасы арта түседі деп сеніммен айта аламын. Тіпті, қаланың Жібек маталар комбинаты шағын ауданына, Согра кентіне, Әуежайға дейін де трамвай желісін тартуға болады. Жоба бойынша оның алғашқы қадамдары жасалып та қойған. Ал кедергілер осылай жалғаса беретін болса, кәсіпорынды ұстап тұрамыз деп айту қиын. Онда мұндағы 330 адам жұмыссыз қалып, экологиялық таза көліктің жұмысы еріксіз тоқтайды, – дейді Анатолий Успенский.

Жолақысын неге көтерді?

Әңгіме ауанын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қазіргі тірлігіне қарай бұрдық. 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалада трамваймен жүру ақысы 10 теңгеге қымбаттап, 55 теңге болды. Оның себебін де «Тахами путь» ЖШС-нің бас директоры А.Успенский былайша түсіндірді:

– Соңғы рет жүру ақысын 2010 жылы көтерген болатынбыз. Содан бері электр энергиясының құны 100 пайызға дейін көтерілді. Айырмашылықты жауып тұру енді мүмкін емес. Тарифті көтеруге мұнымен қатар қозғалмалы құрамды жаңалау қажеттілігі, қосалқы бөлшектердің қымбаттауы, трамвай паркі жұмыскерлерінің жалақысын көтеру секілді себептер негіз болып отыр.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, экологиялық таза көліктің қызметін сақтап қалудың жалғыз ғана жолы – тарифті көтеру болып отырған көрінеді. Соған қарамастан, жеңілдіктер бұрынғысынша сақталып қалған. Зейнеткерлер, мүгедектер мен мектеп оқушылары әдеттегідей билетке 25 теңге төлейтін болады. Дегенмен, трамвай бағасы қанша көтерілсе де, автобуста жүру билетінің құнынан асып көрген емес.

Вагондарды қайта жаңғырту жобалары дайын тұр

Елімізде трамваймен жолаушыларды тасымалдау қызметі Алматы, Павлодар, Теміртау, Өскемен секілді қалаларда ғана көрсетіледі. Жақында Павлодар қаласында зауыттан шығарылған жаңа заманауи трамвайлардың жолаушыларды тасымалдауға кіріскенін естіп, білгенбіз. Соған орай Өскемендегі трамвай паркін жаңалау бағытында қандай шаруалар қолға алынғанын сұрадық. Білгеніміз, кәсіпорын көліктерін жаңалауда қол қусырып отырған жоқ екен. Анатолий Анатольевич ескірген вагондарды қайта жаңғырту жоспарының әлдеқашан әзірленіп қойғанын алға тартады. Енді тек инвесторлармен келісімге келіп, жобаны қаржыландыру ғана қалып тұр.

Ал өскемендік мамандардың трамвайларды жаңғырту жобалары Ресейде жиі пайдаланылады екен. Мәселен, ол елдегі Омбы трамвай паркі Өскемендегі трамвай паркінің тұрақты серіктесі. «2013-2014 жылдар аралығында біз тағы да жылжымалы құрамды жаңғырту жоспарын іске асыруды көздеп отырмыз. Бұл жолы жоспарымыз іске асады деп сенеміз» дейді А.Успенский.

Ресейлік тәжірибе көрсеткендей, Өскеменде жасалған ескі вагондарды жөндеуден өткізу жобасы жақсы нәтижесін беруде. Кәсіпорын басшысының берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, қазір жаңа бір вагонның құны 500 мың доллар тұрады. Жаңа вагондар Ресейде, Белоруссияда құрастырылады. Ал ескіні бастан аяқ қайтадан жөндеп, қатарға қосуға 116 мың доллар ғана жұмсалмақ. Арадағы айырмашылықты есептей беріңіз. Айта кетер бір жайт, жаңарып шыққан трамвайлар толықтай жаңа заманауи электроникамен жабдықталатындықтан, электр энергиясын ескілеріне қарағанда 50 пайызға дейін үнемдейді екен. Үнемделген ақшаны былай қойғанда, екінші тынысы ашылған бұл көліктеріңіз жұмыс барысында жаңа трамвайлардан асып түспесе, артта қалмайтын көрінеді. Кәсіпорынның базасында жұмысқа жарамды 40 трамвай болса, солардың 32-і жолаушыларды тасымалдап жүр. Қалған сегізі жөндеуде тұр. Кәсіпорын аяғына нық тұрса, вагондар саны да арта түсері сөзсіз. Трамвайлардың еншісіне қаладағы жолаушылар тасымалының 18 пайызы тиеді екен.

Трамвайлардың тізгінін ұстайтын, жасы жеткен жүргізушілерді алмастыратын мамандар мәселесі қалай шешілетінін де сұрадық. Ол жағы да ойластырылыпты. Өскемендегі Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжінің базасында машинист мамандар даярланады екен. Былтыр 19 адам оқып шығып, жұмысқа орналасқан. Биыл тағы оқып жатқандар бар. Яғни, трамвайдың тізгінін ұстайтындарға тапшылық болмайтыны анық.

Бүгінде кәсіпорында 330 адам жұмыс істесе, олардың орташа айлық еңбекақылары 50 мың теңгені құрайды. Тағы 70-тен астам адамға жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынып отыр. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облыс орталығында өтіп жататын түрлі шараларға, қайырымдылық акцияларына кәсіпорын үнемі қатысып келеді.

Ендеше, қаламызға аса қажетті көлікті сақтап қалуды жан-жақты ойластырған жөн. Одан ұтылмасымыз анық.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button