Ауылдың айтқыштары

Естіп қойса, сабап кетпей ме!

Естіп қойса, сабап кетпей ме!

Белгілі катонқарағайлық ақын, мұғалім Әлібек Тойғанбаев бүгінде Алматыда тұрады. Өнерге жүйрік, сөзге тапқыр болғанымен, кей-кейде оның да күлкілі жағдайға ұрынып қалатын кездері болып тұрады.
Бірде ол кіші ұлы Азаматпен Алматының көлігі құжынаған бір көшесінде келе жатады. Қалың техника сыймай, кезекпен өтіп жатқан қысаң жерде әлдеқандай бір пысықай жүргізуші лып етіп, алдарына түсіп кетсе керек. Бұған ашуланған Әлекең терезесі тарс жабық мәшиненің ішінде отырып алып, әлгінің жеті атасын жездей қақтап, сыбай бастайды. Тіпті, ұзақ «сыпырған» әкесінің қылығын ұнатпаған Азамат күңк ете қалыпты:
– Әке, терезені жауып алып кіжінгенше, сыртқа шығып, неге естіртіп боқтамайсың?
Сонда Әлібек ұлына жалт қарап:
– Есің дұрыс па, ей? Естіп қойса, сабап кетпей ме! – деген екен.

Сен тапқанды мен де тауып отырмын…

Біздің бір жездеміз сонау аумалы-төкпелі кезеңде жұмыссыз қалып, әжептәуір зеріккен еді. Өмір бойы совхоздың мәшинесін айдап, желмен жарысып жүретін сабаз біраз жыл екі қолы алдына сыймай, қатты дағдарды.
Ал сол кезде бес баламен зейнетке ерте шыққан апайымыздың қадірі аспандап кеткені шындық болатын. Оны жездеміздің өзі де мойындап:
– Бәйбіше, су әкеліп берейін бе? Отын кіргізіп қояйын ба? – деп лыпылдап тұратын-ды.
Уақыты жетіп, жездейдің өзі де зейнеткерлікке ілінді. Табыс таппай, еңсесі төмендеп жүрген «пақыр» алғашқы зейнетақысына да қол жеткізді. Онысын бәйбішесіне табыс етіп, мардамсып отырған кезде апайымыз:
– Әй, шал! Тез барып, бір пләк су алып келші! – демей ме. Сонда анау:
– Керек болса, өзің әкел! Сен тапқан ақшаны мен де тауып отырмын! – деп ажырайған екен.

Бас жазғанша, өлең жазғаны дұрыс емес пе?

Күршімнің түлегі, бүгінде Алматыда тұратын белгілі өнерпаз, таэквондошы Жиынбек Бұлжановтың да есімі талай жерге әйгілі. Бірде ол ағасы Дулатбектің үйіне барса, анау бұлқан-талқан болып, кішірек інілерінің біріне ұрсып отыр екен.
– Не болды? – деп сұрайды Жиынбек.

– Келсін-келмесін гитараны сабалап, ән айтқаны өз алдына, енді өлең кітабын шығармақ болып жүр екен. Ақын емес, кітап шығарған не теңі? Жұрт күлмей ме, ертең, – дейді Дулат қызынып. Сонда Жиынбек:

– Ағеке, сабыр ет. Қайбіреулер сияқты темекі тартқанша, гитар тартқаны, бас жазып жүргенше, өлең жазып жүргені дұрыс емес пе! – деп басу айтқан екен.

Жинастырған – Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button