БілімДін

Ең бастысы – сапа

Ержан ӘБІШ

 Елімізде сапалы діни білімді қайдан алуға болады? Дін саласындағы мамандар еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие? Осы және басқа сұрақтарға біздің мақаламызда жауап береміз.

Қазіргі әлемде түбегейлі әрі ауқымды білім алу өте маңызды. Бұл зайырлы және діни білімге де қатысты. Біз соңғысы туралы айтпақпыз.

Бүгінгі таңда елімізде дінтану және діни білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің деректеріне сәйкес, осы жылдың үшінші тоқсанындағы жағдай бойынша елімізде 13 діни оқу орны жұмыс істеуде, оларда төрт мыңнан астам адам білім алып жатыр.

Оның ішінде ислам бағытындағы 11 оқу орны бар, олар – «Нұр-Мүбарак» университеті, тоғыз медресе-колледж және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру ислам институты. Сондай-ақ елімізде христиан бағытындағы екі оқу орны қызмет етеді, олар: Алматы православтық діни семинариясы және «Мария-ана шіркеуі» епархияаралық жоғары діни семинариясы.

Сонымен қатар отандық және шетелдік талапкерлердің дінтану білімін алу үшін еліміздің Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік мансап университеті, Абай атындағы ҚҰПУ сияқты көпсалалы жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар. Айта кету керек, осы бағыт бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру гранттары жыл сайын бөлінеді.

– Еліміз тәуелсіздігін енді алған жылдары жастар шетелдік діни оқу орындарынан білім іздеді. Бірақ кейіннен Қазақстанда мемлекеттің қолдауымен «Нұр-Мүбарак» ислам университеті ашылды, онда ислам әлемінде жоғары беделге ие Каирдегі «Әл-Азхар» университетінің білікті, сауатты мамандары сабақ береді, – дейді ҚМДБ-ның кеңейтілген алқа отырысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти атап өткендей, жастарды елімізде діни білім алуға ынталандыру қажет. Отандық медресе-колледждердің оқу бағдарламасын жетілдіру мақсатында «Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын» қабылдау жоспарлануда.

– Бүгінгі таңда бізде 12 ғылым докторы, 201 магистрант және жоғары діни білімі бар 1554 бакалавр бар. Өткен жылы «Нұр-Мүбарак» университетінде және тоғыз медресе-колледжде 606 студент оқуын аяқтады. Менің ойымша, бұл  – жақсы нәтиже, – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, діни мамандықтар түлектерінің ел аумағында одан әрі дамуы мен жұмысқа орналасуы үшін жақсы мүмкіндіктері бар. Елдегі мешіттерде, колледждерде, түрлі орталықтар мен дін мәселелерін зерттеу институттарында жеткілікті жұмыс орындары құрылған.

Сонымен қатар бұған дейін Наурызбай қажы Тағанұлы ауылда жас мамандарды діни қызметке тарту бойынша кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын хабарлаған болатын. Оның көмегімен діни білім алған жастар кезең-кезеңімен жұмысқа орналасатын болады.

(Материал облыстық қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді).

Осы айдарда

Back to top button