Экология

Маңырақ ауызсуға қашан жариды?

Жасырып-жабары жоқ, кейбір шағын ауылдағылар әлі күнге дейін өзен, бұлақ сияқты ашық су көздерін ауызсу орнына пайдаланып келеді. Сол себептен жұртшылық түрлі асқазан, ішек ауруларынан арыла алмауда.

Маңырақ ауызсуға қашан жариды?Мұндай шағын елді мекендерді былай қойып, іргесі 110 жыл бұрын қаланған Маңырақ ауылдық округі орталығының өзінде де жағдай мәз емес. Бұл ауылдағылар тұщы суға жарымай пұшайман болуда. Былай қарағанда осы елді мекеннің іші-сырты түгел су: батыс жақ тұсынан күркіреп Қандысу өзені, ал ауыл көшелерін жарып «Қаратоған», «Қыстаубай» деген тоғандар ағып жатыр.

«Ұста пышаққа жарымайды» деп осындайды айтатын шығар. Жаңа ғасырдың өткен онжылдығында «Таза су» бағдарламасы аясында ауданымызға қыруар қаражат бөлінгенмен, Маңырақ ауылдық округінің орталығы шөміштен қағылып қалған еді.

Ал қазір мұндағы ауызсуға қатысты инженерлік-техникалық құрылыстардың аты болмаса, заты қалмауға айналған. Ақырында ауызсу төңірегіндегі айғай-шу асқына келе 2010 жылы сорғы станциясы жекеменшіктен Ақжар ауылындағы «Су арнасы» мекемесіне өткен екен. Бірақ бұл шарадан кейін де станцияның маңдайы жарқырай қоймапты. Ал «Су арнасы» мекемесі кейінгі жылдары Маңырақ сияқты бірнеше ауылдық округтегі сорғы станцияларын қарауына алып, өндіріс көлемі өскенмен, қаржылық қазаны қарын аштырарлықтай.

Ауылдағы ауызсу жүйесі бұдан 25-30 жыл бұрын салынса да, содан бері күрделі жөндеуден өткізілмеген. Станция арқылы ауылдағы 280 отбасы ауызсумен қамтылып келіпті. Бірақ тұрғындарға күніне 70-80 текше метр ауызсу жіберілуге тиіс болса, ескірген құбырлардың су өткізгіштігінің нашарлығынан оның жартысына жуығы шығынға ұшырайды екен. Ауыл тұрғындарының ауызсу іздеп сабылып, алашапқын болуы да осы себептен.

Енді станцияда жілігі татитын не қалды дейсіз ғой. Онда тек сыйымдылығы 25 текше метрлік су қысымын арттыратын мұнара, әрқайсысы 250 текше метрлік жабық су қоймалары (резервуарлар) ғана қалыпты жағдайда тұр. Ал басқару пульті тозып, құлауға айналған. Бұл нысанның қабырғаларына сызат түсіп, қаусағандықтан жылу ұстамайтын көрінеді. Ал жылу болмаса, қыста құбырлардағы су қатып қалады. Су қатып қалса, бес батпан бейнеттің көкесін сонда көресіз. Мұндағы су қысымы мен оның деңгейін өлшейтін құралдардың тұлдыры да қалмаған.

Станцияға қарасты 7,5 шақырымдық су құбырлары шіріп, айналдырған 32 шүмектің 22-сі істен шығыпты. Елу шақты құдықтың жиырмасының қақпағы қолды болып кеткен. Әрине, бұл құдықтардың қақпағын осы ауылдың адамдары ұрлаған шығар. Сол ұрыларды көрсек те көрмеген, білсек те білмеген болуымыздың бір «жемісі» міне – осы. Сондай-ақ станциядағы төрт сорғының біреуі ғана қалыпты. Оның өзі де қайта-қайта бүлінуден көз ашпай келе жатқан сияқты. Ал су скважинасын үнемі тазартып отыру үшін құзырлы орындардан мамандар шақырту да қол жетпес арманға айналуда. Станция бастығы Ақанай Нұрпейісов:

– Маман шақыртуға қаражатты қайдан табарсыз? Оператор болып істейтін Оралхан Дүйсен екеуміздің әрқайсымыздың айлық жалақымыз небары 20 мың теңге ғана. Бұл қаражатпен отбасымызды асыраймыз ба, әлде қаладан келетін мамандардың жол шығынын өтейміз бе? – дейді.

Сорғы станциясын қамқорлыққа алған «Су арнасы» мекемесінің бастығы Ә.Қариғожин:

– Ширек ғасырдан бері құрылысшы қолы тимеген осы станцияны жаңартып-жаңғырту үшін кем дегенде 150 миллион теңге қажет болып отыр. Келешекте осынша қаражаттың күрделі жөндеу жұмыстарын атқару үшін жер асты су қоры мен оның құрамын анықтайтындай мониторинг жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Қазіргі заманғы талап бойынша су әр үйге кіргізілетіндей жүйе салынуға тиіс. Әрине, ондай ауқымды істер бір күнде біте қалмайды. Оның бәріне қаражат қана емес, уақыт та керек, – деді.

Ал станция бастығы А.Нұрпейісов «Егер осы ауызсу нысандары биылғы жылғы жазда жөнделмесе, алдағы қыста ауылға су берілмей қалу қаупі бар» дегенді алға тартты. Ендеше кеш қалмай тұрғанда бұл істі бір жағына шығару қажет шығар.

Амангелді Жанахмет

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button