Журналистік зерттеу

Мердігер фирмалардың жайбасарлығынан биыл кейбір мектептердің құрылысы аяқталмай қалды

Облыс бойынша құрылысынан кешіккен әлеуметтік маңыздағы нысандары бар аудандар қатарында Үржар, Күршім, Ұлан, Глубокое, Катонқарағай, Зырян аудандары бар. Бұл жөнінде салаға қатысты өткен жиындарда, аудандарды аралағанда аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ үнемі айтып, тікелей өзінің қадағалауында ұстап келеді. Соның нәтижесінде ғана көптеген құрылыс нысандары мерзімдерінен біршама кешіксе де, қыс түскенше қам қылуға тырысып бақты. Алайда, қыраулы қысқа аяқсыз қалған құрылысымен ұялмай кірген мердігерлер әлі де бар.

Мердігер фирмалардың жайбасарлығынан биыл кейбір мектептердің құрылысы аяқталмай қалдыСолардың бірі – Зырян ауданының Чапаев ауылында 130 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылысын «қарқынды» жүргізіп жатқан «Халиф Гром» ЖШС-нің басшысы Евгений Гао.

Аталмыш 130 орындық мектептің құрылысы былтырғы желтоқсан айында қолға алынған болатын. Онда да қолға алынды дегені тек қағаз жүзіндегі сөз ғана болып, негізгі жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап қана атқарыла бастаған. Жауапты мердігер 2012 жылдың қыркүйек айында нысанды тапсыруға уәдесін бергенімен күні бүгінге дейін мектеп құрылысын сағызша созып келеді. Облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ күзде құрылыстың басында арнайы болғанында мердігер Евгений Гао соңғы рет 2012 жылғы 5-желтоқсанда толықтай бітіруге уәде еткен болатын.

– Мұндай қарқынмен бұл құрылыс желтоқсан айында да бітпейді. Өйткені, қабырғалары әлі толық қаланбаған, алдағы уақытта ғимараттың шатырын жауып, ішін әрлеу қажет. Спортзалын, қазандығын салу керек. Материалдарды алдын ала әзірлеу керек еді ғой. Бұл – барып тұрған жауапсыздық. Сіздердің кесірлеріңізден ауыл балалары жаңа оқу жылында қайтадан ескі мектепке баруға мәжбүр. Басқалардан емес, сол оқушылардан ұялмайсыздар ма?! – деген болатын сол жолы облыс Әкімі.

Ал бүгінде желтоқсан айының бес күні емес, жартысы өтсе де, «баяғы жартас бір жартастың» күйін кешіп тұр сол мектептің құрылысы. Қабырғалары да толық қаланып бітпеген. Ал ішкі және қосалқы жұмыстары туралы сөз қозғаудың өзі тіптен қисынсыз. Зырян аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Ольга Кашунның мәліметінше берілген қаражаттың жетпіс пайыздан астамы ғана игерілген. Ол ұйымдастырушылық жұмыстарының өте нашар жүргізілгенін, құрылысқа қарқын берер дәнекерлеуші, бетон құюшы сынды кәсіби білікті мамандардың жетіспегенін айтады.

– Құрылыс кестеден кешігісімен-ақ, аудан әкімі бас болып, олқылықты түзетуге шара қолдандық. Қажетті құрылысшы мамандарды да тауып бердік. Мен өзім тікелей хабарласып, оған қосымша көмек болатыны туралы айтқанмын. Бірақ, мердігер олардың бәрінен бас тартқан еді, – дейді Ольга Григорьевна.

Евгений Гао болса, құрылыстың созылып кетуіне тиісті мамандардың тапшылығы кедергі келтіргенін алға тартады. Әсіресе, тас қалаушылар мен ағаш ұсталары болмады деп мұңын шағады. Өзі де науқастанып, ауруханаға жиі жатып жүріпті. Алайда, Зырян ауданы әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Николай Игнашиннің бұған айтар өз уәжі бар.

«Құрылыс басында 50-ден артық адам болып көрген жоқ. Біз үнемі бақылап, қарап жүрдік, субмердігер тауып беруге көмектестік. Ол одан бас тартты. Бірлесе жұмыс істеуге құлықсыздық танытты. Колледжден әкеліп, студенттерді де көмекке жұмылдырдық. Қысқасы, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, мүмкіндіктерді бердік. Сондықтан оның қажетті мамандар болмады, жетіспеді деуі шындыққа жанаспайды» дейді ол.

Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл мердігер бұған дейін осындай жауапты ірі құрылыстармен мүлде айналыспаған көрінеді. Бұл жолы оның тәжірибесінің аздығы, құрылысшы ретіндегі біліктілігі жоқтығы анық байқалған.

Жауапсыз мердігерге құзырлы органдар да мейірімділік танытқан жоқ. Сот облыс орталығында тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кестеден кешіккені үшін 15 миллион теңге айыппұл салды. Тіпті, жұмысына немқұрайлы қараған жауапсыз мекеме ретінде лицензиясынан айыру туралы да мәселе көтерілген. Тек осыдан нәтиже шығарса игі.

Бет қатталып жатқанда
Зырян аудандық құрылыс бөлімінің бастығы О.Кашунге қайта хабарласып, құрылыстың жағдайын сұрастырғанымызда әу баста кешіккен құрылыстың облыстық құрылыс басқармасының араласуымен келесі жылға қалдырылғанын естіп, білдік…

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button