Журналистік зерттеу

Сочиде қай спортшыларымызға сенім артамыз?

Қысқы спорт түрлері бойынша еліміздің құрама командасына қабылданған шығысқазақстандық спортшылар Сочи ақ олимпиадасына даярлықты Риддердегі спорт базаларында бастады.

Сочиде қай спортшыларымызға сенім артамыз?

Алтыннан басты үміткер – Алексей Полторанин


Есімі әлемге танымал шаңғышы Алексей Полтораниннің қаржылай көмегімен 40 орындық қонақүй, моншасы, басқа да қажеттіліктер толық қамтылған шаңғы базасы салынып, іске қосылды. Мұндағы шаңғы жолы әлемдік стандартқа сай келеді. Спорт базасы Риддер қаласына жақын, ара қашықтығы 16 шақырым ғана. Бұл өңірге қазан айында қар қалың түсіп, маусым айының ортасына дейін жігі сөгілмей жатады. Таулы алқаптың жер жағдайы мен күн райы қысқы спорт түрлерін дамытуға аса қолайлы.

Теңіз деңгейінен 1850 метр жоғары тұрған базада шаңғы, биатлон, сноуборд түрінен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Базаға қар үстінде жүретін екі «Буран» машинасы, спортшыларды тауға алып шығаратын вахталық машина сатып алынған. Ашылғанына екі жылдай болып қалған базаға біздің облысты қойып, Ресей спортшылары келіп, жаттыға бастады.

Алексейге жарыстарда жан-жақты қолдау көрсету үшін үш спортшы, массаж жасаушы, дәрігер, психолог, екі жаттықтырушы бөлінген. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы риддерлік Алексей Наконечный мен көкшетаулық Сергей Тишков екеуі бірігіп, оны жарыстарға даярлауда. Қазіргі уақытта Алексейдің денсаулығын күнделікті тексеріп отыратын соңғы үлгідегі салмағы бес келі болатын компьютерлендірілген медициналық қондырғы сатып алу қарастырылуда.

Сондай-ақ бұл спортшыға олимпиада ойындары кезінде пайдаланатын 200 жұп шаңғыға тапсырыс берілген. Ең бастысы, оған жарыс кезінде шаңғысын майлап, баптап беретін екі білікті маман бөлінді. Қысқасы, Алексей Полторанинге Сочи олимпиадасында медаль алуы үшін алаңсыз даярлануына қолдан келген жағдайлардың барлығы жасалып жатыр.

Спорттағы жетістіктері үшін Алексейге Өскемендегі жібек маталар комбинаты шағын ауданынан үш бөлмелі пәтер және жеңіл көлік берілді.

– Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ спорт саласын білікті мамандардан артық білетініне көзіміз жетті. Спортқа жақын адам болғандықтан да спортшы жанын терең түсініп, облыс сайыпқырандарына әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Соның арқасында, әсіресе, Сочи олимпиадасына даярлық барысындағы барлық мәселе шешімін тауып, спортшыларымыз алдағы дүбірлі жарысқа ойдағыдай әзірленіп жатыр. Олар қаржыландыру жағынан тапшылық көрген жоқ, қажетті спорттық керек-жарақтарымен талапқа сай қамтамасыз етілген. Олимпиада – әрбір спортшының ең биік асуы. Біз үшін ел сенімін ақтаудан артық парыз жоқ. Мақсатымыз жолдама алумен ғана шектелмейді. Үміт артып отырған спортшылар Олимпиада медалін кеудесіне тағатынына кәміл сенімдімін, – дейді қысқы спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Анатолий Проскурин.

Қысқы олимпиадаға біздің облыстан қанша шаңғышы қатысады?

Республикалық Денешынықтыру және спорт істері агенттігі біздің облыстан Сочи олимпиадасына қатысуға нақты мүмкіндіктері бар 28 спортшыны даярлауға баса назар аударып отыр. Олар қазіргі уақытта еліміздің құрама командасы сапында шаңғы жарысы, тау шаңғысы, биатлон, фристайл түрінен сынақтарға қатысып, іріктеу сатысынан өтіп жатыр. Еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың басым көпшілігі біздің облыстан екенін де мақтанышпен атап өтуге болады.

Биылғы маусым басталғаннан бері ұйымдастырылған аса маңызды жарыстарда Алексей Полторанин айрықша көзге түсті. Ол әлем кубогы үшін жалпы жиыны 10 кезеңдік жарысқа қатысуы тиіс. Бұл жарыстардың қорытындысында жеңімпаз боларлықтай мүмкіндігі бар екенін сынақтарда көрсетіп те жүр. Биылғы кубоктық кезеңдік жарыстарда үш мәрте жеңіске жетті, жиынтық көрсеткіші жоғары, үздіктер қатарында келеді. 15 шақырымдық қашықтықта әлем саңлақтарымен бәсекеге түсіп, коньки мәнерімен жүгіруде алдына жан салмады. Бұған қоса, Алексей Полторанин Швецияның Галливер қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде күміс жүлдеге, Финляндияның Куусамо қаласында өткен кезеңінде қола жүлдеге ие болды. Осылайша, Сочи олимпиадасында жүлдегер атануға лайықты екенін дәлелдеп жүрген Алексей бір емес, екі-үш медаль алатындай мүмкіндігі бар екенін көрсетіп те жатыр. Оның басты қарсыласы – норвег шаңғышысы Петтер Нортуг.

Алексеймен бірге шаңғышы Сергей Черепанов та жақсы жетістіктерінің нәтижесінде олимпиадашылар тобына қосылатынына сенімді. Сергей биылғы маусымда әлем кубогының кезеңдік жарыстарында екі мәрте алдыңғы топтағы жиырма және отыз үздік спортшының қатарынан орын алды. Ол командадан бөлек бапкері – әкесінің бақылауында оқу-жаттығу жиынын өткізді.

Шаңғышылар Александра Малышева, Сергей Малышев та олимпиада жолдамасы үшін сынға түсіп жатыр. Сергей Финляндияда өткен халықаралық жарыстарда бірінші және үшінші орындарды иеленді. Роман Рагозин де негізгі үміткерлердің бірі.

Шаңғышы қыздар арасында 1991 жылы туған Анастасия Слонова әлем кубогының кезеңдік жарыстарында 16-шы және 21-ші орыннан көрінді. Ол келешегінен үміт күтерлік шаңғышы екенін бәсекелерде көрсете білді. Сондай-ақ Марина Матросова әлем кубогы жолындағы жарыста 24-ші орынды иеленді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елена Коломина әлем кубогы үшін жарыста үздіктер қатарында 20-шы орынға енді. Шаңғышылар Оксана Яцкая мен Анна Стоян да олимпиадаға қатысу талабына сай ұпай жинап жатыр.

Биатлоннан Галина Вишневская былтыр Еуропа кубогында 15-ші орын алған. Әлем кубогының кезеңдік эстафеталық жарысында жақсы нәтижеге жетті. Олимпиада жолдамасына Александр Трифонов пен Сергей Наумик те таласады.

Фристайлшылар арасында да мықты спортшылар бар. Ресей Еуропа кубогын Финляндияда өткізді. Бұл жарыста Павел Рейхерд үшінші орын алды. Дәл осы жарыста Азия ойындарының чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Юлия Галышева бірінші, Дарья Рыбалова екінші орындарды еншіледі. Финляндияның Рука қаласында фристайлдан әлем кубогының кезекті сынында бүкіл дүниежүзілік универсиада жеңімпазы Дарья Рыбалова 25-ші орыннан көрінді. Осындай жарысқа алғаш қатысқан он алты жастағы Павел Колмаков 29-шы орынды иеленіп, үздік отыздыққа енді. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында сегізінші орын алған болатын. Павел жастығына қарамастан бар-жоғы екі жыл ішінде айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізіп үлгерді.

Фристайлшылар арасында біздің облыстан алты бірдей спортшының Сочи олимпиадасына қатысатын мүмкіндігі бар. Тағы бір айта кетерлігі, әлем кубогындағы жарыстарда тайғанақты шаңғы жолына дағдыланбаған біздің спортшылар бұрылыстарда жылдамдықтарын тежей алмай, жолдан шығып кетіп жатты. Жарыс ережесінде мұндай қателік ұпайды кемітуге әкеп соғады.

Тау шаңғышылары арасында Игорь Закурдаевтың бір ерекшелігі өзін тепетеңдікте ұстап, ылдиға зымырай құлдилағанда, құлап қалмай соңына дейін жетеді. Бұл спортшылар арасында сирек кездесетін жағдай. Үржарлық шаңғышы Елдос Ахмадиевтің көрсеткіші де жақсарып келеді. Ол әлем кубогының кезеңдік жарысында бәсекелестері арасында 27-ші болып мәреге жетті.

Олимпиада үміткерлері төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі жарысқа қатысу үшін әлем кубогының кезеңдік жарыстарында ұпай жинап жатыр. Әлем кубогының қорытындысында отыздыққа ілінген спортшылар ғана Сочи олимпиадасына қатысатындығы қарастырылған. Ал олимпиада ойындарында жалпы жиыны шаңғы жарыстарына – 100, фристайлдан – 30, сноубордтан – 30, тау шаңғысынан – 40, биатлоннан 50 спортшы бәсекеге түсетіні белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта өтіп жатқан әлем кубогына 120 спортшыға дейін қатысып жатыр. Әрине, әлемдегі үздік 30 спортшының қатарынан орын алу оңай шаруа емес. Алдағы жарыстарда ел намысын қорғауда жауапкершіліктің жүгі ауыр болатынын, әлі көп тер төгу керек екенін біздің спортшылар да терең сезініп отыр. Облыс спортының тізгінін ұстаған Әбіл Дөңбай да спортшылардың көптеген халықаралық жарыстарға қатысуына және оқу-жаттығу жиындарын өткізулеріне көп көңіл бөліп, әрдайым қамқорлық көрсетіп жүр.

Қарадомалақтарымызды мұз айдынынан көру мұң болып тұр

Қазақстан құрама командасындағы спортшылардың барлығы да Анатолий Проскурин басқаратын қысқы спорт түрлері бойынша облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің түлектері екенін де атап өткен жөн. Бұл күндері осы мектептің базасында 121 спортшы оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүр.

– Біздің облыста қысқы спорт түрлері бойынша бар мүмкіндіктің 3-5 пайызы ғана пайдаланылады. Шалғай ауылдарда тұрып жатқан жеткіншектердің қысқы спорт түрлеріне қолдары жетпей жүр. Негізінде талантты спортшыларды ауылдан іздеу керек. Бапкерлік қызметті Риддерде бастадым. Көп жылғы тәжірибемнен байқағаным, ауыл балаларының дене қуаты деңгейіне жетуі үшін қала балаларына екі жылдай уақыт керек. Ауыл балалары отбасы жағдайымен еңбекке ерте араласып, шынығып, шыңдалып өседі. Зайсан қаласындағы, Күршім, Үлкен Нарын, Черемшанка ауылдарындағы, Глубокое, Первомайка кенттеріндегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде қысқы спорт түрлерінен бөлімшелер ашылған. Спорттық құрал-жабдықтары мүлде жетіспейтіндіктен басқа да аудандардан осындай бөлімшелерді ұйымдастыратындай мүмкіндік жоқ, – дейді Анатолий Проскурин.

Қысқы спорт түрлерінің бұқаралық сипат алуы үшін шаңғы жарыстарын өткізуді алдымен мектеп оқушылары арасында бастау керек. Бұл тұрғыда дене тәрбиесі пәні мұғалімінің рөлін көтеру, қысқы спорт түрлеріне қажетті спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету, мектепаралық, аудандық, облыстық жарыстарды жиі өткізуге жете көңіл бөлінуі тиіс. Қазіргі жағдайда әр мектепті 30-40 жұп шаңғымен қамтамасыз ету жағын да қарастырған жөн.

Риддердегі спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білім алып жатқан 150 оқушы шаңғы тебу, биатлон, фристайл, тау шаңғысы түрлерімен шұғылданады. Мұнда олимпиадалық ойындарға қатысатын шебер спортшыларды даярлайды. Ел Үкіметі әр оқушыға жылына екі миллион теңге қаржы бөліп отыр.

Мектеп-интернаттағы оқушылардың басым бөлігі Риддер қаласынан келген. Кейінгі жылдары шалғайдағы Күршім, Катонқарағай аудандарынан балаларды қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға тартып жатыр. Қысқы спорт түрлерінен әлем кубогының кезеңдік жарыстарына қазақ жастарынан Елдос Ахмадиев қана қатысып жүр. Риддердегі республикалық мектеп-интернатта білім алып, шаңғы спортымен айналысып жүрген қазақ жастарының саны саусақпен санарлықтай десе де болады. Шалғайдағы ауылдарда спортқа бейімді талантты жас жеткіншектер баршылық. Соларды тауып, қысқы спорт түрлері бойынша баулып, дүбірлі жарыстарға үкілеп қосып жатсақ нұр үстіне нұр емес пе?

Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button