Дін

Дініміз дұрыс, діңіміз берік болсын

Қызырбек Дүргінбайұлы

Дін – дүмшелік қылсаң діңкеңді құртып, ұйысып отырған ұлтыңның ойранын шығарады. Ал дәстүрге сай ұстай білсе ар мен ұятыңның діңгегіне айналады. Әуелде қазақ діндар болмаса да, дінге берік халық еді. Алайда соңғы жылдары жат ағымдардың арамызға жік салып жүргенін жасыра алмаймыз. Осы бір олқылықтың алдын алу қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Діннің діңіне үңіліп, жат ағымдардың алдын алудың жолын нұсқайтын теолог ғалымдар мен дін өкілдері Өскемен төрінде бас қосты. Облысымыздағы ордалы оқу орындарының бірі – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өткен «Діни экстремизмнің алдын алу: теориясы мен практикасы» атты республикалық форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дінтанушылар қатысып, ой бөлісіп, тәжірибе алмасты.

– Елімізде жат ағымның жетегіне ергендер жоқ деп айта алмаймыз. Біздің мақсатымыз оларды дұрыс жолға салып, санасын тазарту. Бұл тұрғыдан нәтижелі жұмыс жүріп жатыр. Дін мәселесін ханафи масхабы негізінде, ұлттық құндылықпен қабыстыра насихаттап келеміз. Жалпы жат ағымның жетегіне еретіндердің көбі 17-35 жас аралығындағы жастар. Оның әуелгі себебі осы саладағы мамандардың аздығынан болған еді. Ал қазіргі таңда Нұр-Мүбәрәк университетінде, Ислам университетінде грантпен білім алып жатқан мамандар баршылық. Жалпы дін қызметкерлерінің ішіндегі мамандардың  40%-ы жоғары білімді. Ал  28%-ы медресені бітірген мамандар. Дін басқармалары мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, діни экстремизге қарсы бағытта жұмысты күйшейтуді талқылау бүгінгі форумның басты мақсаты. Бізде жат ағым өкілдерінің саны көп облыстар, ондағы мешіттер де нақты анықталған. Әр облыста әрқалай, бірақ  Шығыс Қазақстан ол қатарға жатпайды деуге болады, –  дейді ҚМДБ-ның діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов.

Иә, сақалы ұзарып, балағы қысқарғандарды Өскемен өңірінен көп кезіктіре бермейміз. Сондықтан да діни жат ағым тұрғысынан «жасыл аймақтамыз» деп айтуға толық негіз бар. Десе де сақ болғанымыз абзал. Өйткені еліміз бойынша 2904 мешіт тіркелсе, соның 94-інде жат ағым өкілдері шоғырланғанын арнайы мамандар анықтаған. Қазіргі таңда оларға арналған жеке бағдарлама жасалып, арнайы жұмыс жүріп жатқаны айтылды. Сондай-ақ форум барысында сөз алған теолог ғалымдар мен  дін өкілдері өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, алға қойған жоспарлармен, тәжірибелерімен бөлісті. Құр сөз емес, тұғырнамалық құжаттардағы заңдылықтар да тілге тиек етілді.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұғырнамасында: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз  Жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін  өкілдерімен, дін  жолын    ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп,   ұлтаралық және   конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды» делінген. Бұл тұғырнамада еліміздің салт-дәстүр әдет-ғұрпына қатысты ұстанымдар баяндалады. Сондықтан біз дін тақырыбын жан-жақты қарап талдап, ондағы мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеуіміз керек, – дейді бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы.

Форумға қатысушылар әртүрлі тақырыпта баяндамалар оқып, діни экстремизммен күресудің жолдарын жеткізді. Сонымен қатар дінді дәріптеуде және зерттеуде өзіміздің дүниетаным негізінде қарастыру керектігін де бірқатар баяндамашы баса айтты.

– Шығыс –  еліміздегі ең алғашқы азан шақырылып, қазақ даласына азан үнінің толқыны тарайтын өңір. Шекара шебінде отырған шығыс жұрты үшін діни ахуалдың дұрыс болуы ауадай қажет. Сондықтан дін мәселесіне келгенде біз салт-дәстүр мен қазақы ғұрып, ағартушылық бағытқа көбірек көңіл бөлеміз. Мысалы, біздің өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференция өтеді. Осы ауқымды шараға елімізге танымал тұлғалар, ғалымдар, археологтар, тарихшылар қатысады. Діннің тарихына тереңірек үңілу мақсатында біз де сол конференциядан қалыс қалған емеспіз. Алтай алқабындағы  археологиялық қазба жұмыстарын да қалт жібермей бақылап отырамыз. Ондағы мақсат – дін тарихына қатысты дүние болып қаларма деген үміт. Себебі біз еліміздегі діннің тарихына тереңірек үңіле бермейміз. Ары кеткенде 500-600 жылдық тарихпен шектелеміз. Одан қалса дін туралы айтқанда араб мәдениетін, араб тұлғаларын үлгі ететініміз жасырын емес. Бізде де тілге тиек етерлік діни тарих, тарихи тұлғалар болған. Түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожа түркілер 40 мың жылдық тарихында дінді ұстанғанын өз зерттеуінде жазады. Сондықтан дініміздің тарихын тереңірек зерттеп, оны дәріптеуде ұлттық құндылықпен байланыстыруға көңіл бөлген дұрыс секілді, – дейді Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы.

Иә, расында дін тақырыбын сөз еткенде айтар ой қазақ дүниетаным төңірегінде баяндалса ұлттық тұрғыдан ұтымды болары хақ. Өйткені өзінің ұлттық қасиеттерін білмейтін адам өзгенің мәдениеті мен әдет-ғұрпын бойына тез сіңіріп, жат қылық, жат ағымның жетегінде кететіндігін теолог мамандар тілге тиек етті. Халық санасының адаспауының алдын алуға арналған форум барысында ойға құйып, санаға түйіп алар дүниелер айтылды. Дініміз дұрыс, діңіміз берік болғай.

Осы айдарда

Back to top button