Дін

Тұзаққа түспеудің жолдары қандай?

Ержан Әбіш 

Экстремизм мен терроризм өзінің ауқымы, қарқыны, салдары мен жойғыш күші жөнінен әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Деструктивті ұйымдардың қауіпті аумағына кімдер енеді және бұл қатерлі құбылысқа қалай қарсы тұруға болады?

Дін саласындағы мамандардың түсіндіруінше, террористік актілерді ұйымдастырушылардың басты міндеттері – халық арасында үрей тудыру, жағдайды тұрақсыздандыру, мемлекетке зиян келтіру және құқық қорғау органдарының жұмысын қиындату. Бұл идеяларды жүзеге асыру үшін оларға әртүрлі жастағы адамдар қажет.

Өз қатарларына тарту барысында террористік ұйымдар үшін ең қажет «ресурс» – дінге қызығушылық танытушы 14 пен 22 жас аралығындағы жастар. Сенімге ие бола отырып, олар жастарға әскери қақтығыстар аумағына бару («хижра» жасау) және «жиһад» жүргізу қажеттілігі туралы діни қағидаларды бұрмалап түсіндіруге тырысады.

Егер ұйым қатарына тартушылар үміткердің негізгі мәселелер бойынша олардың көзқарасымен келісе бастағанын аңғарса, белгілі бір тексерулерден кейін оларды террористік ұйымның қатарына қосылуға шақыра бастайды.

«Неліктен жасөспірімдер мен жастар қауіпті аумаққа жиі түседі?» деген сауалға мамандар дәл осы жаста адамдар өздерінің өмірлік көзқарастары мен бағыттарына сәйкес келетін өз тобын табуға ұмтылады деп жауап береді. Өмірден өз орнын таппаған жастардың бір бөлігі маргиналды позицияда қалады, яғни олардың жүріс-тұрысы отбасы, жекеменшік, келешегі бар тұрақты жұмыс сияқты әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсерінен тыс қалады.

Салдарынан олар мектепті тастайды, отбасынан кетеді, басқа қалаға немесе өңірге барып, бір жағынан, еркіндікте, екінші жағынан, әлеуметтік сенімсіздік жағдайында болады. Жас жігіт мобильді бола түседі, яғни эксперименттерге, акцияларға, митингілерге, ереуілдерге қатысуға дайын тұрады. Бұл ретте оның мұндай әрекеттерге әзірлігі материалдық жағдайының нашарлығына байланысты күшейе түседі. Демек, біреу ақысын төлеген наразылық акцияларына қатысуды ол қосымша табыс табу мүмкіндігі ретінде қарастыруы мүмкін.

Өмірден өз орнын табуға тырысу сенімсіздікке, өзінің барлық қиындықтары мен сәтсіздіктеріне кінәлі адамды анықтауға, мүдделес адамдар тобын құруға деген ұмтылысқа әкеп соғады. Осылайша мұндай жастар «кім кінәлі?» және «не істеу керек?» деген сұрақтарға қарапайым әрі нақты жауап беретін экстремистік субмәдениеттің, бейресми бірлестіктің, саяси радикалды ұйымның немесе тоталитарлық сектаның қатарына қосылуы мүмкін.

Жасыратыны жоқ, қазір интернеттегі тақырыптық сайттар, әлеуметтік желілер, чаттар, форумдар мен блогтар арқылы жастарды деструктивті діни ұйымдарға тарту ең танымал тәсіл болып саналады. Соңғы кездері мессенджерлердегі арналар мен қауымдастықтар да белсенді қолданылады. Осылайша, радикалды идеяларды жақтаушылар деструктивті контентті таратады, террористік және экстремистік әрекеттерді жүзеге асыруды талқылайды, сондай-ақ өз акцияларын жоспарлайды, үйлестіреді және насихаттайды.

Мұның бәрі деструктивті діни ұйымдар қатарына тартушыларға әлеуетті кандидаттарды бастапқы іріктеуге мүмкіндік береді, олармен әрі қарайғы қарым-қатынас жекеше түрде жалғасады. Желідегі деструктивті діни ағымдарды жақтаушылардың негізгі қаруы – жалған ақпарат, қорқыту, қоғамдық сананы бұрмалау, ұғымдар мен деректерді алмастыру. Осы ретте «өзіңізді, достарыңызды және жақындарыңызды деструктивті діни ұйымдарға тартушылардан қалай қорғауға болады?» деген сұрақ туындайды.

Бұндай жағымсыз үдеріске қарсы тұрудың бірнеше әдісі бар. Ең алдымен, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және жалпы қоғам күш-жігерін жұмылдыра отырып, интернет кеңістікте де, тікелей жастар топтарында да деструктивті діни ұйымдарға тартудың қаупін түсіндіруі қажет. Құзыретті сарапшыларды тарта отырып, профилактикалық әңгімелер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар өткізу осы мәселе туралы барынша көп адамды хабардар етуге және оны шешудің жолдарын табуға көмектеседі. Жастарды қызықтыратын барлық мәселелер бойынша дін саласындағы сарапшылармен тікелей әңгімелесулер, бейнекөрсетілімдер ұйымдастыру да оң әсерін тигізеді.

Тақырып бойынша объективті ақпарат беру, жалған ақпаратқа анық әрі уақтылы жауап қату, әртүрлі резонанстық мәлімдемелер жасау үлкен маңызға ие. Қоғамда діни және ұлтаралық толеранттылықты, отансүйгіштікті, адами құндылықтардың басымдықтарын қалыптастыру да өте маңызды. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі қызметтің тағы бір бағыты – белсенділерді даярлаудың жүйесін құру, олар кейін мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындары, колледж студенттерімен профилактикалық жұмыс жүргізетін болады.

Түйіндер болсақ, экстремизмнің алдын алу қоғамның табысты дамуының кепілі екенін атап өткен жөн. Сондықтан дін саласындағы мамандардың айтуынша, халықтың барлық топтарын қамти отырып, қоғамда тиімді антитеррористік ойлау жүйесін қалыптастыру қажет. Тұрғындармен, әсіресе жастармен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана азаматтарды деструктивті діни ағымдарға тартушылардан сақтауға көмектеседі.

(Материал облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді).

Сурет kazislam.kz сайтынан алынды

 

Осы айдарда

Back to top button