Журналистік зерттеу

Құрғақ уәде беретін жауапсыз мердігерлер енді айыппұлмен ғана құтылмайды

Құрылысты көрсетілген мерзімінде салып бітірмеген, құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз жүргізген облыстағы бірнеше құрылыс кәсіпорындарының ісі сотта қаралуда. Жауапсыз мердігерлердің кейбіріне 50 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеттіру туралы сот шешімі де шығарылып отыр. Егер бұл кәсіпорындар жауапсыз мердігерлер тізіміне енсе, үш жылға дейін елдегі құрылыс нарығынан аластатылып, «қара тізімнің» қатарын толтыратын болады.

Құрғақ уәде беретін жауапсыз мердігерлер енді айыппұлмен ғана құтылмайды

Төрт мектептің құрылысы тоқтап тұр

«Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген. Тендер өткізгенде барлық талаптарға сақадай саймыз деген мердігерлердің бір тобы өткен жылы салынуы тиіс нысандарды әне бітіреміз, міне бітіреміз деп тағы да биылға қалдырды.

Бірнеше бөліктен тұратын Глубокоедегі кешенді аурухананы белгіленген уақытында салып шығамыз деген «Құмаров и К» ЖШС де мойнына алған міндетін орындамады. Жыл аяғына дейін аурухананы жартылай болса да іске қосамыз дегендері қысылғанда шыққан құр сөз күйінде қалды. «Дидар» газетінің тілшілері де қыркүйек айының аяғында осы әлеуметтік нысан құрылысының басында болған-ды. Құрылыс учаскесінің бастығы жұмыстың он пайыздайы ғана атқарылғанын, бірақ желтоқсанның соңына дейін аурухана кешені ішінара болса да салынып бітетінін айтып, сендірген болатын. Былтырғы көктемнен бері аурухананың әлегін тартып жүрген аудан тұрғындарының сенімі ақталмады. Аталған мердігердің Зимовье ауылында салып жатқан жүйке жүйесі ауруымен ауыратындарға арналған интернат үйінің құрылысы да 2012 жылы біту керек еді. Біткен жоқ.

Облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Сейіл Шуашпаевтың айтуынша, Глубокоедағы аурухананың құрылысы биылғы күзге таман ғана бітетін түрі бар. Қазір құрылыс қосымша қаржыландыруды күтіп тұр. Барлық жұмыстың 30 пайыздайы ғана атқарылған бұл нысанды салуға енді өзге құрылыс кәсіпорындары да жұмылдырылмақ.

– Асар жасап, басқа кәсіпорындарды да осы нысанды салуға қосқалы отырмыз. Өйткені осы нысанды салып жатқан мердігердің бір басында үш бірдей құрылыс нысаны бар. Кәсіпорын Өскемендегі қан құю орталығын, Зимовьедегі интернат-үйін қоса салып жатыр. Осы соңғы екі нысанды салып біткен соң компанияның өз жұмыс күші де аурухана құрылысына толық тартылатын болады, – дейді басқарма бастығының орынбасары.

Құрылысы мерзімінде бітпей қалған нысандардың біразы Үржар ауданында. Бұл аудандағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынып жатқан жаңа мектептер де былтырғы жылдың аяғына дейін салынып бітеді деп жоспарланғанымен, осы жылға шегерілді. Соның ішінде Үржар ауданындағы екі мектептің құрылысы біржолата тоқтап тұр. Лайбұлақ, Ер Қабанбай ауылдарындағы жобалық құны 235 және 249 миллион теңге тұратын мектеп құрылыстарын қаңтарып қойған «Топи Проект», «РСУ Асар» ЖШС бірінен соң бірі сотқа беріліп отыр. Екі мектеп құрылысына бөлінген қаржы көлемінің үштен бір бөлігі игерілмеген.

– Техникасы, жұмыс күші жеткіліксіз бұл құрылыс кәсіпорындары тапсырылған нысанды әрі қарай салып бітіруге шамалары келмей отыр. Кәсіпорындар конкурсқа түсерде өздері басқа бір шағын кәсіпорындармен өзара шарт жасасып, құрылысты солармен бірлесіп жүргізуге уағдаласады. Жұмысқа соның техникасын, жұмысшыларын пайдаланбақ болады. Өзінде техника түгілі, тәжірибе жоқ екені қаперіне кірместен біреуге сеніп, тендерге түседі. Сан соқтырып отырған осындай жәйттер көп. Осы құрылыс нысандарымен қоса Күршім ауданындағы екі мектептің құрылысы да жартылай ғана салынып, тоқтап тұр. Үшбұлақ ауылындағы мектепті салып жатқан «Восток Капитал Строй» мен Ақжайлау ауылындағы мектептің мердігері «Профистрой» серіктестіктерінің басындағы жағдай да алдыңғы екі мекеменікіндей, – деген С.Шуашпаев әлеуметтік құрылыс нысандарын салудың кешіктіріліп жатуына құрылыс компанияларының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмаушылығы ғана емес, аймақтағы қысқы ауа райы жағдайының, жобалау жұмыстарының дұрыс жасалмауының кедергісі де көп болып отырғанын жеткізді. Әсіресе, ауылдарда жүргізіліп жатқан құрылыстарда істейтін қарапайым жұмысшылар жетіспей келеді. Кәсіпорындардың өздерінде краншы, дәнекерлеуші, сылақшы, әрлеуші, бетоншы сияқты мамандар саны да саусақпен санарлықтай.

Аймақтағы құрылыс кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Игорь Щацкий бүгінде Шығыс Қазақстанда құрылыспен айналысуға лицензия алған 3,5 мыңға жуық фирмалар мен мекемелер бар болса, солардың көпшілігі заманауи техника күшімен қоса құрылысшы мамандарына қатты зәру болып отырғандығын айтады.

Қойылатын талап күшейтіледі

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аймақтағы жауапсыз мердігерлердің тізімін жасап, бұдан былай олардың бірде-бірін тендерге қатыстырмауды қатаң тапсырған болатын.

– Құрылыс мекемесі қатарынан бірнеше рет құрылыс-монтаждау жұмыстарын мерзімінен кешіктірсе, нысанды сапасыз салса немесе кәсіпорынға жіберген кемшіліктері үшін айыппұл салынса, онда ол мердігер компаниялар соттың шешімімен жауапсыз мемлекеттік қызмет көрсетушілер тізімі қатарына енгізіледі. Осыдан кейін мұндай құрылыс кәсіпорындары еліміз көлемінде өткізілетін ешбір тендерге қатысуға жіберілмейді. Республика бойынша жарияланған жауапсыз мердігерлердің «қара тізімінің» ішінде біздің облыстағы аты шулы бірнеше құрылыс мекемелері де бар, – дейді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Сейіл Шуашпаев.

Құрылыс нарығындағыларға қатысты тағы бір енгізілген тегеурінді өзгеріс – келісімшарттарын орындамаушыларға қойылатын талаптың күшейтілуі. Бұрын келісім міндеттемелерін орындамаған құрылысшылар біраз ғана айыппұлмен құтылып жүрсе, қазір мәселе басқа қырынан қойылған. Бүгінгі күні құрылыс кәсіпорны мерзімінен кешіктірілген құрылыстың әр күні үшін нысанның жалпы құнының 0,1 пайызын төлейтін болып отыр. Мұндай айыппұлдың мөлшері кез-келген ортанқол кәсіпорынды шығынға батырады. Облыстық құрылыс басқармасының сотқа жіберген соңғы талап-арызындағы қаржының өзі бір миллиард теңгеге дейінгі көлемді құраған. Құрылысты сапасыз жүргізген, кешіктірген мекемелердің бірнешеуіне 10 миллионнан 50 миллион теңгеге дейін айыппұл салу туралы сот шешімі шығарылып та отыр.

Салынып жатқан құрылыс нысандарының сапалы болуы үшін кәсіпорындардың материалдық-техникалық жағдайына, оларға лицензия беру тәртібіне қойылатын шарттар мен талаптар да күшейтілген болатын. Енді көпқабатты тұрғын үйлерді салатын компаниялар міндетті түрде құрылыс нарығында кем дегенде он жыл жұмыс істеуі тиіс. Алдағы уақытта елімізде мұндай ірі кәсіпорындар санын төрт мыңнан асыру көзделінуде. Бәсекелестік тудырып, еркін таңдау болу үшін. Биыл Құрылыс істері агенттігі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға осы мәселелерді барлық қырынан қамтитын өзгерістер мен толықтырулар енгізбек.

Сонымен қатар ұсақ нысандар құрылысын жүргізумен, жөндеу жұмыстарымен, нысандарды қайта салумен айналысатын шағын фирмалар мен мекемелерді лицензиялау да қатаң қадағаланбақ.

Тоқ етері, тендерге қатысуға келген фирма бұдан былай қаржы табуды емес, құрылыс салуды ойлап келуі қажет. Төбесінен су сорғаламайтын, қабырғасын көк, терезесін қырау баспайтын сапалы үйлер мен әлеуметтік нысандарды сондай жауапты фирма ғана сала алады.

Нұржан ӘБДІКӘРІМОВ, Үржар аудандық білім бөлімінің бастығы:
– Лайбұлақ ауылындағы орта мектепте қазір 87 бала, Ер Қабанбай ауылында 111 бала оқып жатыр. Бұл екі мектеп те апатты жағдайда. Ғимараттардың іші жылы болғанымен оқу бөлмелері тозып тұр. Мектептің апатты жағдайда екендігі туралы шешім осыдан төрт-бес жыл бұрын шыққан болатын. Бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс басталып кеткенде оқушылар да, мұғалімдер де қуанышқа бөленгені рас. Жаңа мектеп бітпей қалды. Құрылыс сол қалпы тоқтап тұр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button