Журналистік зерттеу

Тәнге таңба түсіру сән бе, әлде, тәрбиесіздік пе?

Денеге сурет салу жастардың арасында қалыпты жағдайға айналғандай. Қазіргі тілмен айтқанда мұны татуировка, татуаж дейді. Жаһанданумен жеткен жағымсыз әрекетті сән көріп жүрген олар тәнге таңба түсірудің салдары туралы бас қатырар емес.

Тәнге таңба түсіру сән бе, әлде, тәрбиесіздік пе?Бүгінгінің жастарын кеселді дерттей жайлап бара жатқан жасандылықтың қатарында сонымен бірге, қолдан шаш жалғау, тырнақ жабыстыру, қас ойып салу, пирсинг (құлақ, мұрын, тілді тесіп, сырға салу) сынды түрлі «сән үшін» жасалатын амалдар күн санап артуда. Бірақ осындай әрекеттерге барған құрбыларымыздың біразын сөзге тартқанымызда тәнге сурет салудың тәрбиесіздік екенін алғаш естіп тұрғандарын жеткізді. Тіпті, кейбірі тіксініп те қалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Асанов:

– Жалпы адам денесіне кетпейтіндей етіп таңба салу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұған қатысты бір хадисінде: «Кімде-кім денесіне сурет салған болса, соған Алланың лағнеті болсын» деген. Егер адамға тәніне ине арқылы сурет салдыруы қаншалық ауырлық етсе, ақырет күнінде сол ине арқылы азап көреді. Сондай-ақ, шаш жалғау, тырнақ жабыстыру, мұрын, ерін тесіп, сырға салу да күнәлардың бірі. Бұл сәннің шарықтауы емес, адамның құлдырауы. Адам адамға қызыққанда оның денесіндегі суретіне, жабыстырылған тырнағына, иә болмаса беттегі бояуына емес, ішкі жан дүниесіне қызығуы қажет, – дейді.

Қолына неміс тілінде «Қорықпаймын» деп жазу жаздырып алған 21 жасар өскемендік жігіт Архатпен (есімі өзгертілген) тілдескен едік.

– Бұл татуировканы бір жыл бұрын достарымның кеңесімен жасаттым. Ондағы ойым қорқыныштан арылу болды. Маған сенгендіктен бұл іске ата-анам да еш қарсылық білдірмеді. Алғашқы күндері қолымды байлап жүрдім, әр 3 сағат сайын арнайы дәрі майларды жағып, тазалап отырдым. Соншалықты ауырды деп айта алмаймын және бұған еш өкінбеймін де. Егер келешекте менің балам тек сән үшін ғана татуировка жасатамын десе қарсы болар едім. Ал егер ол таңба белгілі бір ұғымды білдірсе немесе оны рухтандыратын мағынадағы сөздер болса қарсы емеспін, – дейді ол.

Алайда бұл қатарластарымыз денеге сурет салудың қаншалықты зиянды екенін бағамдамайтын секілді. Дәрігер мамандардың айтуынша, татуировка мен пирсинг адамның ағзасында тері рагын туғызуы ықтимал. Ал өз кезегінде қатерлі ісіктің соңы көп жағдайда қайғылы жайттармен аяқталып жататыны тағы рас.

– Дәстүрлі қытай медицинасында акупунктура деген бағыт бар. Ол адам денесіндегі көптеген нүктелер арқылы ағзаға әсер ету. Мұрынды, тілді тесіп, қандай да бір әшекей бұйым тағу сол нүктедегі жасушалардың үнемі тітіркенуіне, ауруға шалдығуына әкеліп соғады. Ал пирсинг жасатушы аурудың қайдан келгенін білмей қалады. Татуировка, пирсинг жасаудың шеберлері келушілерге «ол нүктелердің бәрін жатқа білеміз және оларға еш зиян келтірмейміз» деп сендіреді. Шын мәнінде, тәжірибелі шебердің өзі 100 пайыз кепілдік бере алмайды бұған. Сондықтан бұл іске барар алдында жақсылап ойланған дұрыс. Өйткені, жастықпен жасалған қателік үшін өмір бойы өкініп, опық жеп отырғандар аз емес, – дейді тәжірибелі дерматолог Бикамал Дәуітбаева.

Мамандардың сөзіне мән беріп жатқан жастар ма? Өскемендегі жоғары оқу орындарының бірінде 1 курста білім алып жүрген замандасымыз денеге сурет салдыртуға қарсылық білдіргенімен өз тілін өзі тесіп тастапты. Айтолқын Сейітжанның (есімі өзгертілген) айтуынша, тілін тесіп сырға салғанына бүгінде біржарым жылдай болыпты. Ата-анасының, әсіресе, әжесінің қарсылығын құлаққа ілместен осындай оғаш қылыққа баруға бекініпті. Айтолқын арнайы салонның қызметіне жүгінбепті, тек пирсингке арналған 200 теңгелік инені сатып алып, үйінде отырып бір жарым сағаттың ішінде тындырыпты бар шаруаны.

– Өте қатты ауырды. Алғашқыда тамақ жей алмай сұйық қана ішіп жүрдім. Түнде ұйықтай да алмай қиналдым. Ал салонға бармауымның себебі – олар тез, әрі ауыртып теседі. Және де ауру жұқтырып аламын ба деп қорықтым, – деді тілінде «тікені» бар кейіпкеріміз Айтолқын.

Салон демекші, қала көшесінде екі аттап жүрсеңіз сұлулық салоны мен шаштаразға кезігесіз. Ондағы көрсетілетін қызмет түрлері де сан алуан, бағалары да баршылық. Мәселен, сұлулық салондарында тырнақ жабыстырудың құны 6 мың теңге, кірпік ұзарту 3 мың, ал оны қайтадан алып тастау 500 теңге тұрса, татуаж немесе татуировка салудың құны 10 мың теңгеден басталады. Косметолог мамандардың айтуынша, егер бояу 0,3-1 мм. тереңдікке енгізілсе татуаж 4 жыл бойы сақталады. Оны жасатушы азамат 18 жасқа толған болуы керек және аяғы ауыр болмауы, эпилепсия, қант диабеті, ЖИТС секілді созылмалы аурулармен ауырмауы қажет дегендей.

– Пирсинг жасау біздің елде кейінгі екі-үш жылда жақсы дамып кетті. Қазір салондарға ағылған жастардың қатары толастар емес. Олардың көбісі мұны сән ретінде, құрбыларынан ерекшелену мақсатында жасататындарын айтады. Дегенмен біз 18 жасқа толмағандарға ата-анасының рұқсатынсыз жасамаймыз. Және мұндай істі салондарда медицинадан хабары бар, кәсіби мамандар атқарғаны абзал. Әйтпесе, біреудің денсаулығына зиян шектіріп алуы мүмкін, – деген сұлулық салонының қызметкері Индира Батырханқызы пирсингке бармас бұрын жастарға оның мән-жайын түсініп алу қажеттігін еске салды.

Татуировканың тарихы тереңде

Денелеріне сурет салдырып, мұрын, құлақ, тіл секілді дене мүшелеріне сырға салдыру ежелгі дәуір тайпаларында да кездескен. Ол кездегі «татуировкалар» екі мақсатта қызмет еткен: біріншісі, өз тайпасына тәуелділіктің белгісі ретінде болса, екіншісі, үстемдік белгісі ретінде. Яғни, татуировка арқылы өз тайпасының немесе тайпалар тобының ішінде қандай дәрежеде екендігін көпшілікке білдірген. Ерте замандарда татуировканы тек ер адамдар ғана жасатқан. Денедегі суреттің көлемі, оның орналасатын жеріне, салудағы мақсаты мен беретін мағынасына қарай таңдалады.

Денесін тесіп, сырға салдыруды, яғни, бүгінгі пирсинг деп атап жүрген істі ертеде әйелдер мен еркектер бір-бірін өздеріне қарату үшін жасаған көрінеді. Өйткені, ол кезеңде сүйгенін еліктіретіндей, өзінің кереметтігін көрсететіндей адамдарда ақыл-парасат, білім-білігі болмаған. Сырт келбетінде ерекшелеп тұратын әлем-жәлем киімдер де жоқ еді. Соған байланысты тайпа мүшелері татуировка мен пирсингке жүгінген.

Кейін адамзаттың дамуы қарқын алып, өркениетке жол ашылғалы бері бұл үрдіс құлдырай бастады. Мамандар орта ғасырда татуировкалар тек абақтыларда ғана жасалғанын алға тартады. Бірақ кейіннен ХХ ғасырдың соңына қарай қамаудағылардың өзі татуировканың денсаулыққа қаншалықты зиян екенін түсіне бастаған. Нәтижесінде жабайы іске жаппай барушылар күрт азайған. Бір өкініштісі, XXI ғасырға қадам басқалы күтпеген жерден тәнді «қорлаушылар» қатары арта түскенін көзіміз көріп отыр.

Пирсингті жындардан сақтану үшін де жасаған

Әлемдегі археолог ғалымдар кейінгі уақытта денеге тағылған әшекей бұйымдарға жете мән беріп, зерттеуді бастады. Көне жазбаларда денеге сырға салудың себептері мен оны жасау әдістері көрсетілмегенмен бұл жөнінде мамандар бірқатар дәйекті болжамдар жасап отыр.

Еуропада құлаққа пирсинг жасау IV және XVI ғасырларда кең етек алған, ол құлақты жауып тұратындай шаш үлгісін жасау және киім таңдаумен байланысты туындаған көрінеді.

Кейіннен құлақ пирсингі Италия, Испания, Англия және Францияда қайта сәнге айналды. Сондай-ақ, Солтүстік Америкада да 1930 жылға дейін пирсинг жасату қарқынды жүрген.

Бір қызығы, Үндістанда мұрынға сырға, әшекей бұйым тағу бүгінгі күнге дейін бар. Оны қыздар тұрмысқа шығар күннің алдындағы түнінде жасатады екен. Негізінен ол мұрынның сол жағына салынады. Мұрындағы әшекей бұйым жындардың әсер етуінен сақтайды деп есептелген.

Ал ерін, тілге сырға салу Африка және Америка тайпаларының мәдениетінен қалған деседі. Малавидің бірқатар аудандарының әйелдерінде арнайы «пелеле» деген пластиналармен ерінді әшекейлеу дәстүрі бар. Бұларды тағу үшін әйелдер бала күндерінде еріндерін тестіреді, өйткені, үнемі қозғалыста болуына байланысты оның диаметрі 10 сантиметрге дейін созылады. Ол кейін сырға салуда қиындық туғызбас үшін жасалады. Аталған дәстүр кейбір өңірлерде бүгінгі күнге дейін сақталған.

Қалай дегенмен де бұлардың бәрі адамның денсаулығына еш пайда әкелмейтінін бүгінгі медицина нақты деректермен дәлелдеп берді. Дәрігерлердің пікірінше, пирсинг – аллергиялық реакция және ағзаның әлсіздігін туғызатын, қанша жерден санитарлық жағдай қадағаланған күннің өзінде түрлі инфекция жұқтыру қаупі бар өте күрделі үрдіс. Пирсинг жасалған орынның жазылуы оның орналасқан жеріне байланысты. Жақсы жасалған пирсинг орнының өзі толық жазылу үшін бір айдан артық уақытты қажет етеді. Міне, осындай қауіп-қатердің барын біле тұра пирсинг жасатушылар жоқ емес бүгінде.

Айгүл ҚАЛИЕВА, жас маман:
– Қазіргі кезде жастардың арасында пирсинг жасату сәнге айналып бара жатыр. Өз басым мұндай әрекетке түбегейлі қарсымын. Неге десеңіз, денеге салынған пирсинг, татуировкалардың адам денсаулығына зияны болмаса, әкелер еш пайдасы жоқ деп толық айта аламын. Бірақ мұны татуировка, пирсинг жасатып жүрген жастардың мойындағылары келмейтін тәрізді. Денеге салынған суретті немесе ерінге, мұрынға тағылған сырғаларды көргенде тұла бойым тітіркенеді, қызығып таңғаларлық түгі де жоқ. Басқаларға еліктеп денсаулығыма үлкен қауіп тудыратын бұл қадамға бармаймын да және өзгелерге де солай деп айтар едім. Себебі, еріндегі сырға, я болмаса денеңдегі суретпен ел алдында жүрудің өзі ұят, үйдегі ата-анаң мен туыстарыңды айтпағанда. Шындығында одан басқа да әуестенер қызықты істер жетіп артылады ғой бұл күнде.

Меруерт Молдағалиев

Осы айдарда

Back to top button