Дін

Өскемендік студенттер дінтанушымен дидарласты

Өскемендегі Достық үйінде дінтанушы, Алматы облысы дін істері басқармасы діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының психологы Қанат Мүтебаев жоғары және арнаулы оқу орындарының студент жастарымен кездесіп, ақпарттық-түсіндіру жұмысын өткізді. 

Жастармен кездесу барысында бүгінгі таңдағы еліміздегі діни ахуал, кереғар діни ағымдардың ықпалының алдын алу, ғаламтор желісін дұрыс пайдаланудың маңыздылығы туралы түсіндірілді. Дінтанушы бүгінгі қоғамда болып жатқан түрлі мәселелерге, соның ішінде діни экстремизм, терроризм, отбасындағы ер адам мен әйелдің рөлі, жастардың, оның ішінде ұлдар мен қыздардың тәрбиесі, нашақорлық, алкоголизм және өзге де өзекті тақырыптар бойынша сөз қозғап, түйінді пікірлер айтты.

– Елге, қоғамға пайдамды тигізсем деген жан ең алдымен өзінен, өзінің жүріс-тұрысын түзеуден, өзін-өзі тәрбиелеуден бастауы шарт. Сіздерге қарап,
арттарыңыздан еріп келе жатқан іні-қарындастарыңыз, бауыр-сіңлілеріңіз үлгі алатынын естен шығармаған абзал. Бүгінгі жіберген қателіктеріңіз үшін ертең жауап беруге тура келеді. Қазір Интернет, әлеуметтік желілерге салған фото, бейне материалдарыңыз ұзақ жыл сақталатынын ұмытпаңыздар. Кейін сол жүктеген дүниелеріңіз үшін ұяттан қызарып, ыңғайсыз жағдайға қалып жүрмеңіздер, – деп ескертті психолог, дінтанушы маман.

Ол ұлттық құндылықтарға ерекше мән бере отырып, мәдениет пен тазалықты ұстанып, жастарға әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардан аулақ болу қажеттілігін де жеткізді. Сонымен қатар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар беріп, өзара пікір алмасты. Емен-жарқын жүздесу кезінде ислам дінінің асыл құндылықтары, білім алудың пайдасы жайында баяндалды. Кездесу барысында, қазіргі кезде адам санасын, жалпы қоғамымызды улап жатқан діни ағымдар туралы, олардың өмірге қаншалықты зиян келтіретін қисапсыз түрлері бар екені айтылды. Оқушыларға елді адастырып, қатерге бастайтын діни ағымдар туралы мәлімет беріле отырып, одан аулақ болудың жолдары нақтыланды. Әлеуметтік желідегі жалған діни топтар мен деструктивті идеологияны насихаттаушы парақшалардың айла-тәсілдері, іс-әрекеттері және де қолдануға болмайтын, бұғатталған сайттар жайында да ұтқыр мысалдар келтірілді. Арнайы бейнероликтер көрсетілді. Іс-шараға жиылған оқу ордаларының жастары өздеріне қажетті мол мағлұмат алып, кездесу өте қызықты өтті.

– Бүгінде қоғамымызда түрлі келеңсіз жағдайлар болып жатқаны белгілі. Солардың алдын алу үшін жастармен кездесулер өткізіп, діни сауаттылыққа үйрету, жақсы тәлім-тәрбие беру аса қажет, – деді дінтанушы. Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Совет Әубәкіров мағынасы зор кездесу өткізген Қанат Маратұлына мекеме атынан алғыс айтып, өз ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ осындай кездесулер Семейде облыстық полиция департаменті бөлімшелерінің, Семей әскери гарнизонының қызметкерлерімен, Аягөз локомотив депосының ұжымымен де өтті, карантиндік талаптар сақтала отырып
ұйымдастырылған бұл іс-шараларға 450-ден астам адам қатысты.

Ержан Әбіш

Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырмасы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button